Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қарттарға орталық керек немесе зейнет демалысынан кейінгі сергелдең

Қарттарға орталық керек немесе зейнет демалысынан кейінгі сергелдең

«Қарты бар елдің қазынасы бар» деген сөз бекер айтылмаған. Расында өмірдің ақ пен қара жолағын қатар өтіп, өмір соқпағынан тәжірибе жинап, даналығымен жастарға үлгі болатын қариялар біздің бар байлығымыз. Өмірі еңбекпен өріліп, талай жыл таңын жұмысқа асығып атырған, күнін жұмыспен батырған еңбек адамдары бір алаңсыз демалуды армандайды. Ондай бақыт зейнет демалысына шыққан соң ғана бұйырар. Бірақ адам бітпейтін демалыстан да шаршайды ғой. Ауылды мекен еткен қария қорасына мал ұстар, бау бақшасын ермек етер. Ал қалада, тар шарбақта қоныс қылған ардагерлер ше? Олар қайтып уақыт өткізбек? Зейнетке шығып қарттық қуатын қайырлы іске жұмсай алмай аласұрған екіұдай күйде жүрген жандарға орталық керек-ақ.
Елімізде ерлер 63 жаста, әйелдер 61 жаста, көпбаланы өмірге әкелген болса 53 жаста, ал әскери салада, ауыр өндірісте жұмыс істегендер 43 жаста зейнеткер атанады. 43 нағыз кемелденетін шақ. Бұл кезде зейнеткер атанған ер азаматтар көбіне 63 жасқа дейін қорғаушылық саламен байланысты жұмыстар істейді. Ал жас толтырып зейнет демалысын алған медицина, білім беру, басқа да салада жылдар бойы табанды еңбек еткен қариялар өздерін керексіз қалған адамдай сезініп, істерге іс таппай қиналатынын естіп жүрміз. Көбінесе зейнетке шығып үйде отырған жандардың негізгі шаруасы – мектеп пен балабақшаға баратын немересін апарып салу мен күтіп алу. Қартайған соң пейілі баладай өзгеріп, өкпелегіш келетін осы жандарға қартайған соң тойдан бөлек замандасымен жүздесіп, ермек болар іспен айналысып, уақытын тиімді өткізетін жердің жоқтығы қынжылтады.
Бірде таныс құрбым өзінің өмірінің тең жартысын мемлекеттік қызметке арнаған әкесінің тым зерігіп жүргенін, немересін балабақшаға апару үшін ақ көйлек пен галстугін тағып шығатынын қарап, іштей таң қалып отырады. Бұл әңгімені келесі құрбым да іліп әкетті. Ол өзінің қайын атасының бұған дейін үйдің шаруасына аса зер салмайтын әдетінен айнып, бәрін жіті назарында ұстап, әрбір ісіне жағаласып, мазасыз болып кеткенін. Кейде үйге сыймай ештеңе алмаса да базар аралап келетінін айтты. Ал талай жылы қорғаныс саласында еңбек етіп, бүгін бейнетінің зейнетін көру үшін демалыс алған әкесінің күніне 4-5 мәрте қоңырау шалып, тынымсыз әңгіме айтатынын, сөйлесуге уақыт таппай жатса да әке көңіліне қарап, әр нәрсені сөз етіп көңілін аулап жүрген құрбым да бұл сөзді қоштай кетті.
Әрине зейнет демалысы жақсы-ақ. Бірақ бойында қайраты бар адамға зейнет демалысына шыққан соң да ой сергітіп, көңіл аударар дүние керек. Осы тұста 40 жыл бойы денсаулық сақтау саласында еңбек етіп, соңғы 4 жылда зейнет демалысына шыққан Әбілғазы Ташауов:
– Бұрын таңнын атысы, күннің батысы ел саулығы жолында еңбек еттік. Ол кезде уақыттың қалай өте шыққанын білмей қалатынбыз. Тіпті уақыт тез өтіп жатқандай, жетпестей болып көрінетін. Ал соңғы 4 жыл уақыт сол қырық жылға татығандай. Өзім мектеп бітірген соң жоғары оқу орнын тәмамдап келгелі бері медицина саласында еңбек еттім. Басқа іспен айналысуға мүлдем уақытым болған жоқ. Енді зейнет демалысына шыққан соң өзіме ермек болар іспен айналысайын десем, үй жануарларын бағып, бау-бақша өсіруге аулам тар. Газет-журнал оқып, теледидардан жаңалық қараймын. Елдің қуанышы мен қайғысына ортақтасып, той құдажолға барғанда замандастарымды көрсем, бір серпіліп қаламын. Жалғыз мен емес зейнет демалысына шығып, өздеріне көңіл аударып, ермек болар дүние таппай жүрген замандастарым көп. Біріміздің үйімізге қонақ болып бара беруге тағы қысыламыз. Әзірге қайратымыз бар. Жүріп-тұруға, бір іспен шұғылдануға әл-дәрменіміз жетеді. Біз қоғамның назарынан тыс қалғандай сезінеміз өзімізді. Ауданда бір ардагерлер бас қосып әңгімелесетін, дене шеынықтырумен айналысып, кітап журнал оқитын, қолөнер шеберлігімен айналысатын орталық болса деген арманыз да жоқ емес. Сонда жастарға білгенімізді үйретіп, өнегемізді көрсетіп отырған болар едік, – өз ойымен бөлісті.
Аудандық ардагерлер кеңесінің мәліметіне сүйенсек, ауданда 8000 мыңға жуық еңбек ардагері бар. Өмір бойы еңбектен қол үзбеген адамға екі қолды қусырып, құр сенделіп жүру әсте табиғатына жат нәрсе. Тынымсыз тірлік кешіп, қайнаған тіршіліктің ортасында жүрген адам аяқасты бәрінен шет қалғанда өзін керексіздей сезінеді. Психолог маман Найля Құттымұратова.
– Көптеген адамдардың зейнеткерлікке өтуі стресспен, меланхолиямен және апатиямен бірге жүреді, ал зейнеткерлік жас кәрілік пен аурумен байланыстырылып, кризистік апат ретінде қабылданып және психологиялық дағдарысты тудырады, әсіресе белсенді өмірмен, жұмыста шығармашылық әрекеттермен айналысатын адамдар үшін. Зейнеткерлікке шығу психологиялық тұрғыдан біркелкі болуы үшін зейнетке шыққаннан кейін үйде не істеу керек, қандай хоббилер мен қызығушылықтарды іске асыру туралы алдын ала ойлануыңыз керек. Зейнеткерлікке шығудың соншалықты қайғылы қабылдануына жол бермеу үшін пассивті әрекетсіздікке жол бермеу керек - бұл пессимистік ойларды және зерігуді тудырады. Жақсы көретін нәрсеге деген құштарлық зейнеткерге оның негізгі жұмыстан кейінгі босаған уақытын бұрын-соңды іске асыра алмаған армандарымен жұмыстану, қанағаттану сезімін тудыруы мүмкін. Кәсіби жұмысқа қатысы жоқ сүйікті ісі мен қызығушылықтары бар адамдар үшін зейнетке шығу оңайырақ тиеді. Зейнеткерлік жас – үй, отбасы, немере тәрбиесімен айналысатын әйелдер үшін қолайлы, тіпті күтілетін уақыт. Қанағат әкелген адал еңбек туралы естеліктер жағымды эмоциялардың қайнар көзіне айналуы мүмкін, басқалардың құрметі мен кәсіби жеңістеріне мақтаныш сезімін оятады. Қарт адамда жастарға жетіспейтін нәрсе бар – ол бос уақыттың көптігі, оны ұзақ уақыт бойы ойластырылған жоспарларды жүзеге асыру үшін пайдалануға болады. Егер олар жоқ болса, сіз өзіңізге ұнайтын нәрсені іздестіруіңіз керек, – дейді маман. Сондай-ақ психолог маман бастапқы уақытты серуендеумен, таза ауада жүріп, әлдері келетін спортпен айналасуды ұсынады.
Білім беру саласында 35 жыл еңбек етіп зейнет демалысына шыққан Гүлнар Әнапияева да бір кездері өзіне ермек болар іс таппай қиналған жандардың бірі.
– Жас күнімізде ата-ене, бала бағып, үйдің тірлігі мен жұмысты қатар алып жүргенде демалуды аңсағанымды жасыра алмаймын. Ал зейнет демалысына шыққанда үйде келін болды. Бұрынғыдай от жағып күл шығару, суды бұлақтан тасып ішу сынды жұмыстар да азайды. Қазір бәрі оңтайлы. Артық еңбек қажет етпейді. Бастапқы жылы мен де үйге сыймай қиналдым. Сосын бұрынғы әжемнің алаша тоқыған өрмек ағашын көзімнің қарашығындай сақтап жүргенмін. Соны қолға алып алаша тоқи бастадым. Жүн түсіп, киіз бастырдым. Тіпті бұл өнер халық арасында ұмыт болып бара жатқан дүние еді ғой. Менің жасаған бұйымдарым көптің қызығушылығын тудырды. Осылай 35 жыл мұғалім болып еңбек етіп, зейнет демалысына шыққан соң қолөнер шебері болып шыға келдім. Қазір еліміздің түкпір-түкпірін аралап алашаның алуан түрін көрмелерге апарып жүрмін. Тіпті, бұл менің жаңа тынысымды ашып, өміріме өзгеше өң берді. Қызығушылық танытқан жастарға да қолымнан келгенше үйретудемін, – дейді Гүлнар Әнапияева.
Жуырда облыс әкімінің бастамасымен Қызылорда облысының 7 ауданында музей, кітапхана, архив, неке қию залы, ардагерлер және аналар, жастар орталықтары сынды бірқатар тарихи-мәдени, рухани ұйымдарды біріктіретін типтік үлгідегі «Руханият» орталықтары салынады деген ақжолтай жаңалықты естіп қуандық. Аталған орталық ауданда бой көтеріп, ардагерлер бос уақытын тиімді өткізетін мүмкіндік қарастырылса қазыналы қарттармыздан бақытты жан болмас еді.
Түйін. "Ардагерін ардақтаған ел озар" деген бар халқымызда. Әркез алдыңғы буын, ақылы кемел ардагерлеріміздің қоғам өмірінен қол үзбей зейнет демалысында ойға алған, яки орындалмай қалған арманын жүзеге асыруына мүмкіндік тудырсақ мерейіміз үстем, мәртебеміз биік болмақ.
Н. МАРАТҚЫЗЫ

Фото: 24.kz
23 қаңтар 2024 ж. 1 380 0