Толқында өткен бір белес
«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген Ахмет Байтұрсынұлының сөзі бүгінде барша баспа өкілдерінің ұранына айналған. Расында арқалағаны алтын, жегені жантаққа айналған қаламы жүйрік қауым үшін қашан да халықтың сөзі, үні олардың басты қаруына айналған. Қаруды қастыққа емес, керісінше халық пен билік арасындағы достыққа жұмсаған журналистердің қоғамдағы орны ерекше. «Журналистика қоғаммен бірге өмір сүріп, қоғаммен бірге тыныстайды. Қоғам тірлігінің тамыры қиылса, журналистика да бітіп тынады» деген Н.Михалковскийдің де сөзі де осыған саяды.
Міне, осындай мәртебелі мамандықтың бәсі қай уақыттан бері биік. Әсіресе мерзімді баспасөз құралдарының қаламгерлері аса құрметке ие болған. «Адамды ит қауып алыпты» деген жаңалық емес, «Адам итті қауып алыпты» десең, жаңалық» деп жүрген бүгінгі уақыттың ағымына ілесіп, жалған ақпаратты жария еткен блогерлер мен журналистер арасындағы айырмашылық жер мен көктей.
Қазіргі уақытта ғасырға жуық тарихы бар «Толқын» газетінде осы салмағы ауыр саланың өкілі болып еңбек ететінімді мақтанышпен айта аламын. Десе де тұлпар жалғыз шапқанмен бәйге алмайтыны белгілі. Тілшілікке алғаш бет бұрғанымда талабымды байқап, батасын берген жандар аз болмады. Әсіресе осы салада ұзақ жылдар бойы қызмет атқарған Оңдасын Бектұрғанов әркез ақылын айтып отырды. «Баланың жақсысы нағашыдан» деп жиі айтып отыратын ол 1941 жылы Арал ауданы, Бөген ауылдық кеңесінде туған. 1963 жылы Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетін аяқтап, аудан мектептерінде алты жыл мұғалім болып қызмет атқарғаннан кейін 1970 жылы Арал аудандық «Толқын» газетіне әдеби қызметкер болып қабылданды. Арада бір жыл өткенде бөлім меңгерушісі, ал 1975 жылы жауапты хатшы қызметіне жоғарылатылды. 1987 жылы аудандық баспаханаға директор болып бекітілген Оңдасын Бектұрғанов зейнеткер демалысына дейін абыройлы еңбек атқарған. 1986 жылы Арал ауданында қалыптасқан экологиялық жағдайды зерттеп, «Арал тағдыры – адам тағдыры» атты тұрақты рубрикамен толғақты материалдар жазуына байланысты Қазақстан Журналистер одағы сыйлығына ие болған ардагер журналистің ерекше қасиеті – талантты ерте жастан тануы. Қазірде қазақ қоғамында айтулы орны бар көптеген тұлғалардың тырнақалды туындыларының «Толқын» газетінде жарық көруіне ықпал жасағандығын сөзінен анық аңғаруға болады.
–Қазақстан Президентінің кеңесшісі болып тағайындалған филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Бауыржан Омаровтың алғашқы туындылары «Толқында» жарияланған уақыттарда мен қызметте болғанмын. Оның қабілет-қарымын байқап, кеңесімді де айттым. Сол сияқты қазірде республикаға танымал Сәмен Құлбарақовтың да мақалаларын газет бетіне басып жүрдім. Кейіннен журналистикада оның да өзіндік қолтаңбасы қалды. Ал Қуаныш Жиенбаев та – Арал жұртының ардақ тұтар азаматтарының бірі. Қуаныштың да газетке басылған алғаш мақалаларына қолдау білдіріп, қаламды жанына серік етуіне үлесім болды. Қазірде талай биікті бағындырған азамат. Міне, елден шыққан осындай азаматтар әлі күнге дейін хабарласып, «ағалап» жағдайымды сұрап тұрады, – дейді.
Иә, адамға абырой мінбер арқылы емес, мінез, адалдық, азаматтық арқылы келеді. Қызметтік жылдарында осындай қасиетімен көптің көңілінде сақталған Оңдасын Бектұрғанов қазірде ұрпағының қызығына бөленіп, Аралдан шалғайда тұрса да, жүрегі әркез Арал деп, «Толқын» деп соғып тұратынын да жиі айтып жүреді.
О.ЖОЛДАСОВ