Қазынаны қастер тұтсақ
Құдай адам баласының басына іс түсірмесін, әсіресе, Жаратушы ием өкпеге қиса да өлімге қимайтын жақын-жуық, дос-жаран, қимас жандардың басына сынақ салмасын. Бала күнімізден бірге өскен, кейінірек облыстардың бірінің орталығына қоныс аударып, сол жақта біраз жыл қызмет істеген бір жолдас азамат зейнетке шыққалы тұрғанда өмірден өтіп, соған қайырлы болсын айтуға бардық.
Барушылардың дені ағайын-туысы, жерлестері болғасын, марқұмды шығарып салудың исламға негізделген ғұрып-дәстүрлері сол өзі туып-өскен жақтың кәде-кәуметіне көбірек бейімделді. Әрине, соншалық шектен шыққан жағдай орын алған жоқ, бірақ маған оң жақта жатқан мәйітке айтылған жоқтауға байланысты жайт ерсі көрінді.
Жоқ-жоқ, өз басым шынымды айтсам, шектен шықпаған, өзгенің оғаш ғұрпын тықпаламаған, тозығын мансұқтап, озығын төрге оздырған, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымызбен астасқан дәстүрлі исламға еш қарсы емеспін. Соншалық сопы болмағаныммен, Құран Кәрім, хадистерді, түсіндірме тәпсірлерді біршама ақтардым.
Әсіредіншілдердің «анау ширк, мынау ширк, сәлем салуға болмайды, Жаратушыдан басқаға иілуге болмайды» дегендеріне Құранда жауап та бар. Мысалы, «Жүсіп ғ.с. пайғамбар ата-анасын таққа отырғызды, сонсоң патшаға тәжім еткендей олардың алдында бас иді, олардың салты бойынша бас ию ғибадат жасау емес, құрмет көрсету еді». 100-аят. Жүсіп сүресі. Ата-анаға, үлкенге құрмет көрсетуге Құранда тыйым салынбаған.
Мұхаммед с.ғ.с. пайғамбарымыздың: «Егер сенің ата-анаңның қабірі мен менің қабірім қатар жатса, сен алдымен ата-анаңа дұға жасамай маған келіп дұға жасасаң мен оны қабыл етпеймін. Себебі ата-анаң разы болмаса Алла разы емес, Алла разы болмаса мен разы емеспін» деген хадисі бар. Бұл жолдарды енді ұлттық дәстүріміз бен діннің арасында бөліп-жаруға болмайтын қисынды байланыс бар екеніне дәлел ретінде келтіріп отырмын. Айтпағым, өмірден өткен азаматты іздеп, оның жақсы жақтарын айтып жылауға, яғни ата-бабамыздан келе жатқан, ауыз әдебиетімізде болған жылау немесе дәстүрлі жоқтауға байланысты еді. Әлгі азаматты жоқтап бір жасы келген әйел жылап отырды, енді шыны керек дауысы кәнігі әншілердің дауысынан еш кемдігі жоқ, сай-сүйегіңді сырқыратады, марқұмның азаматтығын, отбасына деген қамқорлығын, жақын-жуыққа жанашырлығын, қысқасы ештеңесін қалдырмай көптің көңілін босатты. Риза болғаным сонша, соңынан бір ауыз көңілімді білдірейін деп танитындардан сұрастырсам, арнайы жоқтау айту үшін жалға алынған болып шықты, соған көңілім қалды. Әрине өмір сондай, торқалы той болса, топырақты қаза да қатар жүріп отырады. Жаратушы Алла ешкімнің басына іс түсірмесін, бірақ тағдыр тауқыметі пендені таңдап-талғап жатпайды. Сондай тауқымет түскен тұста, «жүктің ауырын нар көтереді, қайғының ауырын ер көтереді» демекші, қандай сынаққа да сай болу, соған сәйкес дәстүрді дұрыс атқару – пенденің парызы. Бұл өмір біреуге ерте, біреуге кеш деген рас қой.
Бала күнімізде, жастау кезімізде көрші-көлемнің, жақын-жуықтың өмірден ертелеу өткен, жастай қыршын кеткен ет жақын, бауырын іздеп жоқтағанын көрдік. Ол рәсімді анасы, апа-қарындасы, жары марқұмды жер қойнына тапсыратын күні және қырық күндік асына дейін күн сайын күн шығардың алдында, күн батқаннан кейін жалғыз немесе қосылып орындап отыратын. Ал одан соң жүзі және жылдық асында дауыс шығарады да, көзден кетсе көңілден де кетеді дегендей, қайғы-қасірет біртіндеп артта қала бастайды.
Қазақтың жері ұлан-байтақ қой, жоқтау сарынының бірыңғай әйел затына ғана тән әлгі түрлері көп жағдайда оңтүстік-батыс және батыс өңірлеріне тән. Ал өзім арнайы көргенім жоқ, бірақ көрген адамдардан шығыс және шығысқа жақын оңтүстік облыстарда қазалы шаңыраққа жанашыр ер-азаматтар ат қойып, дауыс шығарып «ой бауырымдап» шауып келіп, есіктің алдында да дәл солай ер адамдардың дауыс шығарып қарсы алатындығы туралы естідім.
Қазіргі оқулықтарда бар-жоғын білмеймін, осыдан жарты ғасырдай бұрын мектептің жоғарғы класында оқып жүргенімізде қазақ әдебиеті пәнінде қазақтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрлеріне байланысты тереңдетіліп оқытылмаса да, арнайы түсіндірмелер болатын, соның арасында жоқтау да бар еді. Бала кезімде батырлар жырын көп оқыдым, жоқтау сарындары «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр», «Ер Тарғын», «Қамбар батыр» сияқты эпостық жырларда, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан» сияқты лиро-эпостық жырларда да жиі ұшырасады. Мұндағы жоқтауды ел қорғаны болған батырлардың анасы, жары, қалыңдығы жау қолына түскеніне, қаза болғанына, ел-жұртын жау шабуына байланысты олардың ерлігін, ел үшін атқарған лайықты іс-әрекетін, мазмұнды, сөзіне сарыны сай, тыңдаушылардың сай-сүйегін сырқыратып, келістіріп жеткізе білген. Бұл жоқтаулар тіпті елдің есінде сақталып, ғасырдан-ғасырға ауызша жетіп отырған.
Тарихта болған, кейінірек ерлігі қазақ халқының батырлар жырына арқау етілген атақты Қарақыпшақ Қобыланды батыр Тоқтарбайұлы мен өз заманының атақты биі болған, әділ төрелігі үшін Ақжол атанған әрі батыр, әрі би Дайырқожа екеуі де сол кезеңнің билеушісі Әбілқайыр ханның ең қимас адамдары болыпты. Осы Қобыланды батыр мен Дайырқожаның арасында әйел затына байланысты ерегіс туып, Қобыланды батыр Дайырқожаны өлтіреді. Осыған орай, өте көркем мағыналы, қайғының қара бояуына суарып алғандай зарлы сарынды, ұрпақтан-ұрпаққа, ауыздан-ауызға беріліп біздің заманымызға дейін жеткен. Баласы Дайырқожаның сүйегін айналып жүріп айтқан әкесі Қодан-Тайшынның жоқтауын қайғы-қасірет болса да құнды қазынаға жатқызса жарасар еді:
– Қарақыпшақ Қобыландыда нең бар еді, құлыным?
Сексен асып, таянғанда тоқсанға,
Тұра алмастай үзілді ме жұлыным,
Адасқанын жолға салдың, бұл ноғайлы ұлының,
Аққан бұлақ, жанған шырақ, жалғыз күнде құрыдың,
Қарақыпшақ Қобыландыда нең бар еді құлыным?
Тоқетерін айтқанда, жоқтау жыры – тек қазаққа ғана тән, көне тарихтан қалған ұлтымыздың меншікті мұрасы, ауыз әдебиетіміздің баға жетпес асыл қазынасы және осы тектес құндылықтарымыздың қадірін кетірмей қастерлей жүрсек жөн еді.
Әлімжан Қияс.
Әйтеке би кенті
syrboyi.kz
Фото: ашық дереккөз