Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Өнегелі отбасы – өнерлі ұрпақ

Өнегелі отбасы – өнерлі ұрпақ

Ежелден-ақ дана халқымыз «Отан отбасынан басталады» деп, қоғамдағы отбасының құндылығына ерекше назар аударған. Мықты мемлекеттің қалыптасуы үшін әрбір үйдің, әрбір шаңырақтың береке- бірлігі жарасымды, ынтымағы ырысты болуы керек. Үлкенге ізет көрсету, кішіге құрмет қылу – қазақ тәрбиесінің алтын діңгегі. Ықылым заманнан қазақ ұғымында отбасының орны ерекше. Отбасының қамқоршысы мен тіреуі – ер азаматы, шаңырағының шырайын келтіріп, ырысын еселеп, ынтымағын қамтамасыз ететін – адал жары, сол шаңырақты береке мен мерекеге толтыратын бақыты – балалары. Осы ретте «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген қанатты сөздің астарына үңіліп, ақиқатын ақтарып көрсек, бала ата-анасына қарап бой түзейді. Міне, бүгінгі әңгімеміз Шижаға ауылында тұратын ерлі-зайыпты Аязбек Төремұратұлы мен Айгүл Ақтілеуқызының өнегелі отбасы, өнерлі балалары туралы болмақ.
Еңсегей бойлы, ер мінезді, сөзі мен ісі нық азамат, ұстаздар әулетінен шыққан отбасы иесі Аязбек тарих пәнінің мұғалімі болып, балаларды білім нәрімен сусындатты. «Ерін сыйлаған есікте қалмайды» дегендей, жанындағы жарын құрметтеп, балаларына да әкесін бағалауды үйретіп, шаңырағының шырайын келтіріп отырған Айгүл ақылды да байсалды жан. Ол бала тәрбиесімен айналысып, азаматының бабын тауып отырған мейірімді ана. Жарасымды жанұяда ұланақтай үш ұл мен қызанақтай үш қыз тәрбиеленуде. Оларды әкенің ақылы, ананың ақ сүті ақ жолдан адастырмады. Тұңғышы Бекбол арнаулы оқу орнын жол қозғалысын ұйымдастыру мамандығы бойынша бітірді. Айбол Ақтөбе қаласындағы колледжді дене тәрбиесі және спорт мамандығы бойынша тәмамдады. Бірнеше рет аудандық, облыстық және республикалық еркін күрестен жүлделі орындарды еншілеп келеді. Ол еркін күрестен Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне үміткер. Ал Берікбол ұлы биыл 10 сыныпқа көшті. Жақында «Бозторғай» шығармашылық байқауында дәстүрлі ән жанрынан үшінші орын алды. Ол Аралда, ауылда өткізілген терме айтудан жүлделі орындарға ие болып келеді.
Осы тұрғыда шаңырақ иесі Аязбек пен отанасы Айгүл:
– Ең алдымен баланың болашағы жарқын, келешегі кемел болсын деген мақсатта балаларды ата-дәстүр салтымен, рухы асқақ азамат, ибалы да инбатты қыз етіп тәрбиелеуге тырысамыз. Елімізде жанұяға маңызды орын берілген, өйткені адамзат пен мәдени құндылықтардың бұлжымас ұясы отбасы болып табылады.Отан – ортақ үйіміз. Ортақ үйіміздің шаңырағын шайқалтпай, уығын тіктеп, керегесін кеңейтіп, береке-бірлігін ұйыта ұстау – ортақ міндетіміз. Отбасымызда ұлдарымыз ержетіп, қалаған мамандықтары бойынша білім алды. Аллаға шүкір, балаларымыз мәнерлеп оқудан барлық іс-шаралардан қалыс қалмай, биіктерден көрініп, бізді қуантып келеді. Қыздарымыз Нұрлышуақ пен Айлышуақ қаладағы №2 дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатында бірі 9 сыныпқа, екіншісі 7 сыныпқа көшті. Мектепте үздік оқиды, өлеңге де бейімділігі байқалады. Кенжеміз Фарида үшінші сыныпты үздік бітірді. Үш баламыз да өнер мектебінде, екеуі домбыра, біреуі терме айту тобында оқиды,– деді ағынан жарыла.
Қойнауы өнер мен жырға толы қасиетті Арал ауданының Аққұм ауылында 2009 жылы 19 мамырда Нұрлышуақ дүниеге келді. Ата-анасы Нұрлышуақ қызының білімді, білікті, талапшыл азаматша болып қалыптасуына барлық жағдайды жасап, перзентінің бойына асыл қасиеттерді сіңіріп келеді. Алғашқы қадамын «Ақбұлақ» балабақшасынан бастап, бүлдіршін жаңа ортаға тез бейімделіп, көптеген жақсы нәрселерді үйренді. Оқуға құштар өрелі өрен Нұрлышуақ 2016 жылы Е.Көшербаев атындағы №57 орта мектепке қабылданып, мектеп табалдырығынан аттады. Білім алуға алғыр жас бүгінде №2 облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында оқиды. Жас та болса жетістік желкенін керіп үлгерген білімпаз оқушы 2021 жылы Алматы қаласында өткен «Ұрпақтар ұмытпайтын Ұлы Жеңіс» атты өнер байқауында «Аспапта орындаушылық өнері – домбыра» номинациясы бойынша облыс намысын қорғап, ІІ дәрежелі дипломға ие болды, лауреат атанды. «Кемел» өнер-білім орталығының ұйымдастыруымен Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай «Өлең – сөздің патшасы» атты мәнерлеп оқудан өткен республикалық байқауда І дәрежелі дипломмен, әйгілі әнші Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойына арналған «Ақмаңдайлым» атты облыстық ақындар мүшәйрасында облыстық білім басқармасының Алғыс хатын иеленіп, мерейі үстем болды.
Сонымен қатар Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына орай ұйымдастырылған «Әр өлеңі – бір әлем» атты мәнерлеп оқу сайысында мектеп директорының Алғыс хатымен марапатталды. Жасынан өнерге бір табан жақын Нұрлышуақ бірде қасиетті қара домбырада құйқылжыта күй шертсе, бірде мың бұрала билеп, көрерменін тамсандырып келеді. Үнемі ізденісте жүретін Нұрлышуақтың ақындық қасиеті де бар, сондай-ақ өнер мектебінде домбыра сыныбында ұстаздан дәріс алады. Шығармашылыққа жаны құмар талапты жас болашақта балаларға домбырадан дәріс беруді мақсат етіп отыр.
Ал Айлышуақ болса 2010 жылы 13 желтоқсанда өмірге келген. Ол бала бақытын басты орынға қоятын отбасында тәлім-тәрие алып, ақжарқын, кең пейілді болып өсіп келеді. «Ақбұлақ» балабақшасында тәрбиеленген алғыр да қабілетті балдырған, көркем мінезді Айлышуақ апайларының сүйікті бүлдіршініне айналды. Ауылдағы №57 орта мектепке қабылданып, аталған оқу ордасында 5 сыныпқа дейін оқып, бүгінде №2 облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында білімін жалғастыруда. Ол бүгінде көптеген білім сайыстарының жүлдегері. Жалпы білім беру ұйымдарының республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша ІІ орынға ие болған алғыр шәкірт аудан мерейін асқақтатты. 2021 жылы мектеп оқушылары арасында өткізілген «Ұстаз еңбегі өлшеусіз» атты эссе жазу байқауына қатысқаны үшін сертификатты еншілеп, жетістігі еселене түсті. Шығармашылыққа, әдебиетке жаны құмар Айлышуақ Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған сайыста ІІ орынға ие болып, дипломмен марапатталды. Өзі білім алатын мектеп-интернатта ұйымдастырылған «Әдемі жазу да – өнер» атты көркем жазу байқауында ІІІ орынға ие болды. Сонымен қатар мың бұрала билейтін өнерлі жас Арал ауданы жастарынан құралған тобымен бірге облыс төрінде өнер көрсетіп жүр. Өткен жылы республикалық «Ақ шағала» хореографиялық фестиваль-байқауының облыстық кезеңінде жеңімпаздар қатарынан табылған «Шаттық» бишілер тобы ІІІ орынды қанжығасына байлады. Бос уақытында кітап оқып, кесте тіккенді ұнататын Айлышуақ бишілігімен қатар аудандық өнер мектебінде домбыра бөлімінде машықтанып келеді. Кішкентай кезінен өнерге, білімге құштар жас өрен ағымдағы жылдың мамыр айында жалпы білім беретін пәндер бойынша 5-6 сынып оқушыларына арналған республикалық олимпиадаға қатысып, білім бәсекесінің қорытындысы бойынша дарынды оқушымыз күміс медальді еншілеп, аудан мерейін өсірді. Талантты өрен өз болашағын ұстаздықпен немесе би өнерімен байланыстырғысы келеді. Арманы асқақ өрендердің алдағы жоспарлары орындалып, биік белестерді бағындырары анық.
Әр балаға шынайы махаббатпен берілген тәрбие оны жетістікке жетелейтіні анық. Осындай ата-ана мен ұстаздар тарапынан ықылас пен мейірімге бөленіп отырған баланың болашағы жарқын болары сөзсіз. Осы тұрғыда анасы Айгүл:
– «Жас келсе іске» дегендей, жастық жігер мен күштің сипатын бүгінгі жастардан көре аламыз. Өткен жылы Қызылорда қаласында "Жалынды жастар" атты энциклопедиялық кітап жарық көрді. Онда жас өрендердің білімділігі, ақыл-парасаты, таланттары мен дарындылығы арқау етілген. Міне, осы кітапқа перзенттеріміз Нұрлышуақ пен Айлышуақтың есімі енгені қуанышымызды арттыра түсті. Балаларымыздың өнердегі, білімдегі жеткен жетістіктері бізді әрдайым шаттық сезіміне бөлейді. Нұрлышуақ пен Айлышуақтың осындай білім бәсекесінде жетістікке жетулеріне, өнерлі болуына септігін тигізген алғашқы білім нәрімен сусындатқан №57 орта мектебі мен аудандық балалар өнер мектебі және №2 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей интернатының ұстаздарына алғысымыз шексіз, – деді тебіреніске толы кейіпте.
Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағының кепілі. Әр бала атаның қанымен, ананың сүтімен келетін туа бітті қасиеттер сияқты ұлттық рухани құндылықтарды да ең алдымен отбасында ата-ананың тәрбиесімен бойына сіңіретіні анық. Біз де бүгінде «отбасы» деген бақыттың ұясын жылылыққа толтырып, түтінін түзу ұшырып, киелі шаңыраққа ие болып отырған асыл жандарға қажымас қайрат, ұзақ ғұмыр тілейміз. Шаңырақтан шаттық пен қуаныш шуағы үзілмесін, балалар бақытына бөлене беріңіздер дейміз.
К. МАХСҰТ 
10 маусым 2023 ж. 496 0