Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ел ағасы һәм құрметтісі

Ел ағасы һәм құрметтісі

Бауыржан Момышұлы атамыз батыр ғана емес, өмірден түйгені көп ақылман, философ адам болғанын білеміз.Ол қарттарды «Шал – бала-шағасы мен әйеліне әмірін жүргізе алмай, көсеумен от сабалап, шала бықсып отырған адам.Қария – айтар сөзі бар, ауылына өтімді адам. Ақсақал – аймақты аузына қаратқан абыройлы адам.Абыз – халқының қамын ойлап қабырғасы қайысып, елінің мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын адам» деп бағалаған екен. Батыр атамыз айтқандай, әділдікті хақ жолы деп білетін, имани гүлдің негізі ретінде сүйетін қандай жағдай, нендей қысымға ұшыраса да ақиқаттан айналып, әділдіктен таймайтын, халқының қамын ойлап қабырғасы қайысып, елінің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, сөзі мен ісі, мінезі мен күллі өмірі әділеттен құралған абызақсақалдың жолын қуған азаматтарымыз аз емес.Осындай абыз ақсақалдың бірегейі, айналасына, өзіне қаншалық жоғары талап қойса да, жан-жағына кешіріммен қарайтын мейірмандығы, қарапаймдылығын өзінің қанатым деп түсінген, кез келген жетістігін Жаратушының жәрдемі деп білетін, тектілікті ту еткен, үлкен жүректі елін сыйлаған, елі ардақтаған,бірнеше марапаттардың иегері, «Арал ауданының құрметті азаматы» Әбілбай Садықбайұлымен таныссақ.
Әбілбай Садықбайұлы 1941 жылы 21 қаңтарда Райым ауылдық кеңесіне қарасты Ескіұра елді мекенінде дүниеге келген. Әкесі Садықбай Сабырбайұлы мал өсіру шаруашылығымен айналысқан.Айналасына әрдайым қуаныш сыйлаған, көркем мінезді, кез келген кісінің көңілін таба білетін, жаны жайсаң мәмілегер, елдің құрметтісі, айтары бар ақсақал болған екен. Анасы Ағира Балманқызы дүниеге перзенттерін әкелген алтын құрсақты ана болған.Ағира әжеміз өте сұлу, көрікті болған екен. Балаларының алды атқа шауып жүргенде, қалғандары да атпен жарысып, жақсы қылықтарымен жұрттың көзіне түсіп, тіл-көзден 8-і жастай шетінеп кетіпті. Сол 11 перзентінен қалған үшеуі Әбілда, Айзада, Әбілбай екен. Ағира әжеміздің ошағы оттан түспеген, босағасы қонақтан арылмаған, жақындарын жақындастырып, өнегелі өмірі көпке үлгі болған деседі.Әбілбайдың әкесі малшы болғандықтан 4 кластыбітіргенге дейін Ескіұра, Райым, Ақбай,Тоқабай мектептерде оқып, 5 кластан бастап Қамбаш мектебінде оқуын жалғастырып, бірде интернатта, бірде ағайын-туыстардың үйінде жатып оқыған. №21 Қамбаш орта мектебін 1959 жылы бітірген. Алғашқыеңбек жолын Сольтрест тұз комбинатында жұмыс істеп,1961 жылы Шымкент кооперативтік техникумына түсіп,оны 1963 жылы бухгалтер мамандығы бойынша бітірген.1963-1980 жылдар аралығында Ұялы, Бөген,Қарақұм, Қамбаш тұтыну кооперацияларында,универмагта бас бухгалтер болып, есеп-қисаптың жүйрігі атанып, абыройлы еңбек еткен.1980-1986 жылдары Қамбаш рабкоопының басқарма төрағасы,1986-1989 жылдары Арал тұтынушылар одағында басқарма төрағасыны бірінші орынбасары 1989-1998 жылдары Арал рабкоопының басқарма төрағасы қызметін абыроймен атқарған.Әбекең есеп-қисаптың жүйрігі ғана емес, әртарапты біліктілігінің арқасында баспасөз қызметінде ойдағыдай атқара білді.Басшы болып қызмет еткен жерінің бәрінде жаңадан дүкен салдырған. Қамбаш, Шижағада сауда орталықтарын салдырған. Мекеме жанынан қосалқы шаруашылықты да ұйымдастыра білген. Мекеме қызметкерлері де бау-бақша,мал өсірумен де айналысуына жәрдем жасаған.1998-2004 жылдары «Қазбаспасөз» АҚ Арал-Қазалы ауданаралық бөлімшесін басқарды. 2004 жылы «Бейнет пен зейнет қатар жүреді» демекші, 2004 жылы құрметті демалысқа шықты. Зейнетке шықтым деп пештің қуысында қалған жоқ. Халықаралық «Дала» журналының Қызылорда, Ақтөбе обылыстары бойынша меншікті тілшісі, облыстық «Ел тілегі» газетінің ақылдастар алқасының мүшесі, 2004-2021 жылдарда қоғамдық негізде Арал қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы болып сайланды, жұмсақ тілді адамның жаратылысына сай екендігі, сол себепті ең күрделі мәселелерді де жұмсақ тілмен шешуге болатындығы ақиқат. "Жұмсақ тіл мен көркем мінез – Құранның ұстанымы" демекші, Әбілбай ағаның жұмсақ тілі мен көркем мінезінің арқасында қала ардагерлерін жанына топтастыра білді. Ақын, философ әл-Фараби «Адамның денесінде сырқат болса дәрігер емдейді, ал қоғамда болатын сырқат үлкен кесел болады» деген екен. Сол айтқандай, қоғамымызда болып жатқан жастар мәселелері, рухани құндылықтарымыз, басқа да келеңсіз жайттар, той-тобырдағы,өліктерімізді жайғарудағы ысырапшылықтар туралы пікірлесіп отыру дағдыға айналған еді. Бір сөзбен айтқандаӘбекең қала ардагерлерінің ағасы іспетті болды десе дегендей. Қазіргі кезде де үлкен жиындарға қатысып, түйткілді мәселелерді шешу жолдарында ақыл-кеңесін аяған емес. Біткен іске «Бәрекелді» деп шабыттандырып батасын беруәркез Әбілбай ағадан табылады.
Әбілбай Садықбайұлының ерен еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Қызмет атқарған жылдары аудан, облыс, республика көлемінде Алғыс хаттар, дипломдармен, грамоталармен марапатталған.Бірнеше рет облыстық тұтынушылародағы мен облыстық кәсіподақ ұйымының кеңес, пленум мүшесі болған.Ауылдық кеңестер мен Арал қалалық кеңесіне бірнеше мәрте депутатболып сайланып, халық қалаулысы ретінде сайлаушылардың өтініш-ұсыныстарын жоғары мінбеден айтып, оның нәтижелері де болған еді. «Бесжылдықтың жеңімпазы»белгісімен бірнеше мәрте,«Кооперация үздігі», «Еңбек ардагері» медальдары омырауында жарқырауда.2014 жылы желтоқсан айында қоғамға жасаған елеулі еңбегі ескеріліп, «Арал ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.Бұл құрмет Ә.Садықбаевтың еңбектегі маңдай терінің қайтарымы іспетті болды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылордаға 2019жылы 14мамырда келген. Мемлекет басшысымен кездесуде облыс ардагерлер атынан Аралдың экологиялық мәселелері туралы сөз сөйлеген Әбілбай Садықбаев өз сөзін былайша түйіндеген. «Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары Елбасының алдында Қызылорда облысын тарату және Арал халқын басқа аймаққа көшіру мәселесі тұрды. Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев Аралдың болашағын болжап, ғасыр жобасы атанған –«Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасын жүзеге асыру жөнінде тарихи шешім қабылдады.Елбасының қолдауымен кеткеніміз келіп, тартылған теңізіміз толып, несібеміз артты. Ата кәсібімізді жалғастыруға мүмкіндік алдық.Кезінде Аралдан үдере көшкен балықшылар атамекенге қайта оралды. Біз Сізге болашақта Солтүстік Арал жобасының толыққанды іске асуына қамқоршы болады деп сенім артамыз. Ел Тәуелсіздігінің тұғыры биіктеп, тұлымды ұлдарымыз туымды азамат, бұрымды қыздарымыз бақытты ана болып, Алаштың ұрпағының алтын ғасыры орнасын! Ұлттың тұтастығын, ұрпақтың амандығын арттыратын еңбектеріңіз берекелі болсын!» деп батыр атамыз айтқандай халқының қамын ойлап, қабырғасы қайысып, елінің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған Әбілбай Садықбайұлын нағыз абыз ақсақал десе жарасады.
ХІХ ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың басында Сыр өңірінде өмір сүріп, өзінің кемел болмысымен, зерделі сөзімен «Тілді би» атанған Жетес бидің есімін насихаттау мақсатында 2005 жылы «Жетес би жылы» деп аталды.Жетес би бабамызды оқу орындарында, ұжымдарда жыл бойы өмір жолдары, ұлағатты, тапқырлық сөздері насихатталып өтті.Жетес би бабамыздың еңселі ескерткіші жасалып, орталық мәдениет үйінің ауласына орнатылды. Ә.Садықбаев «Жетес би» атындағы қоғамдық қордың төрағасы болып,басшылық жасауының нәтижесінде атамыздың бейіті жаңартылып,«Батыс Еуропа – БатысҚытай» көлік дәлізінің бойына ескерткіш орнатылып, ат шаптырылып, мәңгі есте қаларлықтай жұмыстар жүргізілді. Осындай игілікті істердің басында Әбілбай аға болғанын айта кеткен жөн болар. Айта кететін бір жайт, сол жылдан бастап жыл атаулары беріліп, тақырыпқа сай жылма-жыл ескерткіштер мен алаңдар бой көтеріп жатты. Бұл жерде ауданымызды 10 жыл басқарған Нәжмәдин Мұсабаевтың іскерлік қабілетін айта кеткен жөн деп санаймын.Сол кездері салынған ескерткіштер мен алаңдардың бүгінгі таңға дейін өткенімізді еске түсіріп, қаламыздың ажарын ашып, көрік беріп келеді.Сырттан келген қонақтарымызға мақтанышпен көрсетіп келеміз.
Адамның мәнді де, сәнді де өмір сүруі оның отбасына, қосағына тікелей байланысты.Жар таңдауда жолы болған адам бақытсыз болуы тиіс емес.Демек, Әбілбай аға да жар таңдауда маңдайлы болды.Ұялыда қызметте жүргенде Ұялының ару қызы Қамқа Алдабергенқызымен танысып,1965 жылы 25 шілдеде үйленіп отау құрды.Қамқа келін болып түскеннен-ақ құрған отауларының тынысын кеңейтіп, ұрпақ шашып, киелі шаңырақты жұмаққа айналдырып, барлық өмір белестерінен сүрінбей өткен, өз ұясынан және ата-енесінен өнеге алған, қай кезде барса да қонақжайлы, дастарқаны жаюлы, алтын құрсақты ана екенін дәлелдеген. Оның атасын 82 жасына дейін, енесінің 86 жасына дейін жағдайларын жасап, төсектерін қалың салып сүйікті астарын уақытылы әзірлеп, жағаларына кір шалдыртпай, жылы сөзімен ата-енесінің қас-қабағына қарап, дана келін болғаны баршаға аян. Қамқаның ана сүтімен дарыған жайсаң мінезі, келіндерінің ақылшы ұстаз – тәлімгері екеніне тәнті боласың. «Басында бұлағы бар өзен ұзақ ағады» дейді халқымыз. Әбекеңнің адамгершілігі мен Алла тағаланың берген жайсаң мінез-құлқы, турашылдығы ешкімге жалтақтамай айтар сөзін айтуы, даналық сөздің мол қорын жұртшылыққа айта білуі, сонымен қатар оларды тыңдай білуі Әбекеңе жарасатыны сөзсіз.Шежірені де жіптіктей етіп тарқатып беру де Әбекеңнің бойынан табылады.Олай дейтінім, Садықбай атаның анасы Жазық апа Көлімбет аталығының қызы екен. Мен де Көлімбет аталығынан болған соң мені түп нағашым деп «Үлкен нағашым» деп жасы үлкен болса да, кездескенде орнынан тұрып, сәлемдесуінің сыры осында. Бұл Әбекеңнің «Нағашыңды сыйла анаңның емген сүті үшін, әйеліңді сыйла балаңның емген сүті үшін» деген бабаларымыздың ұлағатты сөздерін басшылыққа алып, нағашыларына жасаған үлкен құрметі деп түсінемін.
«Босағаңды алтыннан соқсаң да,бала сүймей мейірің қанбас» деп бабаларымыз айтып өткендей, дүниеге 10 перзентін әкеліп,босағаларын алтыннан соқтырды бала сүйіп, мейірімдерін қандырған, мерейлі отбасын құра білген жайсаң жандар екені белгілі. «Алла өзі береді, қажет болса өзі алады» дегендей, үш баласы тіл-көзден жастай шетінеп кетті. Міне, Әбілбай мен Қамқадан тарап,осы екі қайнардан қанып ішіп, мейірге шөлдемей өскен 2 ұл, 5 қызы бір-бір шаңырақтың иесі бола білді.Тұла бойы тұңғышы Сәкен Әбілбайұлы 1971 жылы қаһарлы қыстың қаңтарында дүниеге келген.Өткен өмір бір белес десек, қысқа ғұмырын құнды еткен Сәкендей текті перзенттің мағыналы өмір белесін бір шолып өтсек. Еңбек жолын 1993 жылы Арал аудандық агроөнеркәсіп бірлестігінде зоотехник болып бастаған. 1994-1996 жылдары аудан әкімі орынбасарының референті,1996 жылы Арал аудандық басқармасында зоотехник,1998-1999 жылдары "Казахинстрах" сақтандыру компаниясының Арал ауданындағы өкілі, 1999-2011жылдар аралығында Арал ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру және кадр жұмысы бөлімінің жетекші маманы,бас маманы және бөліммеңгерушісі қызметтерін атқарды.2011-2014 жылдары Арал қаласы әкімі аппаратының жетекші маманы, 2014-2017 жылдары Арал қаласы әкімі аппаратының бөлімше басшысы қызметін атқарған. 2017 жылғы 15 мамырдан өмірінің соңына дейін Аралқұм ауылдық округінің әкімі қызметінабыроймен атқарды. Міне, осындай қызметтердің барлық баспалдақтарынан абыроймен өткенін және қай қызметте болса да өшпестей із қалдырған азамат екенін айтып өткенді жөн көрдім. «Қойыны суық қара жер қақпанды қайда құрмайды, түсі суық сұм ажал, сұр мергендей ойнайды» дегендей, 2021 жылы 4 ақпанда дүниеден өтті деген суық хабарды естігенімізде Аралдың бір жарық жұлдызы ағып өткендей әсерде қалдық.«Жазмыштан озмыш жоқ. "Ажал айтысатын дау емес, алысатын жау емес. Адам істеген қорлық емес, Алланың ісі зорлық емес. Алла пұлсыз жаратады, құнсыз алады" деп ақындарымыз айтқан. Алланың үкіміне не шара?Пенде болғансоң көнбеске амал жоқ. «Орнында бар оңалар» демекші, Сәкеннің артында қалған адал жары Ғалия Тиыштыққызы шаңырақтың отын өшірмей Сәкеннің салып кеткен сара жолын жалғастыруда. Сәкен әкелерінің мұратын жалғастырушы Абай, Қуаныш,Жанарыс, Шыңғыс болса Сәкен қайтқан соң тура бір жыл өткенде 2022 жылы 4 ақпанда Сартай атты немересі дүниеге келді.Сәкеннің тұңғышы Абай мемлекеттік қызметте, Қуаныш Қармақшы ауданында аймақтық инспекцияның бас маманы, Жанарысы мектепті «Алтын белгімен» бітірген Сүлеймен Демирел университетінің студенті. Шыңғыс –мектепте, оқу озаты. "Көк сүңгі көксегенмен қолға түспеді, қамшыда болады ғой жауға жарақ" дегендей,Сәкендей көк сүңгіні көксегенмен, ал оның ұрпағы ата-бабасының өмір жолдарын жалғастырып, қоғамда өз орындарын тапқан абыройлы азаматтар болып жетілуде.Гүлнәр – оқушылар үйінде жасжеткіншектерге өнердің алғашқы баспалдақтарынан дәріс беретін саңлақ ұстаздардың бірегейі. Гүлмира, Ақмарал –өз мамандықтарының білгірі болған ұлағатты ұстаздар. Мейрамкүл бухгалтер болатын, ортасына сыйлы болған Мейрамкүл 2009 жылы науқастан қайтыс болды. Розасы – адам денсаулығының сақшысы, ақ халатты абзал жан. Әліби Әбілбайұлы педагогика саласында ойып орын алған, қатардағы мұғалімнен бірнеше мектеп басшылығын абыроймен атқарып жүрген білімді ұстаз, білікті басшы екенін білеміз.Қазір ауданымыздың білім ордаларының бірегейі №220 орта мектеп директоры болып, аудан, облыс көлемінде оқу-тәрбие жұмыстары жөнінен алғашқы орындарда екенін ардагер ұстаз ретінде жақсы білемін.
Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы «Балалардың шат күлкісінен, айқай-шуынан артық сазды әуен жоқ» деген екен. Бүгінде өздерінен тараған ұрпағынан 18немере, 3 шөбере сүйіп, олардың сазды әуеніне кенеліп отырған Әбілбай ата мен Қамқа әжей бақыт құшағына оранған қазыналы қариялар деуге толық негіз бар.«Әр адам – бірәлем, әр адам – қазына аралы» деп жатамыз,Әбілбай ағаның қазына аралы қазақы салт-дәстүрге, рухани құндылықтарымызға өте бай. Осы мақала жазу барысында Әбекеңнің қазынааралын толық араладым деп айта алмаймын.Ортасына жетсем де оған да шүкір, Әбекеңнің қазына аралы ұрпақтан ұрпаққа жалғасын тауып,Қамқа мен екеуіне Алла қуат беріп, көрген қызықтарынан көретін қызықтары көбейсін дей отырып, отбасына амандық, өздеріне зор денсаулық, әдемі қартаюдың өнеге үлгісін кейінгі ұрпағыңа еге беріңдер деген тілегімді жеткізгім келеді.
Аманжол ЖОЛМАҒАМБЕТОВ,
Арал қаласы
15 шілде 2023 ж. 471 0