"Үкі таққанымда Айнұр Тұрсынбаева тиіскен еді": Аманжол Әлтай айтыстағы естелікпен бөлісті

Ақынның сөзінше, айтыс кезінде бөркі мен домбырасына жиі үкі таққан. Сол сәтте қарсылас ақындар мен қоғамдағы кей адам бұл қадамға сыни пікір білдірген екен.
«Айтыстарда үкіме тиіскендер болды. Бәріне ақыл таразысына қонымды жауап қайтардым деп ойлаймын. Себебі қазақ тіл-көзден сақ болсын деп бесікке, баланың тақиясына, домбыраның құлағына үкі таққан. Бұл — қазақтың ұлттық мәдениеті мен эстетикалық талғамының көрінісі», — деді А.Әлтай.
Сонымен қатар ақын әріптестері тарапынан да үкіге қатысты қағытпа болғанын, айтыс кезінде сөзден сүріндіру үшін аталған тақырыпты пайдаланғанын айтты. Тіпті қарымта жауапты қалай қайтарғанын да жеткізген.
«Бір айтыста Айнұр Тұрсынбаева үкіме тиісті. Сол кезде:
«...Білгенге бұл үкімнің құт дара,
Тиісетін басқа жерің болмаса егер,
Ретсіз әржерімді шұқылама...» — деп жауап қайтарған болатынмын. Үкінің маңызы жоғары екенін әзіл араластыра жеткіздім», — деді ақын.