Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Бауырдың бағасын ұқтырған туынды

Бауырдың бағасын ұқтырған туынды

Жуырда жазушы Жадыра Шамұратованың «Айтылмаған сыр» атты кітабын оқып шықтым. Бұл кітапта оның хикая, новелла, әңгімелері жинақталған. Сондағы «Сағыныш» деп аталатын новелласында автор бір кейуананың өмір жолын баяндайды. Туынды қарт ана Зайнабтың бала кезінде ажырап қалған сіңілсін іздеп, балаларының жолға жарамайсың дегеніне қарамай ескі вагонға отырып, жол үстінде келе жатып өткен өмірін еске алғанынан басталады. Әрі қарай ыстық естеліктермен өріледі.
    Есін еміс-еміс білетін 4-5 жасар кезінде анасы сіңілсін босану үстінде дүние салады. Әкесі 3 баланы жеткізу үшін қара кешке дейін жұмыс істейді. Ал жөргектегі сіңілсін бағып, қарау Зайнабтың мойына артылады. Ананың омырауынан сүт еміп, жылы алақанын сезінбеген кішкентай бөбек үйіне сүт әкеліп беруге келген көрші келіншектердің етегіне жармасып тоқтаусыз жылайды. Зайнаб болса аулада ойнап жүрген балаларға қосылып ойнауды жаны қалайды да тұрады. Олардың шуылдасқан дауысын естігенде шыдап тұра алмай бірде баланы арқалай шығып оңдырмай құлатып алады. Енді бірде үйге ұйықтатып кетіп, ойынға беріліп ұмытқаны сонша, қас қарайып әкесі жұмыстан келгенде бір-ақ келеді. Келсе кішкентай бала жоқ болып шығады. Әрі іздеп, бері іздеп таппайды. Сөйтсе еңбектеген бала пештің ішіне кіріп кеткен екен. Үстіне түгел отынның тікені кіріп, күйе-күйе болып пештің ішінде ұйықтап жатқан бүлдіршін қызды көрген әкесі егіліп жылап «Сен дұрыс қарамай бір күні өлтіріп алып, обалына қалып жүрермін» деп амалсыздан балалар үйіне өткізеді. Осыдан кейін халық жаппай аштықты бастан кешіреді. Бір үзім нанның өзі арман болады. Бір күні әкесі бүк түсіп жатқан күйі орнынан тұрмай қалады. Ал інісі терісі сүйегіне жабысып арықтағаны соншалықты қорқынышты кейіпке енеді де ол да аштықтан өледі. Бұл жалғыз қалып, дала кезіп, іздеуі жоқ балаларға қосылып, әр жерді бір паналап өлместің күнін кешіп кетеді. Осылай жүргенде бұны вокзолдағы полиция қызметкері ұстап алып, балалар үйіне өткізді.
    Балалар үйінде өзімен тағдырлас балаларға қосылып білім ала бастайды. Осындағы тәрбиеші апай мұны ерекеше жақсы көріп асырап алады. Үстіне сәнді киім, неше түрлі тәтті-дәмді тағамдарды ауызына тосқан жаңа отбасы бастапқыда жақсы болып көрінгенімен, Зайнабтың мойынына үй шаруасының бәрін артып қояды. Әбден зығыры шыққан Зайнаб үйден қашып шығып, балалар үйіне келсе балаларды далада тізіп тұрғызып қойып, бір жаққа алып кеткелі жатыр екен. Зайнаб шетте тұрған қызды «киімімізді ауыстырып алайық» деп әдемі көйлегімен қызықтырады. Сәнді, жылтыр көйлекке арбалған бала көңіл бірден келісе кетеді. Үстіндегі әдемі киімдерін ауыстырып киіп алып соның орнына барып тұра қалады. Осылай ол Семейден бір-ақ шығады. Өте зерек қыз оқуға ден қояды. Осы кезде соғыс өрті тұтанып, бастауыш мұғалім жетіспей Зайнаб мұғалім болып шығады. Кейінен Алматыға келіп институт тәмамдап, ғылым-білімнің жолына түседі. Тағдыр жолында жақсы ғалым адамға жолығып, өмір бақи сыйластығы жарасқан жанұя болады. Өмірге екі бала әкеліп, немере, шөбере сүйеді. Бірақ көңіл түкпірінен баяғыда балалар үйіне өткізіп жіберген кішкентай сіңілсі кетпей, түсіне жиі енеді. Өмір бойы іздеп келеді. Бірақ не аты, не қай балалар үйіне өткізілгені, ешқандай дергі жоқ. Үмітін өзімен бірге өлтіруге бекінген кейуана қызын ертіп Ресей жеріне табан тірегені де сол еді. Шығарма осылай аяқталады.
Бұл әңгімеде тағдырдың теперішін көріп, қиындықтарды еңсерген әйелдің бауырға деген сағынышы, жүрек түкпіріндегі қимастығы көрініс табады. Ол таба алмасын білсе де, үмітін үзбей жолдың қиындығына қарамастан өмірінің соңына дейін бауырын іздеуге бекінеді. Тіпті шығарма басталғанда балалары «жетер енді қашанғы іздейсің, табылмайды» дегенін тыңдамай жолға шығуының өзі адам үшін бауырдың баға жетпес құндылығын дәлелдей түскен тәрізді.
Назерке Маратқызы

Фото: massaget.kz

19 қараша 2023 ж. 1 202 0