Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі

Қайраткер

Кемел адам – ең әуелі өзін тани алған һәм тіршіліктің түпкі мәнін түсіне отырып, Жаратқанның қалауы мен үкіміне сай ғұмыр сүруге талпынған имани кемел, танымы терең түлға. Ол дүниедегі себеп-салдар заңдылықтарын мүлтіксіз орындайды һәм барлық істің нәтижесі Алладан екеніне шүбәсіз сеніп, шынайы тәуекел етеді. Жүрегі мейірім мен махаббатқа, ар мен ұятқа, әділет пен ынсапқа толған, көңіл айнасын, жүрек тазалығын барынша сақтай білген кісі. Жүрегіне зәредей күнә дағы қонса, оны бірден көз жасымен жууға асығатын шынайы тұлға иесі. Кемел адам әділдікті хақ жолы деп біледі, имани гүлдің негізі ретінде сүйеді. Қандай жағдайға, нендей қысымға ұшырағанда ақиқаттан айнып, әділдіктен таймайды. Масылдықты ұят санайды. Қол қусырып отыруды ар көреді, намысын биік ұстайды. Тапқанын көппен бөлісе алатын мәрт мінезді жомарт жан, деген көптің ой-пікірлеріне сүйене отырып, "Кемел адам кім?" деген сұраққа, мен кемел адамның қатарына қарапайым балықшылар отбасынан шыққан, Қазақ ССР Балық шаруашылығының экс-министрі, Қазақстан Республикасы Орталық Комитетінің мүшесі болған, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасының өндірісіне еңбек сіңірген қайраткер, Қызылорда облысы және Арал ауданының қүрметті азаматы, жоғарыда айтылған кемелдену жолындағы айтылған қасиеттерді бойына сіңіре білген, кемелденген тұлға Құдайберген Саржанов аға деп айтар едім.
Құдайберген Саржанұлы 1937 жылы күз айында Аманөткел ауылдық кеңесіне қарасты Қарамойын елді мекенінде дүниеге келген. Әкесі Дүйсенбайұлы Саржан ата кәсібі балық шаруашылығымен айналысқан екен. 1904-1910 жылдары Аманөткелге оралдық 40 шақты отбасы көшіп келіпті. Олар балық аулау кәсібін жақсы меңгерген орыс көпестері жергілікті халыққа балық аулаудың қыр-сырын үйретеді. Саржан ата да 5-6 үйлі орысы бар, полягі бар отбасылармен достық қатынаста болып, үйіне азын-аулақ тамаққа шақырып, қонақ етіп, жатсынбайтын қонақжай, елге сыйлы ақсақал болған деседі. Анасы Ұлмекен Құлдыққызы үй шаруасымен қатар өнегелі отбасының отанасы, жаны жайсаң көптің анасы болған екен. Осындайда мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелді Әбіш Кекілбаевтың анасы Айсәуле туралы: «Әбіштей ұл туып, оған жел соқса – ық, күн түссе – көлеңке болып жүріп өсірген, сөйтіп жүріп ұзақ жасаған Айсәуле анам мен үшін нағыз ердің ері» десе, ал ұлы Абайдың әжесі Зере: «Мен Құнанбайды бір күн дәретсіз емізіп көргем жоқ және омырауымды тазалап жумай, бісміллә айтпай емізген кезім болған жоқ" деп айтып жүріпті. Сол секілді Ұлмекен анамыз да Құдайбергендей перзентін қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, балапандай баптап, жұмыртқадай шайқап Құдайбергендей алып тұлғаны дүниеге әкеліп, өнегелі өмір баспалдағынан өткізген Ұлмекен анамыз осал болсын ба?! Зере әжеміздей, Айсәуле, Ұлмекендей аналарымызды қалай ардақтасақ та жарасымын табатыны сөзсіз.
Әкесінің қанымен ғана емес, ананың сүтімен де дарыған қасиет туралы бір мысал. Малайсары би қол бастаған көсем, сөз бастаған шешен Сырым бабамызға: «Әй, Сырым, сенің әкең Дат қой аузынан шөп алмайтын қой торының өзі еді, сенің анаң күндіз келген жиырма кісіні, түнде келген жиырма кісіні аттан түсіріп қарсы алып, қонақ қылып аттандыратын қайратты, өр текті адам еді. Сен кімге тартып туғансың" деген екен. Сонда Сырым батыр «Уа, әулие биім, күндіз жиырма мен түнгі жиырма адамды қосқанда қырық болады, "қырықтың бірі – Қыдыр" деген, ендеше анам әулетке құт пен Қыдыр дарытайын деген екен ғой» деп жауап қайтарыпты. Қазіргі кезде текті ата-анадан өмір есігін аттап, ел басқарып жүрген тұғырлы тұлғалар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, мәдениет пен өнер майталмандары аз емес. Оларға мұндай қасиеттер тек ата тегінен ғана емес, сонымен бірге анасы жағынан да берілгенін бүгінгі генетика ғылымы толық анықтап бере алады екен
Құдайберген аға ауданымыздың білім ордаларының қара шаңырағы атанған Т.Г.Шевченко атындағы №13 мектептің түлегі ретінде мектеп тарихында есімі алтын әріппен жазылған. Оның өмір жолын насихаттау кім - кімге де мақтаныш. Өзім де сол мектепте оқып, отыз жылдан астам ұстаздық еткенімде Құдайберген ағаның өмір жолын ашық тәрбие сабақтарында жас ұрпаққа насихаттау бас тақырып болатын. Үндістанның премьер-министрі болған Джавахарлал Неру: «Мейірім шуағы кең халықтың перзенті болудан асқан бақыт жоқ. Сол халық – қазақ халқы. Елінің өткенін ұмытпай, келешегі үшін қалтқысыз еңбек еткен перзенті бар халық та бақытты. Сол тұлға Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев» деп баға берген екен. Міне, Д.Қонаевтай біртуар тұлғаның Арал топырағынан жаралған Құдайберген Саржанұлын таңдап, 1983 жылы Қазақ ССР Балық шаруашылығы министрі етіп тағайындап 10 жыл бойы еліміздің балық шаруашылығын өркендету жолында сүбелі үлес қосып, абыройлы еңбек еткені жерлестері, біз үшін де үлкен мақтаныш. Бір-жар деректерде Министр болған кезінде үкіметтің делегациясын басқарып Вьетнам Социалистік Республикасына арнайы сапармен барып, бір айдай қызмет етіп, сол мемлекеттің орденімен марапатталып қайтқан екен. Басқа да ірі-ірі тапсырмаларды орындай жүріп, денсаулыққа пайдалы балық түрлерін қамтамасыз ету мақсатында әлемнің сегіз теңізі Арал, Каспий, Азов, Қара теңіз, Балтық, Охот, Япон, Оңтүстік Қытай теңіздерін аралап, көргенін ойға тоқып, жетпіс күн, жетпіс түннің арпалысына қатысқан аталарымыздың ұрпағы екенін мақтанышпен айтқан жөн болар еді.
«Жер – ата-бабадан қалған қасиетті қоныс, қазақтың болашағы алтын қазынасы. Тал бесік пен жер бесіктің арасындағы ғұмырыңның ұясын қорға, топырағын былғама, суын улама» деген аталарымыздан қалған насихат бар. Бабалар айтқандай, Құдекең де қандай қызметте жүрсе де кіндік қаны тамған ата қонысын «Туған жерім –алтын бесігім» деп Аманөткелді жүрегінің түпкіріне сақтап, ешқашан естен шығармаған екен.
1970 жылы "Аралбалық" өндірістік бірлестігінің бас директоры кезінде ешкімнен тайсалмай Аманөткелде тоғанды балық шаруашылығын ұйымдастырып, Мәскеуге дәлелдеп, сол жердегі жұмысшылардың айлық еңбекақысына 50 пайыз қостырған Сырдарияның арғы бетінен Суық көлдің қасынан құс фермасын ашып, айналасына алма, алмұрт ағаштары отырғызылыпты. Министр болып тағайындалғаннан кейін де Аманөткелге мектеп, мәдениет саласында, басқа да құрылыстарды салдыру үшін де тер төгіп, оның нәтижелері де болған. Айта кетуге тұрарлық нәрсенің бірі ол – Аманөткелден құрылыс ПМК-4 мекемесін ашу үшін Алматыдан асып, Мәскеудегі Одақ министріне мәселені 1-2 жылдай ізінен қалмай, ақыры Одақ министрдің қолымен "Аманөткелде ПМК-4 ашылсын" деген қаулыны шығартқан. Аманөткелдегі бұрынғы ағаш паромның орнына 22 бас темір қайық паромын салуға қол жеткізіп, еш жерде болмаған су жаңа техникалардың фондасын сонау Мәскеуден алдыртқан екен. Жоспарда болмаса да өз күштерімен жоба жасап, 20 тұрғын үй құрылысы, мектеп, ауруханалар салынып, оның жемісін тұрғындардың көргендері бар.
Құдекең білім бұлағынан қанша ішсе де шөлі қанбайтын ғылымның ғашығы іспетті. Олай дейтінім, жаңару мен жаңғыру, рухани құндылықтарымызды кейінгі ұрпаққа тарихи ескерткіш ретінде «Аралдың айтылмаған ақиқаты», "Толқынмен алысқан балықшылар – арыстан" атты екі томдық кітабы ғасырларға сапар шеккен ақыл ескерткішіндей болып, ұрпақ үшін таптырмас құндылық екені белгілі.
Құдайберген аға теңіз жағасындағы балықшылар мұражайын өмірге әкелуге де ерен еңбек жасағанын білеміз. Бұл Аралдың өткені мен бүгінінен сыр шертіп, қала халқы үшін және сырттан келген қонақтар үшін де көретін үлкен дүние десе болғандай. «Суреттер сыр шертеді» атты мұражайында 1921 жылдардан бастап күні бүгінге дейін балық шаруашылығында, сол саланың басқа да мәдени, денсаулық салаларында қажырлы еңбек еткен басшылармен қатар, қарапайым балықшылардың, сонымен қатар басқа да қайраткерлердің өмір тарихтары қамтылған мұражайдың құндылығы сол, онда мектеп оқушылары мен жас жеткіншектер және де басқалар да барып, үлкен мағлұмат алуға жол ашылуы. Ата-бабаларының суреттері мен өмір жолдарын оқып білу, олар үшін таптырмас өнеге екені бұлар ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын теңдессіз тарихи дүние екені айқын. Бір айтарым, осыншама суреттерді жинау, іздестірумен қатар, олардың өмір жолдарынан мағлұмат алудың өзі қаншама уақытпен қоса сабырлық қажет ететіні белгілі. Бұл атқарылған жұмыстардың жиынтығы Құдайберген ағаға Алланың берген дарыны, нығметі дер едім. Осындайда Арал өңірінің тумасы, ғасыр жасаған Жәрменов Ердіхалық абызымыздың баласы Қуанышбайға (Қуанышбай – Арал ауданының құрметті азаматы) айтқан өсиетіне құлақ түрсек: "Е, е...балам, жүк ауырлығын нар көтереді. Шыдамды бол. Түйеге желдірген жараспайды, шөккені – болдырғаны. Тіршілік ылғи бәйгеден тұрмайды ғой. Тұлпардың шабысы бөлек. Әрқашан шамаңды біл. Жұрттың алдына шығуды мақсат тұтпа. Жауапкершілік деген төреші бар, осыған жүгінсең қателеспейсің» деген екен. Бұл өсиет тек баласына емес, кейінгі ұрпаққа қалдырған ұраны деп түсінген дұрыс болар еді. Құдайберген Саржанұлы да қандай қызметте жүрсе де жауапкершілік деген төрешіні бойтұмар етіп таққанының арқасында көптің құрметтісі атануының сыры сол болар.
Бауыржан Момышұлы атамыз батыр ғана емес, өмірден түйгені көп ақылман, философ адам болғанын білеміз. Ол қарттарды: "Шал – бала-шағасы мен әйеліне әмірін жүргізе алмай, көсеумен от сабалап, шала бықсып отыратын адам. Қария – айтар сөзі ауылына өтімді адам. Ақсақал – аймақты аузына қаратқан абыройлы адам. Абыз – халқының қамын ойлап, қабырғасы қайысып, елінің мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын адам", – деп бөлген екен. Құдекең қызметте жүргенде де елдің, туған жердің мұң-мұқтажын ойласа, ал қазірде құрметті демалыста болса да елі үшін, халқы үшін аттан түскен жоқ. Мен де үлкенді-кішілі жиналыстарға қатысып тұрамын. Сонда Құдекең үлкен лауазымды басшылар алдында аудандағы өзекті мәселелерді қозғап, халықтың әл-ауқатын, мұң-мұқтажын жақсарту жолдарын айтудан жалыққан емес. Олардың оң нәтижелерін көріп те жүрміз. Бір сөзбен Құдайберген аға абыз деген атаққа лайық екенін көпшілік арасында есітіп те жүрміз. Күнді жаман және жақсы деп ажыратпай, барлығына жылу беретіні сияқты, Құдайберген Саржанұлының да ешкімді бөліп-жармай өзіне жақындастырып, барлық адамдарды өзімен тең ұстайтын, ана сүтімен дарыған жайсаң мінезіне тәнті боламыз.
Қазақта «Бұлаққа бұлақ қосылса «егізбіз» дейді, Көлмен көл қосылса «теңізбіз» деген сөз құдіреті бар. Сол айтқандай, Құдайберген ағамен «егізбіз» де, «теңізбіз» дейтіндей құдалығымыз да бар. Әли Тілесұлы мен Лида Құдайбергенқызының Индира атты қызы менің Нұрлан балам мен Гүлсім келінімнің ұлы, менің немерем Нұрболатқа тұрмысқа шыққан. Құдекең екеуміздің немерелеріміз отау құрып, бабалар айтқандай «Егіз де, теңіз де болып жарасып жатырмыз. Ортақ шөбереміз Нарұлдың тұсаукесер рәсімін Құдекеңе ұсынғанмын. Тұсаукесерге Құдекеңмен бірге Қуанған құдағи, Аида құдашалар Алматыдан келсе, олармен бірге Әли, Лидалар да қатысқан болатын. Сөйтіп, қазақы салтымыз бойынша жөн-жоралғымызды жасап, баталарын алғанымыз бар. «Жақсы жар – жарты ғұмыр» демекші, дастарқан үстінде Құдекеңнің «Менің осындай биік дәрежеге көтерілуіме мына Қуанған құдағиларыңыздың еңбегі зор» деген риясыз сөзін естігенім бар. Бұлотау құрғандарына 60 жылдан асқан адал жарына деген әділетті баға еді. Дүниеге тағы шөбере келді. Бұның есімін қоюды Құдекеңе ұсындым. Құдекең қуанышымыз көп болсын деген ниетпен есімін "Қуанышбай" деп қойды. Тектінің теберігіндей Нарұл мен Қуанышбай өсіп келеді.
Құдайберген аға туралы бір мақаланың ішіне сыйғызу мүмкін емес екені белгілі. Ел бірлігін ойлап, тәуелсіз еліміздің тұғырын бекемдеу жолында аянбай тер төгіп, аттан түспей жүрген елі сыйлаған, елін сыйлаған кемелденген тұлға Құдайберген Саржанұлына зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасына амандық, Қуанған құдағи екеуіңізден тараған ұрпақтың қызығын тең көруге жазсын дей отырып, 85 жас торқалы тойыңыз құтты болсын, әдемі қартаюдың теңдессіз бақыт екенін кейінгі ұрпаққа еге беріңіз деген тілегімді жеткізгім келеді.
Аманжол ЖОЛМАҒАМБЕТОВ,
КСРО және ҚР-ның халық ағарту ісінің озық қызметкері,
Арал қаласы
02 қыркүйек 2022 ж. 878 0