Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Періште «әумин» деді ме?...

Періште «әумин» деді ме?...

Ажарлым әулеттің үлкен немере қызы болатын. Сол себепті, әрине, ата-әжесінің кішкентай қызындай болып өсті. Есімін де туғанда Ажар әжесіне ұқсатып қойған. Кішкентайынан бауырына басқан немересін олар да қатты өбектейтін. Ажарлымның бала кезден ақ дегені – ақ, қара дегені – қара болып өсті. Отбасы да, туысқандары да ешқашан бетінен қағып көрген емес. Сонда да, өзі ата-әженің тәрбиесін көрсетіп жүретін. Барлық жерде өзінің орнын білетін, артық ауыз сөз, артық қылық көрсеткен емес.
Туған ата-анасын «көке, жеңге» деп атайтын. Жеңгесімен ерекше сырласатын, көп еркелейтін. Бауырларына мейіріммен қарайтын. Көкесіне сыйластығы, ықыласы мол-етін. Ата-әжесінің Ажарлымды олардан қызғанғанын көріп, мәз болатын. Бақытты да еркін еді.
Атасы өмірден қайтқалы әжесіне тіпті жақын болып алды. Түнде жанында жататын, әжесімен бірге шайын, тамағын ішетін. «Әже» дейтін сырттан үйге кірген бойда. Әжесінің дауысын естімей, оған бір еркелемей тиышталмайтын. Егер ол кісі бір жерге кетсе, «әже қайда? Қашан келеді? Мені неге күтпеген?» деп жеңгесінің мазасын алушы еді. Жеңгесі қылығына күліп қарағанымен, кейде іштей уайымдаушы еді. Жоқ, қызғаныштан емес, тек әжесінің жасы келгенін, Ажарлымның кейінгі тұрмысын ойлайтын.
Ажар әже де ата қайтқалы көп уайымшыл болды. Көңілінің жұбанышы тек Ажарлым болатын. Оның еркелігін, ашық мінезін көріп, көңілі көтерілетін. Көршілерден Ажарлым туралы жақсы сөздерді естігенде қуанып қалатын. Жасы 70-ті алқымдағалы Ажарлымға ата-анасының жақындығын айта бастады. «Өзімнің төрімнен көрім жақын, сен жассың, ата-анаңа жақын бол, маған оқыс жағдай болса, оларды жатырқама» деген сынды әңгімелер айтатын болды. Ажарлымның ондайда ренжитіні бар. Бірде еркелікпен әрі ренжіп: «Ой, әже, сенсіз өмірді не істеймін мен? Сен қайтқан күні менде қайтамын» дегені бар. Сол кезде әжесі алғаш рет дауыс көтеріп, тыйып тастаған.
Сол жылы қыс қатты болды. Немесе жаны жабырқау Ажар әжеге солай көрінді ме екен? Әйтеуір, аурушаң болып алған еді. Оның үстіне баласы да, келіні де күндіз жұмыста. Ажарлымы мектепке кетеді. Кішкентайлар балабақшада. Үйде жалғыз қалғанда бар ермегі теледидар болған. Одан да жалығып, үйдегі майда шаруаларды жасайтын. Бірде есік алдындағы жолды қардан тазартамын деп қатты салқын тигізіп алды. Төсек тартып ұзақ жатты. Ол уақытта Ажарлым түстен кейін үйге келгенше жаны тыныш таппайтын. Әжесінің түскі асын берген соң мектептегі қызықтарын айтып, көңілін аулайтын.
Бүгін әжесінің ыстығы көтерілді. Сабақтан ерте келген Ажарлым әжесіне ыстықтай сорпа берді, күндегі әңгімесін айтты, кітап оқыды. Сәлден соң, маужырап ұйықтап кеткен әжесін көріп, көңілі құлазыды. Оның айтқан сөздері есіне түсіп, көзінен тамшы жастың қалай аққанын байқамаған еді. Әжесін құшақтап, жанына жатты. Сәл де болса көңілі орнына келіп, бірге ұйықтап кетті.
Жеңгесі кешке жұмыстан үйге асығып келген. Күні бойы көңілі қобалжып, біртүрлі болды. Оның үстіне бүгін даланың ауа райы да суықтап кетіпті, желдің екпіні қатты екен. Үйге жеткенше аздап шаршап та қалды.
Есікті ашқан бойда жағымсыз иісті сезді. Газдың иісі екенін түсінген бетте, Ажар әжені ойлап жүрегі су ете түсті. Жүгіріп бөлмеге келгенде ұйықтап жатқан әже мен Ажарлымды көрді. Олардың шынымен де қапысыз ұйықтап жатқанына сенгісі келді. Қалайша дауыс шығарып жылағанын өзі білмеді. Бар есінде қалғаны – көзі қарауытып жерге құлағаны. Кейін көршілері есік алдына сүйеп шығарғанда есін жыйды. Аула алдында жедел жәрдем екі мүрдені шығарып жатыр екен. Расымен де періште «әумин» дегені ме?...
Г. ӘЛНИЯЗИНА

Фото: aqmeshit-zhastary.kz
07 қаңтар 2023 ж. 516 0