Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Тағдырға разы болу – бақытты өмір сүрудің кілті

Тағдырға разы болу – бақытты өмір сүрудің кілті

Кішкене кезімізден ауыр еңбектен көз ашпай, күнұзақ жұмыс істегендер ғана байлыққа кенеледі деп өстік. Әлбетте, солай. Еңбегімен тапсын, басқадай теріс жолмен тапсын әрбір адамның тағдыры да, ризығы да әрқалай. Кімнің басына қандай іс түссе де, тағдырдың жазуы ғой деп жатамыз. Біреу жеңіл жолмен келетін байлықты армандаса, зағип жандар керісінше жарық дүниені көре алмағанына өкінеді. Әркім-ақ бақытты әрі бақуатты болғысы келеді. Оған бәрінің де құқы бар. Ал сол жан тыныштығы мен қамсыз күнге қалай жетуге болады?
Өмір болған соң түрлі жағдаяттар болып жатады. Мына қым-қуыт заманда біреу деніне саулық, дертіне шипа іздесе, біреу жақынынан айырылып іштей құса болып жатады. Алайда, адам басына қандай да сынақ келгенде артынша жақсылық болады деп үміттенеді. Басыңдағы ауыр сынаққа қарамастан қорқынышыңды жеңіп, еркін болуға, сонымен бірге жүрегіңді сыздатқан мұң-шерің іштей өзіңді азапқа салса да, күліп жүруге мәжбүрсің. Басыңа түскен сынақты Алланың жазуымен деп қабылдаймыз. Бұл сынақ жаңаша өмірге жол бастайтындай көрінеді. Үлкендердің «әр істің бір қайыры бар» деп айтуы да осы нәрсемен тікелей байланысты. Бұл нақыл сөздің негізінде де адамның Алла тарапынан берілген тағдырға разы болуы түсінігі жатыр. Аллаға иман келтіріп, оған шынайы сеніп, тәуекел еткен адамның бойын ешқашан қорқыныш пен үрей билемейді. Алланың жақсылығынан үміт етіп, тағдырыңа разы болуға шақырады.
Тағдырға разылық – бақытты өмір сүрудің негізгі кілті. Олай дейтініміз –тағдырға разы болу – өміріңде болып жатқан кез келген жағдайды Алланың қалауымен болып жатқанын біліп, ренішсіз қуанышпен қабылдау. Өмірдегі бар жағдайдың бүкіл әлемнің раббысы – Алланың жасап жатқанын қабылдаған адамда уайым да болмайды. Ал өз қалауының болуын қалаған адам істің нәтижесі оңынан болмай қалып өкінсе, өзінің бақытты қалпынан айырылуы мүмкін. Себебі, адам – қателесуші, ал ұлы Алла – қателесуден пәк. Сондықтан да, істің нәтижесін сабырмен күткен адам ғана уайымнан ада болады.
Жүрекке тыныштық әкелетін себептердің тағы бір түрі – адамның өзіне қатысы жоқ нәрселерге араласуы мен пайда әкелмейтін бос сөзді тыңдаудың қажеті жоқ екендігінде. Ендеше, «Кей жаманның сөзі бар – ызғары қатты ащы удай, кей жақсының сөзі бар – лебі кәусар бал судай», – деп Базар жырау жырлағандай, өзіңді сөз еткен жандардың сөзіне мән бермей оларды кешіре салған жөн. Себебі, адамның өзгелерге мейіріммен қарап, өзіне қалағанды өзгеге де қалауы – оның тақуалығының көрсеткіші. Демек, иманның тәтті дәмі өзіңнің адалдығыңда, кеңдігіңде. Және не нәрсеге де шыдамдылық танытуыңда.
Тағдырдың мәнін жіті түсінген әрбір адам барлық қиындықтарды, аштық болсын, кедейлік немесе өзге ауыртпалық болсын оң көзбен қабылдайды. Себебі ол адам осы сынақтарға сабыр ету арқылы өз бақытының кілтіне қол жеткізе алатынын жақсы түсінеді. Бастапқыда жағымсыз, ауыр болып көрінгенімен, барлық жағдай Алла разылығы үшін жақсы амал жасау арқылы жақсылықпен аяқталады деп сенуіміз керек.
К. ӨТЕПБЕРГЕН
10 қазан 2023 ж. 1 240 0