Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Болмаған балалық шақ

Болмаған балалық шақ

Балғын балалық шақтың бақытты күндерінде жақындарынан айырылу сезімінің қандай болатынын білесіз бе? Ойын баласы болып алаңсыз ойын ойнамай ерте есею сезімін сезініп көрдіңіз бе? Міне, осы бір балалықтан басталған қиын тағдыр суреттелген Ақберен Елгезектің басынан кешкен «Болмаған балалық шақ» атты туындысы еріксіз көзге жас келтірері анық.
Атаулы туынды өз оқырманын кей сәттерінде жылатса, енді кей сәттерінде күлкі сыйлайды. Иә, бұл жай күлкі емес түсінген адамға іштегі мұңды әзілмен шығарған күлкі еді. Әкеден ерте айырылған бала Ақберен отбасымен анасының төркініне көшіп барады. Әкесінің түр-сипаты, мінез-құлқы және жүріс-тұрысы небәрі төрт жастағы автордың есінде сақталмаған екен, Тіпті өзін қанша қинап еске түсіргісі келсе де, жадын жұлқылағанымен түк таба алмады. Сонымен «Үлкен үй» деп аталатын нағашыларының үйінде нағашы әжесі, анасының үш інісі мен бір сіңілісі тұратын қарашаңырақ. Осындай күйбең тірішілікпен айналысып отырған үш бөлмелі үйге тағы да төрт кісі қосылады. Олар Ақберен және анасы, ағасы Данышпан мен әпкесі Маржан.
Жаңа қоныстаған жерінде авторды барлығы «қияли бала» деп атаған екен. Оның себебі маңайдағы жұрттың барлығын жинап алып, өзінің басынан кешкен қызықты оқиғаларын айтып отыратын болған. Бастан кешкен дегенде қиялдан туған түрлі әңгімелерімен жұртты ду күлкіге қарқ қылып жүретін. Ал оны қызыға тыңдап отырған жұрт «айт, тағы да айта түс» деп үйінен арнайы ала шыққан кәмпит, прәндікті жейдесінің етегіне уыстап төгетін. Сондай-ақ шөлдей бастағанында әңгімені ертең жалғастыратынын айтып тамағын кенеп ишара білдіреді екен. Оны түсінген жұрт жақын маңайдағы дүкеннен арнайы лимонад әкеліп береді. Сөйтіп қиял-ғажайып әңгімелер мен өзі ойдан қиыстырған естеліктерін айтып тапқан тәттіге толы нәпақасының тең жартысын ауру ағасына әкеліп береді. Ал ағасы Данышпан өзінің салған суреттерін сыйлайтын. Туғаннан мүгедек болып туған ағасын туыстары «қаршадай боп алып үлкен кісілердің әңгімесін айтады» дейтін. Үйде отырып сурет салып, одан қалса кітап оқып, теледидар қарайтын ауру ағасының қолынан басқа келері жоқ еді.
«Сол сұрқай күзді есіме алсам, денемді әлі күнге дейін бір отты шер қариды. Қазанның сүрекей сүйкімсіз күндерінің бірі еді. Семей жаққа күз ерте келіп, артынан қыс көп ұзамай аспаннан салбырап түсе қалатын. Сондай бір жауынды-шашынды, ызғарлы күндердің бірінде мен аяулы ағамнан айырылып қалдым» деген автордың осы бір көрінісі еріксіз көзге жас келтіреді. Ендігі жақыны анасы мен әпкесі қалған еді. Әпкесі Маржан басқа қалаға оқуға түседі. Ал анасы бір жылдан соң күйеуге шығатын болады. Оның тигелі жатқан адамы жасы елуге жеткенше жылқы бағып, дала кезген, адамдармен араласпаған, қатал кісі екен.Той болатын күні Ақберенді үйге қамап тастайды. Ал әпкесі Маржан оны жұбату үшін анасының баратын үйінің үлкендігін, болашақ папаларының бай екендігін айтып әлектенеді. Анасының келуі уақыт өткен сайын сиреп кетеді. Ал бала Ақберен нағашылапының үйінде анасын күтумен жүреді. Бір күні бір күнінен айнымай өтіп жатқан балылық шағының қызықты күнлері оны ерте есеюге әкеледі. Мейірім мен жылулық іздеген бала біреуді құшақтағысы келетін немесе біреу оны құшақтап, еркелеткенін қалайтын. Нағашы ағалары өз балаларын айналып-толғанып жатқанда, оған да бір жылы сөздің ұшқыны тиіп қалар деп жәутеңдеп тұратын. Міне балалық шағының қиын күндері созылмалы дерттей созыла түсті.
Бірде Ақбереннің бұзықтық жасағаны үшін нағашылары оның анасына хабарласып, алып кетуін сұрайды. Сөйтіп анасы келгендегі қуанышы қойнына сыймай, көлікке отырып анасымен бірге белгісіз үйге аттана береді. Осы тұста Ақбереннің көрген қиындығы, оны өгей әкесінің аяусыз ұруы оны ешкімнен және ештеңеден қорықпауға үйретеді. Осылайша қаншама қиындықты бастан өткеріп жүрген боз баланы бөтен қалада тұратын нағашы ағасы өз үйіне әкетеді. Сөйтіп мал бағып, дала баласына айналған Ақбереннің өмірі бір сәтте жақсы жаққа өзгереді. Дегенмен анасына деген сағынышы әлі де бала жүрегінде сақталып қала береді. Келген көліктен, үйге келген әйел адамдардан «анам келді» деп үміттенумен ғана жүреді.
Балалық шақ – адам өміріндегі ең маңызды кезеңдердің бірі болып саналады. Яғни, бала кездегі тәрбиесі, білімі оның келешекте қандай адам боларына байланысты. Ал атаулы туындыдағы Ақберен ойын баласы емес, дала баласына айналды. Оның көрген қиындығы, өгей әкесінің көрсеткен қорлығы барлығы барлығы оны ерте есейтті. Осы тұста оқырман туындыдан Ақбереннің көрген қиындықтары арқылы жақындарымызды бағалауды, өмірде түрлі қиындықтармен күресуді үйретеді.
А.НҰРЛАНОВА
16 қаңтар 2024 ж. 1 202 0