Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » «Күйеуді сабау» дәстүрі керек пе?

«Күйеуді сабау» дәстүрі керек пе?

Қазақтың данышпандығында, тапқырлығы мен білгірлігіне шек жоқ десек болады. Қайсібір салты мен дәстүрін, ырым-тыйымын алып қарасақ та өмір сүруге қолайлы, халықтың тіршілігіне пайдалы. Үлкен даудың алдын алатын, жақынына жанашырлықпен көмек беретін олардың тұрмыста алар орны көп. Уақытында олардың қай-қайсысына да немқұрайлы қарамаған. Бәрін өз орнымен, ретімен атқарып отырған. Бүгінде олардың жартысына жуығы ғана ұлт санасынан ұмытылған. Солардың ішінде әулеттің ауызбіршілігіне үлесі бар «күйеуді сабау» дәстүрі бар.
Жалпы, «күйеу бала» сөзінің төркіні «күйе жағылған бала» сөзінен шыққан. Ертеде қыздың ауылына алғаш рет ұрын барған жігітке жеңгелері ойнап күйе жағады екен. Содан ауылдағы күйеу баланы көрген жұрт «бұл қай күйе бала?» деп сұрайтын көрінеді. Артынан осы сөз «күйеу бала» болып өзгерсе керек.
Қазақта күйеу баланың орны ерекше. Лайықты күйеу баласын төрге шығарып, төс тартса, қызының обалына қалғанын жөнге салып отырған.
Қай елдің ішінде болмасын тентегін тезге салып, жөн-жосығын айтып, қажетті жерінде жазасын беретін ауыл ақсақалы болады. Олар өз қыздарының барған жерінде бақытты болуын, артық сөз бен іске қалмай, отбасының шайқалмауын ерекше бақылаған. «Қызым ұзатылды, өз отбасын тапты» деп теріс айналмай, оған жанашыр болып, өз ақылын айтып, әрбір қыз баласына ошақ ұйытқысы болудың алғышарттарын үйреткен.
Дегенмен қызының қаншалықты тырысқанына, ақылды тыңдап, айтқанды орындап жүргеніне қарамай көз жасы тыйылмайтынын көрсе, күйеу баладан жауап алған. Алладан аманаттан алып, күйеуіне аманаттаған перзентінің жағдайына оның тікелей қатысы болса, яғни ол балағаттап, ұрып-соғып, зиян келтірсе дереу оған «күйеуді сабау» дәстүрі қолданылған. Сабау деген жанын қоймай ұрып, тепкінің астына алу емес, күйеу баланың шамасына қарай айтып түсіндіру, отбасының маңыздылығын көрсетіп күш көрсету. Ол жаман болсын деп емес, есін жисын, отбасын сақтап қалсын деген ниетте болған.
Ал қайынжұртынан ондайды көрген күйеу бала ендігі жерде артық қимылға бармаған. Оның үстіне, «қайынжұртынан таяқ жеген бала» деген сөзді туыстарынан, достарынан есту ол үшін үлкен ар-ұят, намысқа сызат түсу болып саналған.
Былай қарасаңыз, кейбір кісілердің «онысы несі, мына заманда күйеу баланы сабағанды кім көрген?» деп таңқалып жататыны бар. Дегенмен отбасын бұзуға алып келетін жағдайлардың бірі осы қол көтеру мен күш көрсету екенін көбі ұмытып жатады. Бүгінде сол себепті ажырасып жатқан отбасыларға ақылын айтатын, сабырлы болып, келісімге келу арқылы кез келген мәселенің алдын алуға болатынын айтатын үлкендер аз. Керісінше келіншектің отбасы «ішіме сыйған қыз сыртыма да сияды, күйеу баланың құқы жоқ, қайтып кел, бағамыз, кем қылмай балаларды аяқтандырамыз» деп араға түссе, жігіт жақ «әлемде жалғыз ол емес, қазір қыз көп, шертіп жүріп таңдағаныңды аласың» деп одан әрі жағдайды ушықтырып, қатыгез баласын қорғап отырады. Екі ортада арадағы бала мен өздері зиян шегетіні тағы бар. Кей жағдайда себепсіз даудың аяғы ажырасуға әкеліп жатады. Бұның барлығы бүгінгі қоғам сипатында жеңіл іске айналып бара жатқандай.
Асыл дінімізде де «жастардың ажырасуынан қорықсаңдар, екі жақтан әділ төреші тағайындаңдар. Ол екеуінің ниеті жастарды жарастыру болсын» деген бар емес пе?!
Иә, қалай айтсақ та ертедегі бұл дәстүрден зиян көрген адам жоқ. Қаншама шаңырақтың қайта табысуына, әдемі өмірін жалғастыруына себеп болған. Әрине, қазір сол дәстүр қайта жаңғырса екен демейміз, дегенмен ақылшы қария бар кезде керегесі берік, тату отбасы көбейері анық.
Г.САҚТАПОВА
30 сәуір 2024 ж. 857 0