Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Көлік тізгіндегендер қателеспесін

Көлік тізгіндегендер қателеспесін

Жол – өмір. Бабаларымыз ұлы жолдың бойында жүріп, небір қиындықтар мен ауыртпалықтарды бастан кешірген. Сондықтан болар, «жолдың жайын жүрген білер», «жол мұраты – жету», «алыс жол атты сынайды, ауыр жол ерді сынайды» деген сынды өмірлік маңызға ие нақыл сөздерді қалдырып кеткен. Сол жолда көбіміздің өміріміз өтіп жатыр. Астымызда ат болмаса да, заман ағымына сай темір тұлпарлар бар. Алысты жақын еткен сол көліктердің кесірінен қаншама жанның от ғұмыры ерте сөніп жатқаны да жасырын емес.

Бір ғана дерек келтіре кетсек. Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің деректеріне сүйенсек, жыл са­йын жол-көлік апатынан шамамен екі мыңнан астам адам қаза табады. Айталық, 2017 жылы 17019 жол-көлік апаты тіркеліп, 22 256 адам жара­қат алып, 2086 адам қайтыс болған. Ал Бас прокуратура Құқықтық статистика жә­не арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің де­рек­теріне сай, 2018 жылы Қазақстанда 15 821 жол-көлік апаты тіркелген. 20 445 адам жа­ра­қат алса, 2096 адам қаза тапқан. ІІМ дерегіне сүйенсек, елде жол апаты ең көп тіркелген – 2013 жыл. Ол кезде 23 359 апат болып, 3037 адам ажал құшқан. Тағы 30 мыңға жуық адам түрлі дене жарақаттарын алған. ІІМ қайғылы апаттардың көбі (56 %) адам қағу, көліктің аударылуы және қарсы бетке шығып кетіп, екінші көлікпен бетпе-бет түйісуі салдарынан болады дейді. Жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне қатысты мәселе де өршіп тұр. 2021 жылы елдегі әр үшінші апат солардың қатысуымен болған. Оған қоса, опат болған 363 азаматтың 111-і жаяу жүргінші. Олардың арасында да жол ережесін елемейтіндер көп. Жаяу жүргіншілер жыл басынан бері 66,7 мың рет жол ережесін бұзған. Ажал айтып келмейді. Десе де адам өміріне қауіп төндіріп жатқан осындай оқиғаларға жолдағы немқұрайлылық пен салғырттық себеп болып жатқаны өкінішті.
Спирттік өнім тұтынып, көлік тізгініне отыру, ашу үстінде жолға шығу, межелі жерге уақытынан кеш шығу, жолда қауіпсіздік белдігін тақпау немесе жылдамдықты шамадан тыс асыру сынды жағдайлар көбіне жол-көлік оқиғаларына алып келіп жатады. Өкініші кетпейтін өрескел қателіктердің салдарынан бүтін бір отбасы қара жамылып, қайғы шегіп жатқаны жасырын емес. Небір жайсаңдар осы үлкен жолдың бойында өмірлерімен қош айтысып та жатыр. Өзгелерге сабақ болар деп күндіз-түні ақпарат құралдары арқылы көрсетіліп жатқанымен, айтарлықтай нәтиже шықты деп айту қиындау. Бәрібір сол баяғы көрсеткіш, сол баяғы кісі өлімі мен дене жарақаты.
Мұндай көрсеткіштер ауданда да тіркеліп тұратынын айтқан аудандық полиция бөлімі, жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің ұйымдастырушылық аналитикалық жұмыс тобының инспекторы Д.Мырзағалив те осы пікірде. Жолдың пірі болатынын ол да бір сәтке болсын қаперінен шығарған емес. Бастысы, жолда бар қауіпсіздікті ұстанады.
– Кісі өліміне себепші болатын жол-көлік оқиғаларының дені үлкен жолдардың бойында орын алып жатады. Себебі ол жолдардың бойында көлік нөпірі арылмайды. Жүк көлігі, жеңіл көлікпен қоса жолаушылар көлігі де көп. Оның үстіне, соңғы жылдары шағын сыйымдылықтағы көліктер үлкен жолдың бойында көп жүретін болды. Нәтижесінде тіркеліп жатқан жол-көлік оқиғаларының дені осы үлкен жолдың бойында болып отыр. Десе де еліміздегі пандемия жағдайына байланысты соңғы екі жылдықтағы көрсеткіш азайғаны байқалады. Мәселен, 2019 жылмен салыстырғанда 2020 жылы тіркілген жол-көлік оқиғасы 15-ке төмендеген. Яғни 2019 жылы ауданда 46 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, бұл көрсеткіш 2020 жылы 31 болды. Жарақат алғандар 56 болса, былтыр 27 болды. Осы жол апаты салдарынан қайтыс болғандардың санында да төмен көрсеткіш байқалды. 2019 жылы жол апаты 20 адамның өмірін жалмаса, өткен жолы ол көрсеткіш 12-ге түскен. Мұның барлығы 2020 жылы қалалар мен халықаралық маңызы бар жолдардың арнайы блок посттар қою арқылы уақытша жабылғандығынан азайды деуге толық негіз бар, – дейді полиция аға лейтенанты Д.Мырзағалиев.
Шындығында, тұтас әлемді теңселткен коронавирус індеті басталғанға дейін еліміздегі орын алып тұрған жол-көлік оқиғаларының үлес салмағы басым болған. Оған еліміз бойынша 2020 жылы тіркелген жол-көлік оқиғаларының сандық көрсеткіші дәлел бола алады. Яғни аталған жылы 1997 адамның өмірін қиған 13 515 жол-көлік оқиғасы тіркелді. 2020 жылғы деректер апат саны 42 пайыз, адам өлімі 34 пайыз, жарақат алғандар саны 40 %-ға төмендегенін көрсеткен. Бұл жүргізушілер жаппай жылдамдықты азайтып, ережеге бағына бастады дегенді білдірмесе керек. 2020 жылы коронавирус инфекциясына байланысты шектеулер статистикаға зор ықпал етті. 2021 жылға тоқталсақ, биыл алғашқы үш айда апаттың тағы азайғаны байқалады, алайда салдары ауыр. Жолда ажал құшқан адамдар саны 12 %-ға артқан. Десе де бірнеше мыңдаған адамның өмірін жалмап тынатын сол жолда жас пен жасамыс та өмірімен қош айтысып жатқанын жоққа шығара алмаймыз. Қаншама шаңырақтың алтын уығы шарт сынып, оты өшті. «Тас түскен жеріне ауыр» демекші, жұрттың басына түскен тосын қайғыны анағұрлым сезіне алмаспыз. Десе де жолда жүргенде орын алатын болмашы қателіктердің соңы үлкен өкініштерге алып келіп жатқанын ұғынып жатқандар баршылық.
Осы жол-көлік оқиғасы салдарынан жақын бауырынан айырылған жандардың бірі – Жамал еді. Наурыз айының басында көршілес ауылдағы досының үйлену тойына жеңіл көлігімен кеткен жұбайы сол сапардан үйіне оралмастан ауруханада жан тапсырған. Қандай өкінішті. Барып келемін деген екі ауыз сөздің кейде орындалмай қалатыны өзекті өртейді. Кейде сол тойға бармаса болмас па еді, деген өкініш те санада тұрып қалатыны тағы бар.
– Әттең, пендеміз ғой. Егер сол сондай жағдайдың орын аларын білгенде, ерімнің жолына жатып алсам да сол жарысқа жібермес едім. Оқиға сол түні көршілес ауылдаға турнирден қайтқанда орын алды. Үлкен жолдың киесі бар ғой. Оның үстіне көлікте өзі ғана болған. Күнұзаққа үй балалардың қамымен жүріп шаршаған, оның үстіне жарыс соңындағы көңіл көтерудің барлығы жүйкеге артық жүк болса керек, жолда келе жатып қалғып кетеді. Сол сәтте жоғары жылдамдықпен жүйткіп келе жатқан көлік жолдан шығып кетіп, үлкен көлемдегі жыраға аударылып түскен. Апаттың қатты болғаны соншалық, көліктің сау-тамтығы қалмаған. Жолдағы жүргіншілер дереу жақын маңдағы ауруханаға жеткізгенімен, бәрі де кеш болғанын кейіннен біліп жатырмыз. Жол апатынан тірі қалғанға «көрер жарығы бар шығар» деп өзімізді бірнеше күн жұбатып жүрдік. Алайда соңғы тексерулердің нәтижесі біздің ертеңге деген үмітімізді баянсыз етті. Артынша суыт хабардың салқыны өңменімізден өтіп, арты қайғылы қазаға әкеп соқты. Әрине тосыннан келген соққының салмағы бізге ауырға соқты. Балаларымыз жас еді, әлі күнге сол сапардан оралардай күтумен жүр. Өкініштісі, оның енді қайтып ортамызға оралмайтыны, – деп өткен күндерді өкінішпен еске алады Ж.Жұмабекқызы.
Түйін. Жолдың киесі бары рас. Сол жолдың үстінде жүрген сіз бен біздің саулығымызға ешкім кепіл бола алмайды. Десе де «сақтансаң сақтармын» деген сөзді әрдайым санада ұстап, жолда жүргенде қауіпсіздікті барынша сақтай білген абзал. Айтыскер ақын Ж.Бұлғақовтың:
Тоқтамайсың тигенше тасқа басың,
Жылдамдықты асырып мастанасың.
Бұл дүниеде мінетін көлігіңіз,
О дүниеге жеткізіп тастамасын, – деген өлең жолдары осындайда еріксіз еске түседі. Түсіне білген адамға осы бір төрт жолдық түйінді ойда терең мағына жатыр. Бастысы, бір сәттік олқылық өмірлік өкінішке алып келмесін десек, жолда жүргенде сақ болайық!

А. БИСЕНОВ

24 сәуір 2021 ж. 1 080 0