Әжесінің көзі, құлағы һәм тісі
Тоғжан биыл бірінші сыныпқа барды. Алғашқы оқу күндері қызықты. Үйге көңілді келді. Оқушы киімін шешіп, әдемілеп бүктеп жинап қойды да, ойын киімін кие бастады. Қараса шұлығынан башпайы шығып тұр. Дереу әжесіне келді.
–Әже, мына қара, шұлығымды тігіп берші? – деді жыртығынан жылмып қарап тұрған башпайын көрсетіп.
–Шешіп бере ғой, ботам, – деген әжесі ине-жібін қолына алды. Бірақ қанша әуреленсе де жіпті иенің көзінен өткізе алмады. Болмаған соң:
–Тоғжан, сен мына инені сабақтап бере аласың ба? – деді.
–Иә, –деді Тоғжан, сабақтап беремін, – деп сол қолына инені, оң қолына жіпті алды.
–Мына иненің көзін қалай көрмейсіз, әже? Міне, міне тұр ғой, – деді де жып еткізіп жіпті иненің көзінен өткізіп, сабақтап берді.
Тоғжанға риза болған әжесі:
–Мен қартайдым ғой, Тоғжан! Сен енді менің көзімсің, – деп немересінің арқасынан қағып, шұлығының жыртығын әп-сәтте тігіп берді. Тоғжан шұлығын аяғына киіп көріп еді. Тігісінде мін жоқ. Қуанып кетті.
Бір кезде үйден анасының даусы естілді. Құлағы естімеген әжесі:
–Тоғжан, анаң не деп жатыр? – деді.
–Естімедің бе, түскі тамаққа шақырып жатыр, – деді.
–А, солай ма, сен менің құлағымсың ғой, – деп Тоғжанның қолынан ұстап орнынан көтерілді.
Ас бөлмедегі жер столға жайғасқан әжесі бір нәрсесін іздеп қалтасын қарай берді, таппады.
–Не іздеп жатырсыз? – деді Тоғжан.
–Мына қантты сындырайын десем тістеуігім ана бөлмеде қалып қойыпты.
–Сол да қиын ба, – деген Тоғжан төрт-бес түйір қантты қолына алып, бірінің артынан бірін тісімен пырт-пырт сындырып, майдалап, әжесінің алдына үйіп қойды.
–Ой, айналайын, сен менің тісім екенсің ғой, – деп әжесі қиналғанда қасынан табылған Тоғжанды еміреніп бауырына басты.
Бүгіннен бастап әжесінің көзі, құлағы һәм тісі болып қызмет еткеніне Тоғжан да дәне риза. Көңілін бір қуаныш кернеп кетті. Ол қуаныш–мектепте «Үлкенді сыйласың, сен де сыйлы боласың» деп апайы айтқан аталы сөздің айғағы, әжесі мен немересінің бір-біріне деген жан жылуының нұрлы шуағы еді.
Жұмабай ЖАҚЫП