Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тар жолда тайғақ кешпесек...

Тар жолда тайғақ кешпесек...

Үзілген үміт, талайлы тағдыр. Жол үстінде жүрген талай жанның өмірі біз айтқан осы бір өмірлік қағидаға тап келіп жатыр. Нақтысы, Қызылорда-Ақтөбе бағытындағы жолдың жыры көптің мұңына айналғалы қашан... Сол үреймен күн кешкен халықтың «тар жол, тайғақ кешті» тағдыры қылбұрау сымның үстінде тұрғандай. Жолға шықсаңыз үміттен үрей басымырақ. Діттеген жерге жеткенше жаныңды шүберекке түйіп отырасың. Межелі сапарға шығып, ұзақ сапарға аттанып кетіп жатқандар қаншама?! Осы мәселе турасында сөз қозғап, халықтың сұранысынан туындаған тас әрі тар жолдың бүгіні мен болашағы жайында сөз қозғамақ ниеттеміз.
Естеріңізде болса, өткен жылы ҚР Парламенті Мәжілісінің Қызылорда облысынан сайланған депутаты Г.Шиповских ҚР Парламенті Мәжілісінің қабырғасында көлік және жол мәселелеріне байланысты өткен үкімет сағатында:
– Сұрағым «Казавтожол» Ұлттық компаниясының басқарма төрағасына бағытталады. Бүгінгі таңда біздің елімізде жол-көлік оқиғаларына байланысты екі нақты мәселе бар. Біріншісі – қазіргі кезде еліміздегі жолдың тарлығы. Яғни төрт жолақты жолдың орнына екі жолақты жолдар бар біршама өңірлерде. Соның салдарынан бізде қаншама жол-көлік оқиғасы болып жатыр. Одан бөлек екінші мәселе – бүгінгі таңда сол жолдар бойында арнайы мал өткелдерінің жоқтығы. Мен сіздерге мысал ретінде келтірейін. Біздің «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолымен Қызылорда қаласы мен Арал ауданы аралығында жүретін болсаңыздар, дәл сол жолдар екі жолақты ғана. Оның үстіне арнайы малдың өткелі жоқ. Соның салдарынан қаншама жол-көлік оқиғалары болып жатыр. Дәл сол жолдар қазіргі кезде транзиттік статусқа ие. Біз бұл мәселені қызылордалық депутаттармен бірге де көтергенбіз. Тіпті арнайы жауапты органдарға бейнеүндеу де жолдадық. Алайда бұдан еш нәтиже болмады. Қызылордалықтар үшін осы мәселе өршіп тұр. Өйткені жол-көлік оқиғасы көп. Осы мәселе қашан шешімін табады? – деген болатын.
Сол сәтте жерлесіміз Геннадий Шиповскихтің бұл сауалына нақты жауап та, қолға аламыз деген түйінді сөз де болмады. Мәселе көтерілді, алайда күні бүгінге дейін жабулы қазан жабулы күйде қалып келді. Қазір осы жолдардың салынғанына да 10 жылдан асты. Сонда деймін де, бұл жолдар қандай есеппен, қандай негізге сүйене отырып салынды екен?! Ақтөбе мен Қызылорданың екі ортасында көлік қатынасы аз деген шолақ түйсік пайда болған шығар шенділерде. Қайдағы, осы екі ортаның халқын қоспағанның өзінде, осы жолдың бойымен ағылып жатқан шетелдік көліктердің санында есеп жоқ.Транзиттік маңызға ие осы жолдың Қызылордадан ары қарайғы бағыты төрт жолақ негізінде салынған. Оның үстіне жол жиегіндегі темір қоршаулар оқыста мал шығып қалу немесе жолдан шығып кету сынды қауіптерден қорғайды. Бізде мұндай қауіпсіздіктің бірі де жоқ. Салдарынан сол екі аралықтағы тіркелген кісі өлімі деректері жер мен көктей. Демек бұл тас жолдан трагедиядан қойша қырылған халықтың саны көбеймесе төмендемесі анық.
Өткен 2022 жылдың қысында осы көлік дәлізінің бойымен жүйткіп келе жатқан шағын сыйымдылықтағы жеңіл көлік тас жолда тайып, қарсы беттегі шетелдік жүк көлігімен соқтығысты. Салдарынан жеңіл көлік ішіндегі жолаушылар түгелдей жан тәсілім етті. Ішінде осы Арал мен Қазалының халқы. Сонда еліміздегі ірі жол-көлік оқиғасы ретінде бұл жағдай көптің аузында жүрді. Ал одан былайғы уақытта бірлі-жарым адамдардың осы жол-көлік оқиғасы салдарынан о дүниелік болып кетіп жатқаны тағы бар. Осыдан бірер ай бұрын да осы жолдың бойында жеңіл көлік жүк көлігінің астына кіріп кетті. Онда да адам шығыны бар. Шарасыздықтан бармақ шайнаған халықтың сол сәтте тағы да демін ішіне тартқаны белгілі. Етегін жасқа толтырып ет жақындары қалды бұл жағдайдан соң. Айтып ауыз шаршаған апаттардың саны мұнымен тоқтаса жақсы ғой. Сандарды сөйлетсек, соңғы бес жылда жоғарыда айтып өткен Қызылорда- Түркістан бағытындағы төрт жолақты жолдың бойында үзілген өмірлердің сандық өлшемі 66 болыпты. Ал осы жолдың Қызылордадан Ақтөбеге қарай созылған жалғасында, яғни екі жолақты жолдың бойында 162 адамның өмірі қиылыпты. Айырмашылықты қараңыз. Үш есеге жуық. Жергілікті полиция қызметкерлері жүргізген мониторинг Түркістан-Қызылорда аралығымен салыстырғанда қарсы бағытқа шығып кетуден болған апаттар Ақтөбе- Қызылорда бағы­тын­да 5 есеге көп жасалған. Бұл тар жол түрткі болғаны айтпаса да түсінікті жағдай еді.
Бүгінде өмірлік жарынан айырылып, тағдырдың тосыннан келген ауыр соққысына тап болған Қуаныш бала-шағасымен асыраушысынан айырылған жандар қатарына қосылған. Үкіметтен берілетін жәрдемақыға жан бағып, шаңырағының тіреуінен айырылған жанның өткен күндер есіне түссе өкініштен өзегі өртенеді. Бәрі бір жылда өзгеріп шыға келгеніне әлі таңданады. Бұлай болуына сол бір жол апаты себеп.
– Өмірлік жарым әулетіміздің арқасүйері болатын. Шаруашылықтардың барлығын өзі реттеп, әкелік әрі перзенттік парызын өтей білген оның өмірі осылайша өте шығарын ойламаған едік. Сол бір аты өшкір апат болмағанда отағасы ортамызда болар еді. Қайғылы жағдай осыдан 2 жылдай уақыт бұрын орын алған-ды. Қазалыға достарының тойына барамын деп сол тойдан қайтарында көлігімен қарсы беттегі жүк көлігіне соқтығысқан. Ауыр соққы салдарынан аудан ауруханасында 1 аптадай жатты да, өмірімен қош айтысты. Оқиғаның ақ-қарасын анықтау да мүмкін болмады. Өмір мен өлім арасында жатқан жолдасымның тағдырына алаңдаулы уақытта әлгі оқиға сол күйі жабылған. Осылайша біз тіреуімізден айырылдық. Жалпы бұл жол талайдың өмірін жалмап жатыр. Басқасын айтпағанда, осы Сырдың өзінен қаншама азаматтар бейбіт күнде бақилыққа аттанып жатыр. Тас жол бойындағы бұл трагедияны тоқтатудың әлдебір мүмкіндіктері қарастырылатын кез жеткен сияқты. Әйтпесе әлі талай жандар жақынынан айырылып жапа шегеді, – дейді Қ.Аманова.
Иә, бұл мәселе бұған дейін де қозғалған. Бұдан кейін де айтыла беретін шығар. Өйткені күні бүгінге дейін осы жолға қатысты қандай да бір жылт еткен үміт болмады. Президент ауысты, Премьер-министр де ауысты. Тиісті салалық министрліктер өз алдына, осы Қызылорда облысының өзіне қаншама әкім қызметке келді. Алайда солардың бірі де бұл мәселеге қатысты сірескен сеңді сетінете алмады. Бәлкім, Қызылорда-Ақтөбе бағытындағы жолды І санатқа ауыстыру қыруар қаржыны қажет еткендіктен шығар. Алайда біздің мемлекетте ең бірінші адамның өмірі мен бостандығы және құқығы маңызды емес пе? Ендеше неге осы мәселені тиісті басшылар қозғамады?! Бұл өңір халқының сұранысынан туындаған аса өзекті мәселе емес пе еді. Сіз де солай ойлап отырған боларсыз, ойлы оқырман?! Бұл жолы олай емес.
Жоғары жақтан жақсы жаңалық айтылып жатыр. Қазіргі аймақ басшысы Н.Нәлібаевтың ықпалымен осы жолға қатысты өңірдегі өзекті мәселе министрлер кеңсесіне жеткен тәрізді. Нақтысы, Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі 566 шақырымды 1-ші техникалық санатқа ауыстыру қолға алынбақ. Индустрия және инфрақұрылымдық даму және Қаржы министрліктерімен бірлесіп, осы жол учаскесін II санаттан І санатқа (екі жолақтыдан төрт жолақтыға) ауыстыруға жоба-сметалық құжаттама әзірлеу үшін осы жылы республикалық бюджеттен қаржы бөлу мүмкіндігін қарастыруға үкіметке жасалған ұсыныс қолдау тапты. Бұл қуанатын жағдай. Күрделі жұмысты жобалау құжатының өзі қаншама миллиондаған қаржы тұратыны түсінікті. Алайда маңыздысы аймақ басшысының сол еңбегіне көптен күткен бастамаға қаржы көздері уақытылы қаралып, Сыр халқын сабылдыра күткен сапалы жол салына бастаса нұр үстіне нұр болар еді.
Әрине өңірде жиі тіркеліп жатқан жол-көлік оқиғаларына алдымен жолдың тарлығы және оның бойында жиі кездесіп жататын төрт түлік малдың жол бойына шығып кетуі сеп болып жатқаны түсінікті. Бұл жерде мәселе жүргізушілерге де қатысты деп ойлаймын. Кейде үлкен жолға шыққанда есіріп, жылдамдықты шамадан тыс асырып мастанатындар кездесіп жатады. Оның үстіне тізгінде келе жатып, көңілін әлдебір нәрсеге аударып, алаңғасарланатын жүргізушілер көп. Олар көбіне қаншама адамның тағдырын мойнына аманаттап келе жатқанын байқай бермейді. Жолда келе жатып телефонмен сөйлеседі немесе алдындағы көліктен озамын деп жоспарсыз жанталасады. Осындай салғырттықтың салдарынан жол-көлік оқиғасы орын алып жатады. Бұл мәселеде жүгенсіз жүргізушілерге де нақты бір шаралар қабылдап, қажет болса көлік құралын басқаруға қатысты арнайы заңдық норма енгізу керек сияқты. Өзгеден сабақ алмайтын олар сонда барып айылын жиятын тәрізді. Қайткенмен, жеп отырған нанынан кім айырылғысы келсін?! Бізге осы мәселеде де қаталдық таныту керек сияқты.
Түйін: Халқымызда «Жол мұраты – жету» деген қанатты қағида бар. Бұл әрине тар жол, тайғақ кешіп жолдың азабын бір кісідей тартқан бабаларымыздың байламды сөзі. Дей тұрғанмен, фәнидің жолымен жүремін деп бақидың тұрағына аялдап жатқан пенденің бұл өмірден бейқам өтіп кетуіне кім кінәлі?! Осындайда тар жолақты жолды саларда осы жұмысқа ықпалды адам қай жерімен ойлады екен деген ойға келесің. Бәлкім, бөлінген ақша мақсатты жеріне жұмсалмай, ұстағанның қолында кетті ме екен?! Қалай дегенмен, уақыт сынынан өте алмай, қарғыс пен сөгіс арқалаған тар жолдың ендігі жырын жырлай берудің жөні жоқ секілді. Бастысы, түйін боп қатқан мәселенің ұшы шықты. Қозғалыс бар. Енді сол жұмыстардың сәтті жүзеге асып, қарт Қаратау мен таулы Тербенбестің арасын жағалай қоныс еткен халықтың тілегі орындалса деген ізгі ой бар бізде. Өзгесін уақыттың еншісіне қалдырайық.
А. БИСЕНОВ
22 қаңтар 2023 ж. 332 0