Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Тар жол тайғақ кешкен тағдырлар

Тар жол тайғақ кешкен тағдырлар

«Дүниенің жаратылысында жазық жоқ, мүкісі жоқ. Дүниені бүлдіретін – өзіміз. Ең ақылды жаратылған жан – ол адам. Ақылды азапқа айналдырған да – адам. Жаратылыста жазық жоқ.» – деп басталатын Шерхан Мұртазаның Ай мен Айша туындысы көпке таныс болар. Қазақ әдебиетінің дамуына зор үлес қосқан, қазақтың біртуар азаматы Шерхан Мұртаза атамыздың шығармаларының әдебиет әлемінде алар орны бір төбе. Өзіндік жазу ерекшелігі мен қалың оқырманға әкелген жаңашылдығы қарымды қалам иесінің әдебиет жолындағы ерен еңбегін көрсетеді.
Шерхан Мұртазаның алғашқы романдарының бірі – Ай мен Айша туындысы екен. Шоқтығы биік туындыда сол заманның қасіреті мен жалғызбасты ана жанының көрген қиындығы баяндалады. Атаулы романды оқып отырып азғантай ғана қазақ халқының бірін-бірі көре алмай, аяқтан шалған қасиетіне жаның ашиды. Заманындағы тұрмыс қыспағымен Айшаның күйбең тірлік астында қалып, қиындыққа толы күндерді қалай бастан өткергені сипатталады. Иә, аймен сырласқан Айшаның өмірін көз алдымызға келтіре отырып, бүгінгі тыныш заманда күн кешіп жатқанымызға мың да бір шүкіршілік етеміз.
Туынды барысында Мұртаза ұсталып, Айша балаларымен шаңырақ басында жалғыз қалады. Тағдыр тәлкегіне ұшырап, тұрмыстың күйбең тіршілігіне тап болады. Емшектегі баласын тастап, колхоз жұмысына шығып кетеді. Үш түйір арық ешкілері үшін колхоз шөбін ұрлап, өзіне істелген әділетсіздікке күйінеді. Күнкөріс қамымен тары егіп, оны суарып жүрді. Сонымен бірге балаларына да аналық жылуын бере білді. Баласы Барсхан қатты ауырып жатқанда аналық мейіріммен емдеп шығады. Сондай-ақ күнде кешқұрым шамсыз, қараңғы үй ішінде балдарына тәрбиелік мәні зор ұзақ әңгімелер айтатын. Осындай жоқшылықпен күресіп жүріп, жұмыс істеп жүрген сәтте жүк пойызының астына құлай жаздайды. Балалары үшін шырылдап, тыным таппаған ана тағдырын оқып отырып көзіңе еріксіз жас келеді. Иә, Айша намысқой, төзімді және балаларына оң бағыт-бағдар көрсете алған нәзік жан.
Айшаның баласы Барсханда бақытты балғын балалық шақтың қызығын көрмей, керісінше тек қиындықпен күресумен жүріп ерте есейеді. Осылайша ойын баласы Барсхан ойлы балаға айналады. Бозбала кезінен басқа түскен қиындықпен күресу жолында еңбекқор, өжет, адам баласына деген ізгілігін жоғалтпаған басты кейіпкер. Қыстың күні үйді жылыту мақсатында сырттан отын әкеле жатқан жолда аязды күні боранда үсіп кете жаздайды. Әкесін басшылық халық жауы деп даттап жатса да, өз тегінен айналмай, сол қалпында сақтап қала білді. Сол кездегі басшы болса да ақылсыз, елге азап көрсеткен Жуанқұлдың ит тірліктері де баяндалады. Бозбаланы түнгі арпа кезегіне күзетке қойып, халық жауының ұлы деп төбесінен баса берді. Қиын заманнан тарылмай өтуге бел буып, егіндікте масақ қырыққан екі баланы әдейі қамбаға қамап, күш көрсетеді. Ауыл ішіне жаңадан көше саламыз деген құйтырқы оймен Айшаны отбасымен бірге үйден қуып шығады. Бұл жалғыз жағымсыз кейіпкер емес. Жүрегінде мейірім жоқ, обал-сауаптың не екенінен бейхабар Тасбет есімді кейіпкер де халықты тек қысумен болады. Ол Барсхан анасы ауырып жанында қалған сәтте бозбаланы қамшының астына алып, халық жауысың деп тілдейді. Қырман басында да ойына келген тілдеулер айтып, Айшаның намысына тиетін жаман сөздер айтып, кекетіп отырады. Міне, осындай тәңірінен қорықпайтын, залым басшылардың кесірінен Айшаның отбасы көптеген қиындықтарға тап болумен жүреді. Дегенмен, бұл отбасыға жанашырлық танытып, қолдан келгенше әрдайым көмек қолын созып жүретін жандар да жоқ емес. Олардың бірі балаға әліппе үйретіп, сауатын ашса, енді бірінің ауырған Айшаға емдік шарапаты тиеді. Нағашылары Сәли, Қали және Бөпетайлардың қамқорлығын көп көреді.
Сонымен бірге туындыда қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі мен ырым-тыйымдары да романдағы оқиғалармен ұштастырылып жатады. Жалпы бұл туындыны оқыған қалың оқырман қазақ халқының асыл қасиеттерінен үлгі ала отырып, келер ұрпаққа жеткізері анық.
Қазақ әдебиетінде ерекше орын алған атаулы шығарманың өз оқырманына тигізер пайдасы мен берер тәрбиесі жетерлік. Мұны оқып отырған адам бүгінгі ел тыныштығына шүкіршілік етіп, басқа түскен қиындыққа да сабыр етуді үйренеді. Жалпы қазақтың қай туындысы болмасын өз оқырманына жағымды қасиеттерді үйретеді. Сол үшін бүгінгі технология дамыған заманда жастарды қазақ әдебиетінен қалыс қалдырмағанымыз жөн.
А.НҰРЛАНОВА
29 қазан 2022 ж. 1 383 0