Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Алақан жылуы

Алақан жылуы

Рабиға әже бүгін ерекше қуанып оянды. 80 жасқа толған әженің құжат бойынша туған күні деп осы күн белгіленген. Нақты болмаса да анасы «қауын пісікте тудың» деген екен. Қауын пісік дегені күздің алғашқы айлары болар деген болжаммен осы күнді белгілеген. Сынаптай зырғыған уақыт. Рабиға әже өмірдің талай өткелінен өтті. Тағдырдың бұралаң жолдарымен жүрді. Сол күндер бүгін көрген түстей өте шықты. «Жас күнімде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деген осы шығар. Міне, бүгін балалары оның туған күнін тойханада дүркіретіп атап өтпекші.
– Апа неге ерте оянып алғансыз. Әбден тынығып алмадыңыз ба? Кешке той. Шаршап қаласыз ғой, – деді Рабиға әжейдің тұрып алғанын көрген үлкен келіні Айжан.
– Ой балам-ай! Қартайған адам ұйықтаушы ма еді. Бізден ұйқы қашқалы қашан. Оның үстіне сендер тынбай әзірлік қылып жатырсыңдар. Тым болмаса бір көмегім тисін де. Бескітегі баланы тербетсем де, – деп Рабиға әже сығырайған көздерін төмен салып, жан-жағында қаумалап жатқан немере, шөберелерінің бастарынан сыйпады. Келіні жымыйып:
– Ай апам-ай! Қарттыққа мойынсұнбайсыз-әәәә! Сіздің он бес келініңізден тірлік қалған ба?! Бәрін дайындап тастап енді өздері әрленіп жатыр, – деді.
Белгіленген уақыт та таяп қалды. Рабиға әже әдемі камзолын киіп, әшекейін тағынып, дайындық қылып отыр. Жүрегі ерекше толқу үстінде. Қуаншытан көзінің жасын да сығып алды. «Ееее жартақан, шүкір, шүкір» деп іштей күбірлеп қояды. Әженің түріне қарап сексенге келді деп ойламайсың. Қимылы ширақ, өзі қуатты. Құлағы да жақсы естиді, таяққа да сүйенбеген. Тек көзі алысты көрмейді. Бірақ көзілдірік кейгісі жоқ. Балалары емдетпек те болған «қартықтың қылаңы, жанымды қинамаймын», – деп көнбей қойды. Жақсан атамен 17 жасында шаңырақ көтеріп, отыз жыл оттасты. Бақилыққа шығарып салғалы кенже ұлының шаңарағында тұрады.
Зуылдаған көлікпен кенже ұлы әжені тойханаға алып келді. Жанында балалары мен келіндері қонақ күтудің қамымен жанталасып жүргіріп жүр. Немерелері «әжеміздің тойы болып жатыр, алақай» деп қуанып, шуласып жатыр. Бақыт деген осы болар.
Шақырылған қонақтардың да алғашқы легі көрінді. Әне-міне дегенше той да басталды. Қымбат тойхана, аста-төк дастарқан, асаба мен әнші бишілер тойдың сәнін кіргізді. Қонақтардың бәрі әжені құттықтап, тілектерін жеткізіп жатыр. Би де биленді, ойын да ойналды. Бәрі мәре-сәре. Қызықты тойдың бітер уақыты да таяп қалды. Тілек төріне балалары шақыртылды. Аллаға шүкір, апамыз өніп-өскен жан еді. Жиырама ұл мен қызы, келіндері мен күйеу балалары, елуге тарта немере-шөберелері шыға келгенде қара құрым бір ел болды. Әрине, жиырманың бәр өз құрсағынан шықпаған. Өзі бес бала өмірге әкелген-ді. Қалған он бес бала жетім қалған жандар еді. Рабиға әже әкеден туған төртеу болатын. Солардың ортасындағы жалғыз қыз болды. Кейінірек екі ағасы ауырып қайтыс болды. Көп өтпей жатып жеңгелері де бақилық болды. Қос бауырдан қалған тоғыз баланы Рабиға әже қанатының астына алды. Арада екі жыл өтпей жатып қайын інісі мен келіні сүзекпен ауырып өлді. Олардың артында да аңырап алты жетім қалды. Мейірімді ана мұнда да қарап қала алмады. Тәуекел деп оларды да өз шаңырағына алып келді. Бақты, қақты. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырды. Оқимын дегенді оқытты, жұмыс істеймін дегендер жұмыс тапты. Бәрі елге қосылып кетті. Ешбірі жаманшылығын көрсеткен жоқ. Бүгінгі тойды да жасап беріп жатқан солар.
Асаба сөз тізгінін әулеттегі үлкен ұл Мықтыбайға ұсынды.
– Апа... Мен бүгін ерекше толқып тұрмын анашым. Өткен өмірімнің бәрі көз алдыма келді. Сіз бізді қалай бағып өсірдіңіз. Нағыз еңбектің үлгісін көрсеттіңіз ғой анашым. Мені өмірге әкелмесеңіз де туғаннан кем көрмедіңіз. Сіздің мейіріміңіздің арқасында жетім екенімді сезінген жоқпын. Ортамда кеудемді биік ұстап жүрдім. Біз ол кезде қазіргідей зәулім үйде тұрған жоқпыз.  Неше түрлі көйлек кимедік. Тәтті-дәмді тамақ ішпедік. Бірақ көңіліміз тоқ, өзіміз еркін өстік. Анамызды сағынғанда алдыңызға жата кетіп еркеледік. Ал сіз сондай бала пейілге мейірлене қарап, маңдайымыздан сүйдіңіз. Жиырмамыз бір дастарқаннан дәм татып, бауырмалдылыққа үйрендік. Нағыз отбасы құндылығын түсініп өстік. Сол үшін сізге рахмет, – деді де дауысы дірілдеп әрі қарай сөйлей алмады. Бұл Рабиға апаның үлкен ағасының тұңғышы болатын. Мұнан соң ортаға қыздың үлкені Айбарша шықты.
– Бүгін біз үшін ең керемет күн болып отыр. Жаңа Мықтыбай ағамыз өте жақсы сөздер айтты. Иә, апа сіз бізге өгейлік көрсетіп, қатал мінез танытпай өсірдіңіз. Өзіңіз күні-түні ұйқы көрмей, бізге нан табу үшін жұмыс жасадыңыз. Жадымызға жақсы ақыл мен тәрбие сіңірдіңіз. Сіздің арқаңызда біз келін болып түскен шаңырағымызда келіндік міндетті абыроймен атқардық. Қатардан кем қылмай төсек орын беріп, құда шақырып, той қылдыңыз. Сол үшін әкем екеуіңіздің еңбегіңіз ерек. Бірде мен жолдасыммен сәл ренжісіп қалдым. Содан апама келіп шағымдандым. Жастық қой. Сонда апамың айтқан сөзі әлі есімнен кетпейді: «Қызым! Сен енді сол елдің адамысың. Жанұяда түрлі жағдайлар болады. Оның бәрі өмірдің заңы. Ерің ол сенің жолдасың ғана емес әкең де, бауырың да, тіпті балаң да. Оларға қалай қарасаң жолдасыңа да солай қарауың керек. Мен сенің бүгінгі сөзіңді естіген жоқпын. Сен де маған ештеңе айтпадың. Енді бар да күйеубаланың жақсылып шәй-тамағын беріп, ата-енеңе қызметіңді қыл» деп қайтарып жіберді. Осыдан-ақ мен анамының қандай парасатты әйел екендігін ұғындым. Оған жаман атақ әкелмейін деп өз отауымда келіндік қызметімді абыроймен атқардым. Міне, анамыз біздің осындай адам, – деп сөзін қорытындылады.
 Бұл сөздерді естіген көпшілік қол соғып, көшемет көрсетті. Кенет елеусіздеу жерде тұрған Сержан да жәйлап ортаға келді. Ол Рабиға әженің тұла-бойы тұңғышы болатын. Ойланып ұзақ тұрды да:
– Апа... Менің сіз сияқты анам болғаны үшін рахмет. Бала күнімде көп нәрсенің сырын да қадірін де түсінбедім. Кейде сізге ызам келетін. Неге бізді, өзінің туған баласын жақсы көрмейді деп ойлайтынмын. Неге бізге көбірек тамақ, жақсырақ киім кигізбейді, бәрімізді бірдей санайды деп ашуланатын едім. Мен ақымақ болған екем. Балалық болар бәлкім. Уақыт өте келе есейдім. Дүниенің сырын ұқтым. Бауырларым маған қиналғанда сүйеу болды. Жұмылып жұдырық болып талай шаруаны тындырдық. Анамыздың бізге жақсы тәрбие мен адал ас ішкізгендігінен болар біз де ел тұтқасын ұстар азамат болып өстік. Мен бүгін көпшіліктің ыстық лебізі мен анама берген бағасын естіп, кеудемді мақтаныш кернеп тұр. Нағыз бақытты перзент екенмін, - деді де төрде отырған анасының жанына барып, қатты құшақтап алды. Мұнан соң балаларының бәрі анасын қоршай алып құрмет көрсетіп жатты.
    Қарт ана көзіне жас алды. Бұл қуаныштың жасы еді. Жаны мейірімге толы ана өзінің ұрпақтарын көріп, еңбегінің қайтқандығына қуанды. Оларға тойға келген қонақтар орындарынан тұрып қошемет көрсетті.
Н. МАРАТҚЫЗЫ

11 қараша 2023 ж. 1 328 0