Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қос жолақ – көптің үміті...

Қос жолақ – көптің үміті...

«Жол мұраты – жету» деп бабаларымыз жолдың ауырлығына қатысты айтқан ғой. Алайда олар жету деді. Қазір сол межелі жерге жету өз алдына, діттеген жерге жетпей жар жолда жантәсілім ету дерегі көбейіп барады. Нақтысы,Қызылорда-Ақтөбе бағытындағы бір жолақты жолдың жыры көптің мұңына айналды.Үрей мен үмітке толы тас жол үстіндегі талайдың тағдыры «тар жол, тайғақ кешті» күйге айналған. Жолға шықсаңыз үміттен үрей басымырақ. Діттеген жерге жеткенше тіліңді кәлимаға келтіріп, бір Аллаға сыйынып отырмасаңыз, қас-қағым сәтте нендей күйге түсеріңіз бір Аллаға аян. Осы мәселе турасында сөз қозғамақ ниеттеміз. Естеріңізде болса, ҚР Парламенті Мәжілісінің Қызылорда облысынан сайланған депутаты М.Жайымбетов көктемде ҚР Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚазақстанРеспубликасыныңПремьер-министрінің бірінші орынбасары Р.В.Склярға депутаттық сауал жолдаған болатын.
– Өзіңізге мәлім, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік автожолының 812 шақырымы Қызылорда облысының аумағынан өтеді. Оның Түркістан мен Қызылорданы жалғап тұрған бөлігі 4 жолақты, ал Ақтөбе облысына дейінгі 566 шақырымы 2 жолақты болып салынған. Әдепкіде күре жолды жобалағанда Қызылорда мен Ақтөбе облыстары арасындағы көлік қарқыны төмен деген қорытынды шығарылған. Соның нәтижесінде, автожолдың «Қызылорда-Ақтөбе» бағыты II техникалық санатқа жатқызылып, бүгінге дейін аймақтағы халықаралық автомагистральдің жарты бөлігі сол күйде қалып отыр.Алайда қазір экономикалық әлеует өзгерді, көлік тасымалының көлемі біршама артты. Күре жолдың облыс үшін маңызы да, мәселесі де күн тәртібіне көтерілген. Олай дейтініміз, автожолдың 2 жолақты бөлігі көптеген қиындық туындатуда. Оған себеп – жолдың техникалық сипаты мен жол қауіпсіздігінің сын көтермеуі. Осы ретте, аймақтағы күре жолды кеңейту кезек күттірмейтін мәселе екенін айтқым келеді, – деген болатын.
Бүгінде бұл мәселе ең өзекті деген санатқа жатқызылып, қос жолақ көптің үмітіне айналып отыр. Өйткені жоғарыда айтып өткеніміздей бұл жолда жүйткіген көлік көп. Бірі жетемін деп асығады, бірі сол асығыстықтың салдарынан жол үстінде жазым болып жатыр. Барып қайтамын деп кетіп, келмей қалып жатқандар қаншама?! Біз қалай айтсақ та айдың-күннің аманында орын алып жатқан жол-көлік оқиғаларының дені Қызылорда мен Ақтөбе арасында тар жолақты жолдың бойында болып жатыр. Бұл мәселені орынды көтерді деп есептейміз. Өйткені М.Жайымбетов те осы елдің азаматы болғандықтан елде болып жатқан жағдай оның да назарынан тыс қалмайды. Жалпы жол салынарда оның маңыздылығы бірінші кезекте ескеріледі десек, мұндай келте кесімді кім негізге алғанын түсіну әсте қиын. Қатынас аз деп болжам жасағанның өзінде күре жолдың халықаралық маңыздылығын ескеру қиын болғаны ма?! Әлде қолды болған ақшаны ым-жымсыз жабудың кезекті бір тәсілі болды ма екен. Қайткен күннің өзінде Жайымбетовтің жанайқайы орынды.
– Кез келген жол құрылысын салу немесе кеңейту екі индикаторға байланысты екені белгілі. Бірі – жолдағы көліктердің қарқыны, екіншісі –жол қауіпсіздігі.Алдымен, «көлік қарқыны төмен» деген сипаттама бүгінгі ахуалға сәйкес келмейді. Бүгінде «Қызылорда-Ақтөбе» бағытындағы автомобиль жолындағы жүк көліктерінің қарқыны жыл сайын 10%-ке өсіп отыр. Осы күні күре жолда тәулігіне 10 мыңға жуық автокөлік жүреді. Әсіресе, халықаралық тасымалмен айналысатын жүк көліктерінің саны басым. Жасыратыны жоқ, тар жолда жүйткіген жеңіл көліктер тізбектелген жүк көлігін басып озу үшін қарсы бағытқа шығуға мәжбүр. Салдарынан көлік апаты көбейіп, қайғылы оқиға саны ұлғайды.
Екінші индикаторға келетін болсақ, автомагистральдегі жол-көлік оқиғаларына ерекше назар аударған жөн. Мәселен, полиция қызметінің мәліметінше, М-32 «Самара-Шымкент» автомобиль жолында 2017-2022 жылдары 402 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Басым бөлігі (243 оқиға) Қызылорда-Ақтөбе бағытында болған және соның салдарынан осы аралықта 162 адам (Түркістан бағытында 66 адам) қаза тапқан. Яғни қайтыс болғандардың 71%-і, ал жарақаттанғандардың 70%-і (немесе 549 жолаушы) осы жолда тіркелген. Биыл алғашқы 3 айда 5 жол-көлік оқиғасы болып, оның салдарынан 12 адам жарақатын алған, 7 адам көз жұмды.Жалпы, қарсы бағытқа шығып кетуден болатын жол-көлік апаттары 4 жолақты Түркістан бағытымен салыстырғанда 2 жолақты Ақтөбе бағытында 5 есе көп болады. Әсіресе, Арал ауданындағы Қамыстыбас, Қазалы ауданындағы Ойынды ауылдарының тұсы және Қармақшы ауданындағы Иіркөл, Кемесалған, Диірментөбе елді мекендері мен Жалағаш ауданындағы Таң ауылының маңы қауіпті аймақ қатарында. Тағы бір ескеретін жайт, аймақтағы ауылдардың басым бөлігі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік автожолының бойында орналасқан. Сәйкесінше, жол жиегінде қоршау болмағандықтан ауыл тұрғындарының төрт түлігі тас жолды кесіп өтіп, көлік апатына себеп болып жатыр, – деді депутат.
Ендеше бұл жолды І санатқа ауыстыратын кез жеткен сияқты. Өткен 2022 жылдың қысында осы көлік дәлізінің бойымен жүйткіп келе жатқан шағын сыйымдылықтағы жеңіл көлік тас жолда тайып, қарсы беттегі шетелдік жүк көлігімен соқтығысты. Салдарынан жеңіл көлік ішіндегі жолаушылар түгелдей жантәсілім етті. Ішінде осы Арал мен Қазалының халқы. Сонда еліміздегі ірі жол-көлік оқиғасы ретінде бұл жағдай көптің аузында жүрді. Ал одан былайғы уақытта бірлі-жарым адамдардың осы жол-көлік оқиғасы салдарынан о дүниелік болып кетіп жатқаны тағы бар. Осыдан бірер ай бұрын да осы жолдың бойында жеңіл көлік жүк көлігінің астына кіріп кетті. Онда да адам шығыны бар. Шарасыздықтан бармақ шайнаған халықтың сол сәтте тағы да демін ішіне тартқаны белгілі. Етегін жасқа толтырып етжақындары қалды бұл жағдайдан соң. Аудан үшін тағы бір қайғылы жағдай осыдан 40 күндей бұрын орын алды. Қармақшы тұсында екі жеңіл көлік жолдың қарсы бетіне шығуы салдарынан бетпе-бет соғылып, салдарынан жасы 30-дар шамасындағы 3 жігіт оқиға орнында өмірден өтіп кетті. Олардың үшеуі де Тоқабай ауылының тумалары. Бір әулеттің тірегі болып отырған азаматтарды жоқтап артында қауым елі қалды. Абайсыздықта болған апат салдары деп өзімізді жұбатқанымызбен, мәңгілік бейнеге айналған марқұмдардың енді қайтып оралмайтыны өкінішті. Осындай өкінішті жағдай бүгінде әлі тоқтаған жоқ.
Сандарды сөйлетсек, соңғы бес жылда жоғарыда айтып өткен Қызылорда-Түркістан бағытындағы төрт жолақты жолдың бойында үзілген өмірлердің сандық өлшемі 66 болыпты. Ал осы жолдың Қызылордадан Ақтөбеге қарай созылған жалғасында, яғни екі жолақты жолдың бойында 162 адамның өмірі қиылыпты. Айырмашылықты қараңыз. Үш есеге жуық. Жергілікті полиция қызметкерлері жүргізген мониторинг Түркістан- Қызылорда аралығымен салыстырғанда қарсы бағытқа шығып кетуден болған апаттар Ақтөбе-Қызылорда бағы¬тын¬да 5 есеге көп жасалған. Бұл тар жол түрткі болған айтпаса да түсінікті жағдай еді.
«Қызылорда-Ақтөбе» бағытын I санатқа ауыстыру қаншама жанды қасірет қақпанынан құтқарып қана қоймай, экономикалық-әлеуметтік көрсеткішке оң сипат беріп, мемлекеттің транзиттік потенциалы артып, халықаралық тасымалмен айналысатын жүк көліктерінен түсетін пайда да ұлғаймақ. Жол бойындағы сервистік қызметтің ілгерілеуіне, кәсіпкерлік нысандардың жұмысын жетілдіруге септігін тигізеді. Сондай-ақ жол апатын азайтудың бірден-бір мүмкіндігі болары сөзсіз.Жалпы күре жолды реконструкциялауға қатысты мемлекеттік тұжырым бұрыннан бар.Мемлекет басшысы да сайлауалды бағдарламасында 2030 жылға дейін 8 мың шақырым республикалық және 14 мың шақырым жергілікті автожолдарды сапалы салу мен реконструкциялау міндетін қойған болатын. Демек толғағы жеткен мәселені сан сылтау айтып созбақтай берудің керегі жоқ секілді.
Осы жолдың жайын жан-жақты ескерген М.Жайымбетов жоғарыда өзі көтерген мәселеге сәйкес өз ұсыныстарын да жеткізген еді.
– Күре жолдың «Қызылорда-Ақтөбе» бағытының жобалау-сметалық құжаттары тек 2024-2025 жылдарға жоспарланған. Реконструкциялау жұмысының қашан басталары белгісіз. Уақыт өткен сайын азаматтардың қауіпсіздігіне алаң көбейіп, экономикалық пайданың қосымша тетігі қолдан кететінін ұмытпағанымыз жөн.
Жоғарыда айтылған мәселелерді ескере келе, мына ұсыныстарды қарауыңызды сұраймын. Бірінші. «Қызылорда-Ақтөбе» бағытындағы автожолды 2 жолақтан 4 жолаққа (ІІ санаттан І санатқа ауыстыру) дейін кеңейту аса маңызды.Екінші. «Қызылорда-Ақтөбе» бағытындағы жолды реконструкциялау жұмыстарының жобалау-сметалық құжаттарына биыл қаржы көздерін тауып, әзірлеуді бастаған жөн.Үшінші. Келесі жылдан бастап жол құрылысын учаскелерге бөліп, кезең-кезеңімен жүзеге асыруға болатынын қаперіңізге саламын, – деген еді.
Мәселе көтерілді, алайда күні бүгінге дейін жабулы қазан жабулы күйде қалып келді. Бұл жолдың жайы бұған дейін де халық қалаулысына айналған біраз азаматтың назарынан тыс қалмаған еді. Алайда адам өмірі үшін маңызды деген мәселе сиырқұйымшақтанып бара жатыр.Қазір осы жолдардың салынғанына да 10 жылдан асты. Ақтөбе мен Қызылорданың екі ортасында көлік қатынасы аз деген шолақ түйсік, сонда сол аз адамның тағдырына атүсті қарау деген сөз бе?! Осы екі ортаның халқын қоспағанның өзінде, осы жолдың бойымен ағылып жатқан шетелдік көліктердің санында есеп жоқ.Транзиттік маңызға ие осы жолдың Қызылордадан ары қарайғы бағыты төрт жолақ негізінде салынған. Оның үстіне жол жиегіндегі темір қоршаулар оқыста мал шығып қалу немесе жолдан шығып кету сынды қауіптерден қорғайды. Бізде мұндай қауіпсіздіктің бірі де жоқ. Салдарынан сол екі аралықтағы тіркелген кісі өлімі деректері жер мен көктей. Демек бұл тас жолдан трагедиядан қойша қырылған халықтың саны көбеймесе төмендемесі анық.
Иә, бұл мәселе бұған дейін де қозғалған. Бұдан кейін де айтыла беретін шығар. Өйткені күні бүгінге дейін осы жолға қатысты қандай да бір жылт еткен үміт болмады. Президент ауысты, Премьер-министр де ауысты. Тиісті салалық министрліктер өз алдына, осы Қызылорда облысының өзіне қаншама әкім қызметке келді. Алайда солардың бірі де бұл мәселеге қатысты сірескен сеңді сетінете алмады. Десе де қазіргі аймақ басшысы Н.Нәлібаевтың ықпалымен осы жолға қатысты өңірдегі өзекті мәселе министрлер кеңсесіне жеткен тәрізді. Нақтысы,Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі 566 шақырымды 1-ші техникалық санатқа ауыстыру қолға алынбақ.Индустрия және инфрақұрылымдық даму және Қаржы министрліктерімен бірлесіп, осы жол учаскесін II санаттан І санатқа (екі жолақтыдан төрт жолақтыға) ауыстыруға жоба-сметалық құжаттама әзірлеу үшін осы жылы республикалық бюджеттен қаржы бөлу мүмкіндігін қарастыруға үкіметке жасалған ұсыныс қолдау тапты.Көзбен көрмейінше көп нәрсеге сенбейтін халықтың көптен күткен үміті де ақталып қалар деген ойдамыз. Дегенмен бәрін уақыт көрсетеді.
Әрине өңірде жиі тіркеліп жатқан жол-көлік оқиғаларына алдымен жолдың тарлығы және оның бойында жиі кездесіп жататын төрт түлік малдың жол бойына шығып кетуі сеп болып жатқаны түсінікті. Бұл жерде мәселе жүргізушілерге де қатысты деп ойлаймын. Кейде үлкен жолға шыққанда есіріп, жылдамдықты шамадан тыс асырып мастанатындар кездесіп жатады. Оның үстіне тізгінде келе жатып, көңілін әлдебір нәрсеге аударып, алаңғасарланатын жүргізушілер көп. Олар көбіне қаншама адамның тағдырын мойнына аманаттап келе жатқанын байқай бермейді. Жолда келе жатып телефонмен сөйлеседі немесе алдындағы көліктен озамын деп жоспарсыз жанталасады. Осындай салғырттықтың салдарынан жол-көлік оқиғасы орын алып жатады. Бұл мәселеде жүгенсіз жүргізушілерге де нақты бір шаралар қабылдап, қажет болса көлік құралын басқаруға қатысты арнайы заңдық норма енгізу керек сияқты. Өзгеден сабақ алмайтын олар сонда барып айылын жиятын тәрізді. Қайткенмен жеп отырған нанынан кім айырылғысы келсін?! Бізге осы мәселеде де қаталдық таныту керек сияқты.

А. ҚАРАСАЙ
01 тамыз 2023 ж. 534 0