Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Бала сыйлаған бір ауыз сөз

Бала сыйлаған бір ауыз сөз

Жаз. Жайдары күннің шуағы таң жаңа атса да шекені қыздырып, маңайды оятқанына көп болған. Маңыраған малдың дауысы мен жамыраған жанның ерсілі-қарсылы қозғалысы тіршіліктің басталғанын баяндап тұр. Бұл аумақтың ыстықтығы соншалық,  тек осы уақытта ғана тіршілік қызғанымен күн көктің төріне көтерілген уақытта аптап ыстықтан алқынған жұрт айтарлықтай белсенділікке ене қоймайды. Тек жұмысқа беттеген бірлі-жарлы жанды байқап қалмасаңыз, көшеден көп адамды жолықтыру мүмкін емес.
Осыны ойлаған Арай да таңмен таласа тұрып, үйдің шаруасымен әлек. Өзінен кейінгі кішкентайлардың төсегін жинап, одан қалды сыпырғысын қолына алып, тазалық қамына кірісеп те үлгерген. Қалада оқып жатқан ол студенттік шақтағы демалысын ата-анасының жанында, туған ауылында өткізуді әдетке айналдырған. Себебі өзінен үлкен әпкесі тұрмыс құрып кеткелі жыл санап қарттыққа жақындамаса да, жастықтан алыстап бара жатқан әкесі Серік пен анасы Гүлшара кішкентай қос ұлымен үйде. Сондықтан оларға көмектесуді Арай да өзіне борыш санайды.
Жаңадан үй тұрғызып, бір жыл қыстап шыққалы бері ауладағы ескі там бұл отбасының жазғы отыратын баспанасына айналған. Сол үйге малды сауып, отыз жылдан аса уақыт отасқан отағасы Серіктің алдына малды салып берген Гүлшара анасы білегіне асқан темір шелегін салдырлатып кірді. Кірді де:
– Арайжан, шәйіңді қамдай бер. Қазір әкең де келіп қалар. Малды бақташыға қосады да қайтады. Сосын әлгі көрші ауылдағы жиені келінді болып жатыр екен. Соған баруы керек, шәйін ішіп шықсын, – деп самбырлай сөйлеп, шелектегі сүтті қазанға қотарды да, – Мынаны да газдың бетіне қоя сал, пісе берсін. Қазір балалар ішер, – деп сыртқа бет алғаны сол еді, Арай тосыннан:
– Апа, Нұрай ұлды болса, есімін мен қояйыншы, – деді. Әкесі мен анасын қанша жақсы көрсе де атасы мен әжесінің бауырына басқан немересі болғандықтан ба, әйтеуір Арай олардың бірін – көке, бірін – апа деп атайтын. Бұған құлақтары үйреніп кеткенімен, Гүлшара апа қаққан қазықтай қатты да қалды. Сөзсіз қалуына себеп оның "апа" деуі емес, "Нұрай ұлды болса" деген сөзі еді. Өйткені өзге шаңырақты аттап, келін атанған Нұрай олардың тұңғыш қызы. Анасы тұңғышын перзентіне жарық дүние сыйлаған соң, көп уақыт құрсағынан құт қашқандай болды. Арада бірнеше жыл өткенімен, келесі жүктілікті ұзақ күтті. Қазақтың түрлі салтын жасап, жақындарынан иткөйлек сұратқан да болатын. Бірақ Алла асықпайды екен. Үміті үзілуге айналғанда Арайды, одан соң қос ұлын өмірге әкелді. Сол бір шақтағы ішкі күйзелісі есіне түссе әлі күнге дейін жанын қоярға жер таппайды. Бірақ бүгінде оны қинайтын басқа да жәйт бар. Ол Нұрайының басындағы жағдай.
Нұрай ерке өсті. Төлбасы болғасын ба, әйтеуір атасы мен әжесінің аялы алақанын алғаш сезінген ол жылы-жұмсақты дәмін бірінші тататын. Қарттардың көзінен тасада Серік пен Гүлшара да бар сүйіспеншілігін сездіріп жатты. Ол есейгенше жалғыз өсті. Еркелігі де басым еді. Бірақ қазірде соның бәрін артта қалдырып, бір шаңырақтың жалғыз ұлымен жұптасып, келін атанды. Ата-енесінің қолын ұзартып, жарына жаға білді. Барған жерінде де не ішемін, не жеймін деген тапшылықты сезінбеді. Үлкендердің батасын алып, өзінен кейін түскен келіндерге жол көрсетіп жүргенімен, Алла оны да перзентпен сынаған еді. Он жылға жуық уақыт өтсе де бір балаға зар болып келеді. Анасы да құбылаға бес уақыт бет бұрып, дұғасына Нұрайын қосатын. Арайды әлгі сөзі отқа май құйғандай болды.
Өзегіндегі өксікті ішіне жұтып:
– Әй, бар болғыр, сенің-ақ қалжыңың қалмайды екен. Енді апаңмен ойнайын дедің бе? – деп далаға шығып кетті.
Бірақ Арайдың осы сөзі есінен бір шықпай қойған анасы әкесін жолға шығарып салып, түскі астың үстінде тұңғышына қоңырау шалды. Амандық-саулықтан кейін:
– Мына мың болғыр солай деп отыр. Жындының сандырағы келеді дегендей, жаңалықтарың жоқ па? – деп әзілдей сұраса да, дауысынан жақсы жаңалықтан үміт күткендей үн байқалды. Телефонның арғы жағындағы қызы да уайымын жасырып, бір күліп алды да:
– Апа-ау, ондай жаңалық болса бірінші сізге айтамын ғой, – деп жауап қайтарды да, сәл ғана үнсіз қалып: – Жарайды, апа, бәріне сәлем айтыңыз, – деп тұтқаны қойды.
Тағы бір ай жаңарды. Әдеттегі тіршіліктен жаңылмайтын ауылдың тұрмысы. Сызып берген картадай тіршілік күндегіше өтіп жатыр. Арай бұл жолы да ас бөлмеде, таңғы тамақтың қамымен жүрген еді. Кенет сыртқы есікті жұлқына ашқан оның дауысы бұл жолы бөлек естілді. Анасы да есіктен жоспарлы жұмыстың жайын айтып емес, "Арай, қайдасың? Сен қыз не көрдің?" деп тергей кіріп келеді. "Не бүлдіріп қойдым екен?" деген үреймен анасының жүзіне қараған қызы бұл жолы ашудың емес, қуаныштың ізін байқады? Бірақ екіойлы болып тұрған ол түкке түсінбей "не болып қалды, апа?" деп қарсы сұрақ қойды.
– Кел, отыр. О, Жаратқан! О, Алла, тілеуімді қабыл алған екенсің ғой! Шүкір, шүкір! – деді де, – Мен қазір бір жаңалық айтамын, бірақ сен әзір ешкімге айтпа, – деп асығыс:
– Нұрай тәтеңнің жаңалығы бар екен, – деп қызын құшақтай жылай кетті. Мұны естіген қызы да құшағы жазылмастан қуаныштың тамшыларын төге берді. Бұл – қуаныштың жасы.
Су ішіп, жүрегін сәл басқандай болғанымен, Алласын аузынан тастамаған Гүлшара анасы:
– Қызым, қане, айтшы, қайдан білдің? – деді жауапсыз қалған сұрағын қайта қойып. Сонда Арай алғашқы рет "апа" деген сөзінен жаңылып:
– Анашым, білмеймін. Бірақ кейде жүрегім сезген нәрсе орындалатынын білесіз ғой. Сол күні сіздің алдыңызда үй сыпырып жүргенде, Нұрай тәтемнің дауысы құлағыма келгендей болды. Есікке жалт қарағаным сол еді, жүгіріп жүрген 4-5 жасар бір ұлды қолынан жетектеп сыртқа шығып бара жатқандай көрінді. Ішімнен "сағынғанымнан болар, демалысқа келгелі барып сәлем беріп те қайтпадым" деп ойлаған едім. Ал "ұлды болса, атын мен қояйыншы" деген сөздің қалай аузымнан шыққанын өзім де сезбей қалдым, – деді де, қайтадан құшақтап анасын бетінен сүйе берді.
"Жақсы сөз – жарым ырыс". Жақсы сөйлей білейік. Періште "әмин" десе, қабыл болары анық.
Оңталап ЖОЛДАСОВ

13 қаңтар 2024 ж. 726 0