Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ол білгенде...

Ол білгенде...

Адамзат тарихында болған түрлі оқиғалар, соғыстар мен емі жоқ аурулардың тізімін тізіп бітіру мүмкін емес. Олардың келтірген зияны, шеккізген азабы ел есінде қалмақ. Солардың ішінде алапес ауруын бәрі біледі. Бір замандарда оның да ел ішіне тарап, емі жоқ дерт болғаны рас. Сонда көп жандардың туыстары, жақындары, толықтай отбасы көз жұмғандары бар. Ауру туралы қызығушылықпен білген ақпаратым, оқыған мағлұматтарымның ішінде үлкендерден естіген осы әңгімем әрқашан сана түкпірінен жоғалған емес.
Бағила мен Бағжан бір-бірін құлай сүйген ғашықтар. Олардың сезімдері студенттік шақтағы достықтан бастау алған. Бірінің ойын бірі жарты ауыз сөзден ұғынысып, жұптары жазылмай жүретін. Бір ортада жүріп, отырыс, жиындарда кездесіп қалған оларды достары да жұп екен деп ойлайтын. Кейде қалжыңдап, әзілдерінің арасында «ғашықтар, біздің арамыздағы махаббат символы» деп сөзге тиек ететін. Осылайша жүріп бір-бірінің сезімдерін үнсіз ұғынған. Көзбен басталған ғашықтық көңілге жеткенде сана түкпіріндегі белгісіз әлемнің есігі ашылғандай болған.
Араға көп салмай Бағиланың ата-анасы алапес ауруынан көз жұмды. Жас қыз бар дүниеде жалғыз қалғандай сезініп, өмірден түңілген. Оның көңілін аулауға Бағжанның да, ойын-сауық кештерінің де, қымбат сыйлықтардың да көмегі болмады. Осы оқиға Бағжанның да көңіліне қатты батты. Отбасына айтып, жыл көлемінде отбасын құруға шешім қабылдады. Бар ойы Бағиланың жанында болып, отбасы жылуын сезіндіру болатын.
Бағжанның отбасымен танысу кеші өте жақсы өтті. Оның ата-анасы да Бағиланы жылы шыраймен қарсы алды. Өздерінің де қыздары бар екенін, Бағиланы олардан кем көрмейтінін айтты. Барша тілектері екі жастың бақыты екенін білдіртті.
Тойға дайындық қызу жүрді. Барша туысқанның, таныстардың алдында абыроймен өтуі үшін барын салды. Түрлі әншілер шақырылып, ойындар ұйымдастырылды. Келген қонақтардың көңілінен шығып, риза болуы үшін жағдайдың бәрі жасалды.
Әні-міні дегенше тойға 1 аптадай уақыт қалған. Қуанышы қойнына сыймай жүрген Бағжанға таңертеңгілік шай үстінде хат келді. Ашып оқығаны сол-ақ екен қалай басы айналып, жерге отыра кеткенін білмеді.
Хат Бағиладан екен. Хатта «Жаным, Бағжан. Сенің өзіңе де, отбасыңа да алғысым шексіз. Бірге өткен 2 жыл уақытым үшін ешқашан өкінбеймін. Қиын сәтте маған қолдау көрсеткенің үшін, жанымнан табылып, көңілімді аулағаның үшін ризамын. Алайда мен отбасын құруға, жауапкершілік алуға әлі де дайын емес сияқтымын. Ендігі жерде мені іздемеуіңді сұраймын» делінген.
Бағжан бар шаруасын тастап, Бағиланың үйіне асыққан. Кейін студенттер үйіне, университетке барды. Одан қалса барлық туысқандарының үйін аралап шықты. Расымен де, Бағжан Бағиланы қанша шарқ ұрып іздесе де таба алмады. Оның жаңа мекен-жайын достары да, туыстары да, құрбылары да білмейді екен.
Арада бірнеше ай өтті. Бағжан өз-өзіне келе алмайды. Үйден де көп шықпады. Достарымен араласуды доғарды. Ойында тек қана «Не үшін?» деген сұрақ болды. Бағиланың өзін тастамайтынына сенімді болған. «Неліктен соншалықты кеш, бәріне шыдап келіп, отау құратын уақытта бұлай жасады». Бұл сұрақтарға Бағжан іштей жауап іздеді. Бағиланың бір күні қайта оралатынына, екеуі бақытты отбасы болатынына сенді.
 Жарты жылдан кейін Бағжанның да басына елдегі жағдай келді. Денесінен жаралар шығып, ақыры алапес ауруының белгісі деп танылып, ауруханаға түсті. Аурухана соншалықты жек көрінішті емес, керісінше «Бағила жағдайымды естіп, келетін шығар» деген үміт отын жаққан мекенге айналды. Барлық талдау нәтижесі алынып, Бағжанның ауруы емделуге келмейтін, соңғы стадияға жатқызылды.
Оның естуінше өзі секілді жандар көп екен. Олар Бағжанға «алапес жұқпалы ауру болғандықтан оларға ауруханадан шығуға рұқсат берілмейді, өміріңнің соңына дейін осында қаласың» десті. Бағжан үшін бәрібір болатын. Оның ендігі жерде өмір сүруге де құлшынысы артып тұрғаны шамалы еді. Өзінің барар жерін білген ол аурухана жанындағы бейіт басын аралап көргісі келді.
Кешкілік мезгіл еді. Кешкі асын ішіп болып, айнала қоршалған бейітке жақындады. «Жанар, Арман, Еркін, Салтанат...» деп күбірлеп келеді ішінен. Бәрінің де қайтқан күні 4-5 айдың көлемі екен. «Бағила». Ол бұл сөзді қалай айтқанын өзі де білмеді. Менің Бағилам ба? Ол дереу марқұмның жазылған деректерін оқыды және қайта-қайта. Иә, дәл өзі. Осыдан 3 ай бұрын дүние салыпты.
Дәрігерлерден, медбикелерден ақпарат сұрай келе, оның бір жылдай бұрын ауруханаға түскенін. Ата-анасынан жұққан алапес біршама уақыт өзін көрсетпегенін, соншалықты жалғыз күйде дүние салғанын білді.
«Әттең, менің де жағдайымды білгенде ғой. Екеуміздің отбасылы болып, аз да болса бақытты ғұмыр кешетінімізді білгенде ғой...» Бұл сол сәттегі Бағжанның ішкі ойы болатын.
Г. САҚТАПОВА


25 қараша 2023 ж. 1 300 0