Қара жорғаның хикаясы
Көркем шығармаларда батырлардың сенімді серігі астындағы тұлпары болған. Алпамыстың арғымағы – Байшұбар, Қобыландының арғымағы – Тайбурыл, Ер Тарғынның арғымағы – Тарлан. Төремұрат жыраудың да бала кезінен арманы осындай бір ат болатын. Жасөспірім кезінде сол ұлы батырларша арғымаққа мініп, батырларға ұқсап қару-жарақ асынып атпен жүруді арман ететін. Көктен тілегені, жерден табылып арманы орындалды. Төремұрат қара жорғалы болды, бұл жорғаны ағасы Жанқожа сыйлаған болатын. Қара жорға Сыр бойының ханы Жанғазыныкі еді. Ханды сатқындығы үшін ұстап қамаған кезде оның мал-мүлкі халықтың талауына салынды, билер көп олжаға батты. Қалған малы ауылдағы жарлы-жақыбайларға бөліп берілді.
Жанқожа батыр олжа алудан бас тартып билерге: «Анау қара арғымақ жорғаны Төремұратқа мінгіземін, неше жылдан бері қасымда жүріп, еңбегі сіңді» деді. Төремұрат жырауды баласындай жақын тартатын батыр көптің көзінше шақырып алып: «бір басың екеу болсын, ер қанаты – ат» деп осы қара жорғаны сыйлаған. Қырыққа жақындап қалған жырау бір жағы жорықта жүріп, одан қалды серіліктен босамай, әлі отау көтермеген еді. Батырдың айтқаны келіп, көп ұзамай бір басы екеу болды. Қара жорғаны адамша қастерлеп, басқа адамды қасына жолатпай өзі бақты.
Түркімендер ығысып Маңғыстау жаққа келіп қоныстана бастаған кез еді. Қуғын-сүргінді көп көрген қазақ оларды аяп, Маңғыстау маңына қоныс тебуіне қарсы болған жоқ. Жылдар өте келе түркімендер күш алып, бос жатқан құнарлы жерлерге еркін орналасып, қарулы барымташылары алыс-жақын жерлердің малын қуып кетіп, мазаны кетіре бастады. Басынған түркімендер тіпті анда-санда Сыр бойына дейін келіп, малын барымталап кетіп те жүрді.
Шілде айы, аспанда шөкімдей бұлт жоқ, күн аптап ыстық. Ауылдың күнбатыс жағында, көз ұшында тұсаулы аттар басын көктен көтермей жайылып жүр. Төремұрат көлеңкеде ұйықтап жатыр, әйелі үй маңында түскі ас дайындап әлек. Шала жанған отты үрлеп, ошақпен алысып жатқан ол кенет, алыстан шауып келе жатқан жалғыз аттыны көріп елең ете қалды. Қашқын ба, қуғыншы ма, ұшыртуы жаман, қолы ербең-ербең етеді. Аттылы жақындаған кезде:
– Жау шапты, жау! – деген дауысы естілді. Атынан қарғып түскен жылқышы:
– Төке! Төке, ауыл малына жау шапты, ішінде қара жорға да бар, – деген кезде Төремұрат жатқан орнынан атып тұрды. Қасқаның амандасуға да әлі келмей, «жау шапты» дей берді. Төремұрат жалаңаяқ, жалаңбас, дамбалшаң жылқышының атына қарғып мініп, қамшы басты. «Қаруыңды ал» дегенін естіген жоқ. Астындағы ат жарамды екен, бауырын жазып, шабысын үдетіп келеді. Едәуір ұзап кеткеннен кейін барып, қаруын алмағаны есіне түсіп, «қап» деді. «Не болса да, бара көрермін» деп тоқтамастан шаба береді. Ол ұрылардың көпке ұзамайтынын білді, екі төбе асқаннан кейін шаң көрінді.
Ал енді ұрыларға келсек, бұлар көрші түркімендер еді. Ауылға шаппай, тек ауыл маңында жүрген малды ұрлап келе жатыр екен. Барымта басшысы «қуғыншы көрінбей ме?» деп, анда-санда артына қарайлап қояды. Ол көңілді, себебі жолдастары жаңа ғана қосылған үйірден мына қара жорғаны ұстап әкеліп, өзіне сыйлап жетегіне байлаған. Жорға өте сүйкімді екен, бұған ұнады. Ойға беріліп кеткен барымта басшысы артына қараса, көз ұшында өздеріне қарай шауып келе жатқан бір жалғыз аттыны көрді. Жұлдыздай ағып келеді екен. Ол қасындағы достарына:
– Тоқтаңдар, мына қазақ не болса да тегін адам емес, жанынан безген біреу шығар, әйтпесе жалғыз адам мал соңынан қуа ма? Кім де болса күтіп алайық, сақадай сай тұрыңдар! – деп, өзі аттыға қарсы аяңдай берді. Түркіменнің астындағы аты есік пен төрдей торы ат, палуан денелі, түсі суық, иығында пілтелі мылтық, қолында он екі өрмелі қамшысы тағы бар.
Төремұрат жақын қалғанда атының басын тежеді, екеуі қарама-қарсы келіп тоқтады. Сол кезде қалған түркімендер де жақын келді. Төремұрат – жалғыз, түрікмендер – оншақты. Көп кідірмей сөзді Төремұрат бастады:
– Ау, ағайындар! Түріміз де, дініміз де, түбіміз де бір ағайынбыз! Қазақта «мал ашуы – жан ашуы» деген мақал бар, қалған малда шаруам жоқ, ана жетегіңдегі қара жорғаны тастап кет, – деді. Сонда түркімен:
– Мен бір қазақтан қорқып, қара жорғаны тастап кете алмаймын. Ертең мына достарым «бір қазақтан қорқып, біздің басымызды оққа байлап әкеліп берген жорғаны қайдағы біреуге жетектетіп жібердің» деп айтады. Сондықтан жайдан-жай қолыңа ұстата салмаймын. Жалғыз келуіңе қарағанда, тегін адам емес сияқтысың. Неге тұрасың, соны айт, болмаса аман тұрғаныңда үйіңе қайт! – деді.
Төремұрат ойланып қалды. Бос қайтса елден ұят, жекпе-жекке шақырайын десе қолында қару жоқ. Сол кезде түркімен:
– Әй, қазақ, қолыңда қаруың жоқ, құрқол сен маған не істейсің? Сен былай қыл, екеуміз де аттан түсіп күресейік, кім жеңеді, қара жорғаны сол алады. Сен жеңілсең де, бізден қорықпай жалғыз келгенің үшін бір жылқы жетектетіп жіберемін деді. Төремұрат ойланбастан аттан қарғып түсті. Айнала төңірек айнадай жазық. Маңайда бұлардан басқа жан жоқ. Түркімен үстіндегі киімдерін шешіп, жеңілденіп алды. Екеуі бір-біріне аш қасқырдай ырылдасып қарсы ұмтылды, алысып-жұлысып біраз жүрді. Екеуі де өзді-өзі берілмеске жанталасты. Бар күшін, бар тәсілін салып, алысып жатыр. Бұларды қоршаған түрікмендер өздерінің басшыларының күшіне сеніп, оны қоштап айқайлап қояды. Екеуінің де ақ тер, көк тері шықты, айдалада шаң бұрқ-бұрқ етеді. Жеңіске бас тіккен екеуі тіктесіп, шайнасқан жыртқыш аңдарша ырылдасты. Түрікменнің әлі еркін келмеді. Төремұраттың жай қазақ емес екеніне енді көзі жетті, оның күшінің өзінен басым екенін білді.
Түрікмен де еңгезердей неме еді, Төремұраттың денесі бала тәрізді ғана болып көрінеді. Жалпақ алақанды, сіңірлі қолдары темірдей тиеді. Төремұрат қара жорғаның кісінеген дауысын есітті, сол кезде ышқынып, шапшаң қимылдап, бар күшін шақырып, бір қолымен түрікменнің белінен ұстап, екінші қолын босатып түрікменді иыққа мінгізіп алып, үйіріп-үйіріп алып жерге соқты, шаң бұрқ ете қалды.
Достары басшыларының жеңілгенін біліп, қоршап, Төремұратқа жақындай бастады. Төремұрат «неге жалғыз келдім, қапыда кеттім-ау!» деп күрсінді, жарық дүниеден күдер үзді. Сол кезде барымташылардың басшысы жатқан жерінен атып тұрып:
– Тимеңдер, мен айтқан уәдемде тұрамын! Мен талайды көріп едім, маған қарағанда күшің басым екен, – деп, өзі барып жорғаны шешіп берді.
Төремұрат жорғаны жетекке алып, ауылға беттеді, келе жатып ішінен: «апырай, тіктесіп алысқанда бір кісіге әлің келгені қандай жақсы!» деді.
Осы оқиғадан кейін қара жорғаны үйірге қоспай, есік алдына тұсап немесе көгалды жерге арқандап қоятын болды, қара жорғаны көзінен таса қылмады.
Әлімжан ҚИЯС.
Қазалы ауданы
syrboyi.kz
Фото: minber.kz