Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Музаға айналған Мағауия ару

Музаға айналған Мағауия ару

Бүгінгі қазақтың ақын қыздарының өлең өлкесінде өзіндік орны бар бір жауһары, Қазалының тумасы Шәмшия Жұбатованың есімі поэзия сүйер оқырманға жақсы танымал. Осыдан бір-жар жыл бұрын қазіргі күннің айнасы әлеуметтік желіде қараған адамның көзі тоятындай көрікті жас келіншектің суретін жариялап «Менің сұлу әпкем» деп әдемі пост жариялады. Көзімізге оттай басылды. Өйткені бұл суреттегі Мағауия Нұрсұлтанқызы ақын қыздың сүйікті апасы болса, менің нағашы жеңгем болатын. Келін болып түскеннен бастап, ұл-қыздарының анасы, немерелерінің ақ әжесі болғанша бүкіл ғұмыры көз алдымызда өтті. Арда жүректі, бекем білекті нағашым Дайрабайға тұрмысқа шыққанда, мен қарасирақ, мектеп жасындағы бала едім. Желегі желбіреп келген уыздай жас келін кейде жеңгеміздей, кейде анамыздай болып кетті. Айналасына нұр-шуақ шашып, мейірімін, жақсы лепесін төгіп отыратын. Ерекшелеп айтатыны, бұл қос жұбайдың біреуі жігіттің маңғал басы, алдаспан жүрек марқасқасы, біреуі нәзік болмысты әйел затының бота көзі, жәудіреген бір жауқазыны дейтіндей келбеттері келіскен, аса сымбатты жандар-тұғын. Екеуі де мәдениетті, қызыл сөзге ұста, әзілге де жүйрік, әңгімені сала-сала қылып бейнелеп айта білетін еді. Әсіресе, «су сұрасам, сүт берген қайран жеңгем» дегендей періште көңіл Мағауия жеңгеміз ыстық та сергек ықыласымен, шынайы таза ниетімен үлкеннің де, кішінің де барша көңілін қапысыз тауып жүретін. Кіршіксіз тазалықты, алғаусыз адалдықты өте жақсы көреді. Әр көргенінде ерекше сезіммен қиясыз қуанып, қайныларын шетінен еркелетіп маңдайынан сүйетін.
Жеңгеміздің жас шағындағы суретін әлеуметтік желіге салғаннан кейін, оқырмандар «Неткен сұлу» деп тамсана жаза бастады. Сол жолы Шәмшия ақын маған:
– Ереке, Мағауия әпкеме құрыш қазақ атанған ғаламат ақын Зейнолла Шүкіров сырттай ғашық болып «М-ға» деген өлең шығарғанын білесің бе? – деді. Мына сөз мені елең еткізді. Қызықты көрінді. Содан ерек Зәкеңнің «Арал толқындары» деген сұр мұқабалы кітабын парақтай ақтара бастадым. Бұрын «А-ға», «Ж-ға», «Р-ға» деген өлеңдері өріп жүр. Әр шумақтың артында белгісіз аруларға деген асықтық тарихы жатқандай көрінді. Жылжи-жылжи отырып «М-ға» деген өлеңді де таптық. Жаны үлбіреген лирик ақынның сұлу бойжеткенді көргендегі лап еткен бір сәттік алаулы сезімін қапысыз жеткізген өрелі өлең екен.
«Арал толқындары» кітабының «Ғазиз жүрек» атты алғы сөзін жазған балалар әдебиетінің бір дарағы, ақын Мұзафар Әлімбаев Зәкеңнің шалқар шабыты туралы: «Ақын – камертон. Айрықша камертон. Сырттан қабылдаған дыбыс-үнін сұлулап, сыңғырлата қайта жаңғыртатын камертон. «Ақын менің ішімдегі алабұртқан арманды ойларды, толғамды тілектерді қайдан білген, қалай дөп басып айтқан!» деп әрқайссымыздың тамсанатынымыз содан...
«Шеш жүрегімнің жұмбағын» дегендей, өлеңнен әр оқырман өз ішіндегі сырын, өз көкейіндегі құштарын таппаса, ол сөздің өлі туғаны. Ал ақынның бақыттылығы да өміршең жауһарлар тапқанында» деп шығармашылық сырына баға береді.
Енді сезім селін ақтарған бейкүнә өлеңді оқиық. Айналдырған төрт шумақ ішіне не бүгіп жатыр екен.
Қарындас қара көзі жаудыраған,
Хош иісін әкелесің таудың әман.
Көзіңе от, жүректің сәулесі ойнап,
Ақ пейлің тау гүлі боп жауды маған.
Қинады-ау сенің сол бір ықыласың,
Сен келсең үстелімде күтіп асым...
Алданып тәтті үмітке әлі жүрмін,
Шеше алмай жас жүректің құпиясын.
Ән салсақ, - гүл жайында, тау жайында,
Әйтеуір көңіліңді аулаймын да.
Білмеймін, әлде бағым, әлде сорым,
Кездестік Көкшетаудың баурайында.
Жан күйін орап бір шоқ пісте гүлге,
Орнатып кетпедің бе үстеліме?
Махаббат тау басының ерке құсы,
Мені іздеп әлде жерге түспеді ме?..
Иә, Зейнолла ақынның ғашықтық іздеп ынтыққан іңкәр жүрегі де, сұңғыла тілегі де көз алдындағы сұлу да сымбатты бойжеткенге асық болғанымен де, ақ маңдайлы арудың еш қарамай елеусіз қалдырып тентек көңілін алабұртқаны көрініп тұр. Дегенмен де бір сәттік пе, бірнеше күндік пе, сергелдеңге түскен сері сезім арпалысынан керемет бір лирикалық шұрайлы, әсем шумақтар мөлтілдеп ақ параққа төгіліп-төгіліп түскен екен. Мағауия бойжеткен М. атты мәңгілік жұмбақ музаға айналыпты. Ақын жүрегінің асау толқындарын бір тулатып өтіпті.
Ақын З.Шүкіровтің әрбір туындысы – ұрпақ үшін баға жетпес рухани мұра. Оның әр шығармасының тууына себеп болған жайларды жұртшылықтың білгісі келетіні анық. Әргі-бергі әдебиетте прототипті білу – ежелден бар мәдени дәстүр. Кейде оқырманға осы қызық сияқты боп көрінеді. Осы бағытта қаншама аңыздар дүниеге келді десейші!
Жалпы, Мағауия Нұрсұлтанқызы өнерді де, өлеңді де өте жақсы көретін. Үнемі қызықты кітаптарды қолынан тастамай оқып жүретін. Содан да болар, біз сияқты қайныларына атаулы мерекелерде шетелдің үздік-үздік классиктерінің кітаптарын тауып алып, қолтаңба-ниетін жазып сыйлайтын. Ал әдебиет, ақындық десек, оның шыққан ортасы – шайырдың әулеті болатын. Ардақ тұтқан әкесі Сыр сүлейлерінің бірі, атақты «Майданнан хат» жырының авторы Нұрсұлтан Жұбатұлы-тын. Нұрсұлтан ақын 1900 жылы көрші ауданның Қожабақы ауылында туған. Молдадан сабақ алып, Шығыстың классикалық туындыларымен ерте танысқан. Бір жылдық мұғалімдер дайындайтын курсты бітіріп, Қазалы өңірінде, қарақалпақ жерінде мұғалім, бірнеше мектеп меңгерушісі болған, кейін партия жұмыстарын атқарып жүрсе де, артына біршама поэзия жауһарларын қазына қып қалдырған дарынды ақын.
Өмірлік жарын таңдап, Мағауия ару Аралға келін болып түскеннен кейін, ұзақ жылдар бойы қаламыздағы Май зауытында лаборант, Обаға қарсы күресу стансасында есепші боп қызмет істеп, зейнеткерлікке абыроймен шықты. Әскери қалашықта жұмыс атқарған асыл жары Дайрабай Әлібаев ұл-қыздарының қызмет алуымен елордасы – Астана қаласына көшті. Өмірлерінің кейінгі жиырма жылдай мамыражай уақытын сонда өткізді.
Әйел затына тән табиғи нәзіктік пен көркемділіктің үлгісіндей болған Мағауия ару өмірге тағы бір өнердегі ғажайып дүниенің келуіне себеп болғанына бүгінде құлағдар боп таңғалып отырмыз. Болашақ мамандығын Шымкент қаласындағы сауда техникумында алған студент қыз шырайлы шаһардағы әдеби-мәдени кештерге, жастардың бас қосуына барып жүргені сөзсіз. Сол шақтарда сұлулыққа тамсанып жүретін өнер адамдарының көзіне еріксіз түсіп отырған секілді. Кейінгі замандарда бізге айтып отыратын әңгімелерін тыңдап, оның өнер мен әдебиет адамдарын көп танитынына көз жеткізетінбіз.
Өткен ғасырдың 60-70-жылдарында қазақ елінің сахналарында және той дастарқанның төрлерінде ең көп айтылған хит әндердің бірі – «Туған күн кешінде». Бұл шедевр – атақты ақын Мұхтар Шахановтың бірегей туындысы. Сірә, арынды ақын жігіт сол жылдары Шымкеттегі бір кеште еліктің лағындай студент қыздың туған күнінен шабыттанып қайтып, көңіл әуенінде осы туындының ән мен сөзі қос-қатар жүрегін жарып шығып, дүниеге келсе керек.
Тойыңа гүл алып,
Келдім мен қуанып,
Қарсы алдың күлімдеп көктемдей.
Жүзіңе нұр тұнып,
Кетіпсің құлпырып.
Бір бақыт сәулесін төккендей, - деп әсерленген құштар көңіл ақынның әуенді сазы қайырмасында шалқи түсіп:
Сен туған күн – мерекеміз,
Ән бастайық, кел, екеуміз.
Ұмытпа сен құрбым,
Есте қалсын мәңгі бұл күн, - деп түйіндейді. Күйіп жанған албырт жүректі ақынның жас сұлуға деген құрметі, ішкі сезімі атойлап тұрғандай.
Қазақ жұртына кеңінен танымал екі таланттың көзіне сұлулығымен, нәзіктігімен, ибалығымен, қарапайымдылығымен түскен, жасампаз туындыларының тууына себеп болған қазалылық ару жүрегінің қалауымен аралдық сырбаз да салмақты нар жігіт Дайрабайдың етегінен ұстап 25 жасында айдынды өңірдің ақ келіні атанып, қара шаңырақтарының түтінін түтетті.
Бір анадан сүт емген апа мен сіңілі қашанда сырлас болады ғой. Ажары айдай әпкесінің гүл-гүл жайнап жүрген бойжеткен шағында халқымыздың дарынды дарабоздарының алып та отты жүректеріне өшпес шық тастағанын сіңлісі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ғажайып ақын, «Мхаббат кітабы», «Шаңқай түс», «Жоғалмаған желкен», «Өң мен тсү», «Қайта оралған көктем», тағы басқа ондаған кітаптардың авторы Шәмшия Жұбатова бүгіндері там-тұмдап айтып отыр. «Әпкемді жұрт сұлу дейді. Иә, онда табиғилық, шынайылық басым еді. Аздап опа жағатын. Ал далап қолданғанын көрген емеспін. Көзді бояу, қасты түзеу ол кезде болған жоқ. Даусы керемет еді, әншілігі бар еді. Дастарқан басында жиналсақ, ән салдыратынбыз. Сол сұлу күйінде кетті...» дейді және бір еске алып.
Өмір – шолақ, өтеді де кетеді, өнер – мәңгілік, келер күнге жетеді. Екі жыл бұрын араларына бірнеше ай салып, өмір-жалғанда бір-бірін аялап күткен Дайрабай нағашым мен жаны жайсаң жеңгем Мағауия мынау жарық дүниеден өтіп кетті.
Өткен жылы ардақты әке мен аяулы анаға ұрпақтары құрметті ас бергенде әдейілеп барып, асабалық еткенмін. Елордадағы бір қауым белгілі аралдық азаматтар қатысты. Ғибратты ғұмыр туралы әсерлі әңгіме-естеліктер айттық.
Қазақ халқының поэзиясы мен музыкасында мәңгілік махаббат жәдігерлері боп қалған туындылардың Музасына айналған Мағауия Нұрсұлтанқызының таныс-бейтаныс бейнесі жұртшылыққа жетсін деген ниет біздікі.
Е.КЕҢТОҒАЙ

22 тамыз 2023 ж. 742 0