Мәлін айбат көрсеткен күн
Күз болса да қыркүйек салқыны сезіле қоймаған жайма-шуақ мезгіл еді. Жаңадария өзінен бастау алатын дарияны жағалап қонатын 50-60 шаңырақтың күнделікті күйбең тірлігі қыза бастаған жоқ. Сырым қорадағы малды ауыл шетіндегі иіріліп тұрған кезекке қосты да, үйге асықты. Үйге кіргенде келіншегі таңғы ас даярлап қойған екен. Дастархан басында екі ұлы мен кішкентай қызы, шешесі отыр. Таңғы асын шала-пұла ішіп, төргі бөлмеге өтті де, мылтығын майлап, оқ-дәрілерін қамдай бастады. Ондағы ойы – таңғы жайылымға шыққан үйрек-қазды мезгілінде атып алу.
– Е, батырым, жыраққа аттандың ба? – деген әйеліне:
–Бүгін оң көзімнің тартып тұрғаны, –деп көзін қысқан ол, ыңылдап әндетіп жүріп киіне бастады.
Күн найза бойы көтерілген шақта 16-калибрлі мылтығын асынған Сырым дария жиегіне ілінді. Жақындаған сайын көңіліндегі бар уайымын ұмытып, аңшыға тән сақтықпен шеңгел ортасына енді.
Мысық табандап жылжып, көл бетінен анық көрінетін бір шоқ шеңгелдің түбіне жетіп, демін бір-ақ алды. Аңшы шеңгел ортасынан дарияға қарағанда көз алдындағы тамаша көрініске куә болады. Көл ортасында калың қопалы қоға, оның берісінде құрғақ арал. Арал мен жиек арасы тұнық көк су. Ал жиек пен бұл отырған аралыққа дейінгі жер майса жапырақ. Қысқасы, тамаша табиғат. Ал табиғаттың көркін одан сайын кіргізіп тұрған – құс базары. Күн жаумай су болатын егіз шағалалар, аралда таранып отырған қаздар, суда сүңгіп жем іздеп жүрген барылдауық, қызылтұмсық үйректер, қоғаға бір кіріп, бір шығып тыным таппай жүрген қасқалдақтар. Сырым осылай бақылап біраз отырды да:
– Е, Құдайым қанды басын бері тарт! – деп, оқшантайын суырып, оқжатарға салды. Құлағын қайырған мылтық ұңғысын шеңгел арасынан көлге қарай бағыттай берді. Берірек отырған барылдауықтың ата қоразын көздеп, шүріппені енді басайын дей бергені сол еді, бес-алты қадам жерден бір мақұлықтың жыбыр еткенін байқап қалды. Аңшыға тән жіті назар дереу жаңағы жәндікті іздей бастады.
Тағы бір жыбыр еткенде байқады, жаңағы жемтігін аңдыған даланың жабайы мысығы екен. Ала сызықпен көмкерілген сұп-сұр терісі, жарты қарыстан сәл ұзын тұрқы бар неменің түсі барынша салқын көрінді. Сырымның денесі дір еткендей болды. Өзіне-өзі ашуланып, жанары бұлдыраған аңшы "әй, әкең" деді де, нысананы жобалап шүріппені басып қалды. «Гүрс» еткен дауыстан соң дәрі иісі мүңкіп, айналаны шулаған құстардың қиқуы басып кетті. Жануармен жағаға атып шығып, аңшы оғы мәлінің екі артқы аяғын сырғанын көрді. Жүрісін шайқастырған мәлін көзін бұған қадап, екі аяғын сүйреткен қалпы тұра салды. Мысықтан мұндай айбат күтпеген аңшы абдырап қалды. Жалма-жан оқжатарды ашып екінші қайтара оқталып еді, қырсықты көрмейсің бе алғаш оқтағанда қара басып ісінген оқ салған екен, ісінген оқты суырмақ болған әрекетінен түк шықпады. Қан сорғалап жүрегі қатып кеткен тағы неге қамығар емес, бұл шегінген сайын арақашықтық та қысқарып келеді. Қасқыр екеш қасқырдан мұндай қарсылық көрмеген аңшы тұла бойы түршігіп, қара терге түсті. Арты қалыңға тақап қалғанда шұғыл шешім қабылдап, оқжатарды тарс еткізіп жатқыза, мылтық түбімен жаралы мысықты желкесінен қағып кеп қалды. Жаралы демігіп сылқ түсті. «Үһ» деп демін алып, Сырым өзінің мысықтан қорқып, қара терге түскенін ойлап, күліп жіберді.
Кейін осы оқиға аңшының аузынан тастамас қызықты әңгімесіне айналды. Даланың қызығы, аңшының қызығы таусылсын ба?!
Асқар Жұбанышов
Фото: naturephoto-cz