Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Конферансье дайын

Конферансье дайын

«Толқын» газетінің осы жылғы 30-шы тамыз айындағы санында танымал азамат Әнес Әуезовтың «Қазанғап оркестрі Мәскеу төрінде» деген көлемді мақаласы жарияланған екен.
Аса зейін қойып оқып шықтым. Біріншіден, біздің қыз-жігіттеріміздің Мәскеу төрінде өнер көрсету құрметіне ие болғанын мақтаныш етсем, екіншіден, елу жыл бойы осы оқиғаны есіне сақтап, қазіргі оқырман қауымына жеткізген Әнестің ұқыптылығына да аса разы болдым.
1974 жылдың маусымы болатын. Сол тұстағы аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі Қ.Жасекенов аға мені кабинетіне шақырды. Мектепте мұғаліммін, ұстазбын, – депті Әнес жазбасында, – келесі айдың ішінде Мәскеуде, СССР мәдениет министрлігінің ұйымдастыруымен Одақтас республикалардағы аудан және қалалық ұлт аспаптар оркестрі мен хор ұйымдарының қатысуымен үлкен конкурс өткізіледі. Конкурста өнер көрсетуге қазақ ССР-і мәдениет министрлігі, облыстық мәдениет басқармасы біздің Қазанғап атындағы халық аспаптар оркестрімізге үлкен сенім артып отыр. Концерттің бағдарламасы әзір, сонымен танысып шық.
Таныстым. Концерт жергілікті ақын Жанділда Әбішовтің «Мәскеуге сәлем» термесімен ашылуы керек екен. Барлығы 15 нөмір. Ән, би, күй, термеден бөлек әлемдік классикалық Штраустың «Парсы маршы»; П.Чайковскийдің «Көгілдір аққулар биі», тағы-тағылары. Әйтеуір бағдарлама керемет!
Енді бізге, - деді құдекең күлімдеп, - Талғамы жоғары, кірпияз, өркениетті мәскеуліктерге қазақ-орыс тілдерінде еркін жеткізетін концерт жүргізушісі (конферансье) қажет. Соған сізді таңдадық.
Мен көп ойланбай-ақ келістім. Жиырма жеті жастағы жалын болып, шоқ бүркіп тұрған кезім. Мені режиссер Әбілқан Маханов дайындады. Сахнаға кіріп-шығатын өнерпаздың жүріс-тұрысына, әр қимылына ерекше мән беретін ағамыз сәл қателессең қабақ шытады. Әйтеуір көңілінен табылдық қой.
Міне, М.Горький атындағы орталық демалыс паркінің ашық эстрада алаңы. Көрермен қисапсыз көп. Отырғандардан түрегеліп тұрғандар басым. Сонда оқып жүрген қазақ қыздары мен ұлдары бума-бума гүлдерін құшақтап келіпті. Оларға қарауға уақыт жоқ. Қазір сахнада Құрманғазының «Сарыарқа» күйі орындалады. Соның мазмұнын, сөз құдіреті арқылы мәскеуліктерге түсіндіруім керек және Әбілқан ағам: "бәрін жатқа айт, қолыңа қағаз ұстама" деген. Сонымен конферансияның, яғни менің: – «В этом произведений бунтары степи, великого народного композитора Курмангазы Сагирбаева всем сердцем и душой почуствуете необычайную красоту золотой степи, услышите грохот копыт аргимаков с жаркой кровью, свист пролетающего ветра по бескрайным просторам и волшебные неповторимые, чарующие звуки народных музыкальных инструментов домбры, кобыза и свирели. Живи и расцветай, айналайын, золотая степь моя» деп шығарма табиғатының аннотациясын хабарлап болуына екпінді күй сахнадан Мәскеу аспанына қылықтай жөнелді. Ұзақ уақыт дамалыссыз қол соғылып қошемет көрсетілді.
Ал композитор Сүгірдің «Бозінген» күйінің табиғатын, оның ырғағын, айтар ойын өзге ұлт өкілдерінің түйсігіне мықтап сіңетіндей етіп жеткізбесек, қарапайым шығарма ретінде қабылдауы әбден мүмкін. Күйді тыңдағанда сары даланы шарлап нәр татпай ботасын іздеп боздаған бейшара аруана көз алдында елестеуі керек. Ал мен: «Идет по степи, оглядываясь по сторонам верблюдица несчастная, протяженно ревет она, издавая беспрерывно и жалобные звуки, похожие на плачь, из ее глаз текут крупные, жгучие слезы тоски и печали, она ищет своего пропавшего верблюженка. Где же, ты, где верблюженок мой» деп күй мазмұнына түсінік берілуін күтіп тұрған дирижер пультіндегі Сайлау Тілеповтің сиқырлы таяқшасының сілтеуімен оркестрдің негізін құрайтын қос ішекті домбыраның қоңыр даусы, қыл қобыздың зарлы сарыны мен сыбызғының сызылтқан азалы үні, Еуропалық музыкалық аспаптарымен үндестік тауып, бәрі-бәрі «Бозінген» болып, зарлап қоя берді...
Па-а, Әнес те жазуын сұлқитқан екен. Және өзінің де тағы бір кездесуде әріптесі Әскербек Есжановтың баянда сүйемелдеуімен қарақалпақтың «О, Мария, Мария!» деп аталатын әзіл әнін асқақ үнмен шырқапты дегенді, сол тұста ұзын құлақтан есіткенбіз.
***
Иә, сөйтіп 1967 жылы «Халық оркестрі» құрметті атағына ие болған бұл ұжым Мәскеуде де Аралдың даңқын паш етті. Бірақ менің айтқым келгені бұл емес. Оның бәрін сұңғыла Әнес інім жазып қойған. Алдағы 2024 жылы осы «Халық оркестрінің Мәскеуде өнер көрсеткеніне елу жыл толады екен. Содан бері көп нәрсе ұмытылды. Өзіміз бөлек ел болдық. Енді әділетті Қазақстанның іргесін бекемдеп жатырмыз. Сол концерт қаз-қалпында өз сахнамызда қайталанып қойылса деген пікірдемін. Жастар білсін, көрсін, ғибрат алсын. Алдын-ала олармен кездесулер өткізілсе де артық болмас еді. Мәскеуде өнер көрсеткен Мұрат та, Байнияз да, тағы-тағылары да сол деңгейінде, сол биігінде, еш аласарған жоқ. Біздің қарындастар мен келіндер оларды саф алтындай сақтапты. Ал конферансье болса да дайын. Әрине, ол Әнес Әуезов!
Шәкірат Дәрмағамбетұлы,
тыл ардагері, Арал қаласы

Фото: massaget.kz


23 желтоқсан 2023 ж. 955 0