Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Балгерлер біліпті, емшілер ше...

Балгерлер біліпті, емшілер ше...

«Есі кеткен елге емші көбейер» дейді халық даналығы. Расында, әркімнің айтқанына иланып, бақсы-балгерлердің босағасын аңдитын ағайын көбейіп барады. Алайда, қу жан үшін қыр асып, емшімін дегенге емірене кететін жандар қоғамда көбейіп тұр. Сол себептен болар, жанын шүберекке түйген жандар, пәлен жерде емші бар десе су кешіп, қыр асып жетуге асығатындар мен ел-елді аралап, балгер-сәуегейлер іздеп, бейіт басында түнейтіндер қатары көбейіп кетті. Бұл фәниде жаннан артық ештеңе жоғын көбі басына түскен соң сезініп жатады ғой. Бәрі де дертінен айығып, қатарға қосылғысы келеді. Алайда, дерті бар жандардың баршасы толық айығып кетуі екіталай. Бәлкім, бұл да Алланың сынағы шығар. Жақсы көрген құлдарын түрлі сынақ беріп сынайды дейді ғой Жаратқан. Дертінен айыққандарды көргенде, ол да бір өткінші кезең екенін түсінесің. Бүгінде осы мәселеге келгенде қоғамның пікірі екіге жарылған. Бірі медицинаны қолдаса, енді бірі қазақы емшілерді қолдайды. Кейде қайсыбіріне сенерімізді білмей, азды-көпті әбігерге түсіп жататынымыз тағы бар.
Аралқұмдағы емші бала Ербосын есіңізде болар. Кейде оны «Үкілі бала» деп те атап жатады. Бала болса да, аз уақыттың ішінде талай жанның сенімінен шығып үлгерген ол, көптеген жанның көз жанарын қалпына келтіріп, арбаға таңылғандарды аяққа тұрғызды дейді-мыс. Ондай сәттеріне куә болғаным жоқ. Десе де, ел іші осындай әңгімелерді көп айтты. Ақырында шынашақтай сол балаға еліміздің түкпір-түкпірінен келетіндердің қатары көбейді. Жолым түсіп, сол ауылдың үстімен өтіп бара жатқанда-ақ, ондай көрініске куә болғаным бар. Күннің аптап ыстығына қарамастан, ол жерге жиналғандардың санында есеп жоқ. Көлік те, адам саны да көз сүріндіреді. Алғашында бір күнде бес мыңға жуық адам қабылдайды дегенді естідік. Дертіне дауа іздеп ол ауылға барғандар 2-3 күндеп түнеген. Сондай кездерде ауыл тұрғындары үйлеріне ақылы түрде жатқызған. Су мен нанның дәурені жүрген сол жерде. Қысқасы, емші балаға мекен болған Аралқұм ауылы тура бизнестің отанына айналған.
Осы секілді атағы қазақ даласын шарлаған ақ әулие, сары әулиелер тұтас бір елді өзіне табындырғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Атауы адам болса да, атағы құдайлық дәрежеге көтерілген солардың абыройы неге дәл бүгінгі күндері асқақтап тұрмайды?! Дертіне дауа іздегендер айлап-жылдап неге сол жандардың алдына бармайды? Сұрақ көп, жауап жоқ. Яғни, біз бабалар дәуіріндегі бал ашу, құмалақ салу, сынықшылық сынды қасиеті бар адамдар болды дегенді естідік және соған иландық. Әлі де солай. Қолы шипалылар болған да шығар. Бірақ, олардың белгілі бір атақ-абыройға бөленіп, қазіргі кәсіпшілік саланың көркін қыздырып отырғаны шамалы еді. Жалған, расын қайдам, бұрындары отпен емдейтін де, шөппен емдейтін де емшілер болды дегенді ата-әжелерімізден талай естідік. Тіпті, ана құрсағында қайтыс болған сәбидің дене мүшесін бөлшектеп шығару арқылы ананы ажалдан арашалаған емшілер болды дегенді құлағымыз шалды. Жалған айтты деуге көненің көзін көрген сол жандарды қалай қиярсың. Бәлкім, рас та шығар. Әйтпесе, ол кез бүгінгідей ғаламтор дәуірі емес, оқып алып соға беретін. Шындығында, ондай жандар қазақта болған да шығар. Ал дәл қазіргі таңда ондай қасиет қонғандар бар болса да, көзіммен көрмейінше сенбес едім. Себебі, қандай да бір кереметі бар жандар сол қасиетті әжептәуір кәсіпке айналдырып жүр. Оны қазіргі көрермен көзайымы болған «Шаншар» театры да «Ақ тырна» атты қойылым арқылы әсерлі әспеттеген.
Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын):
– «Кімде-кім балгерге немесе болашақты болжайтын тәуіпке келіп, оның хабарлағанына сенетін болса, Мұхаммедке түскен нәрсеге имансыздық келтірді», – дейді. Бұл арқылы не айтқымыз келіп тұрғанын ұғынып отырған боларсыз.
Хош... Енді көріпкелдік қасиетке иеміз дегендер жөнінде айтсақ. Өз басым мұндай жағдайға аса илана бермеймін. Өйткені көріпкелдік қасиеті бар дегендердің өтірігі шығып жатқанын бұған дейін де кейбір хабарлардан көргенмін. Айтқандарының кейбірі жобаға келсе, енді бірі мүлдем қисынсыз болып жатады. Бірде әруақты аталармен сөйлесетін әлдебір ұйымның жұмысына куә болғаным бар. Бұл кәдімгі кәсіби қызығушылық та емес, не болмаса олардың әркетіне бас ұрғандық та емес. Кәдімгі естіген жерде қызығушылық танытып, сырттай бақылау болатын. Өзара топтасқан жігіттер өздерінің дегеніне иландырған жандарды бір бөлмеге жинады. Есімдерін тізіп жазып алды да ортаға шырақ қойды. Әлгі жиналғандар сол шырақтың ысымен өздерін аластап жатыр. Онысы бойыма дарысын, дертіме шипа болсын дегені шығар. Сәл уақыт өткен соң, ұзын бойлы бір жігіт ағасы бөлме бұрышына тұрып, әлгі тізім бойынша келгендерді бір-бірлеп орнынан тұрғызып, олардың алдағы 1 ай немесе 1 жыл көлеміндегі ғұмырын болжап шықты. Оған иланғандар бір-біріне таңырқай қарасып, әлгіге құлдық етіп жатыр. Бұл менің естігенім емес, көзіммен көргенім. Еліміз дінге босаңдау болған кешегі уақыттарда халықты түрлі әдісімен ізіне еріткісі келгендер көбейгендігі көпке мәлім. Бәлкім, олардың ойлағаны бизнес болар. Міне, біз әңгіме етіп отырған әлгі аталармен тілдесетін ұйым сондайлардың бірі де бірегейі. Жаратушы тұрғанда жаратылғанға табынуды елестетпек түгілі, ойға алудың өзі тым әсірелілік емес пе?! Солай екенін білсе де, көрсе де балгер, тәуіптерге барып, емшілерден ем сұрап жүргендердің қатары тым артып бара жатқан тәрізді.
Иә, бұлардан бөлек сынықшылық қасиет біткен жандар қауымы да бар арамызда. Бұл жандардың басқалардан бір артықшылығы, сөзбен емес, іспен жұрт көңілінен шығатындығында. Қолының мүсекері бар деген қариялардың алдына бірлі-жарым барып та көрдік. Көңілден шығарлық қасиеті бар ондай жандардың әрекетін өз басым құп көремін. Сынған, шыққанды дәл орнына түсіріп жатқандарды естідік те. Ол кісілердің істері шынайы екендігіне бүгінде медицина арқылы анық көз жеткізуге болады. Демек, емші, балгерлерден гөрі, сынықшы қауымының әрекеті шынайы әрі әділ деуге толық негіз бар. Кім қайдан ем алса да, шынайы ниеттің болғандығы аздап көмек болар, бәлкім. Біз жоғарыда айтып және келтіріп өткен мысалдар арқылы оқырман ойын ойран еткіміз келмеді. Тек шынайылықпен көзбояушылықтың құрбаны болмасақ екен.
А. БИСЕНОВ
25 шілде 2023 ж. 401 0