Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » «Менің аузым жоқ, бірақ айқайлағым келеді»

«Менің аузым жоқ, бірақ айқайлағым келеді»

Ең алғашында бұл шығарманы оқымас бұрын, тоталитарлық режимді сынайтын, Джордж Оруэллдің «1984» стиліндегі «Үлкен аға» мен қауқарсыз қауым арасындағы қарсыластыққа негізделген туынды деген ойға келдім. Бірақ, қателесіппін. Жалпы, бұл әңгіме жайында әлеуметтік желіден оқыдым. Жеке басым антагонистері жақсы сипатталған, құр пафос пен зұлымдық қана емес, мотиві бекем, идеологиясы мықты антагонистерді суреттеген фикшн-тайтлдарды көріп, оқығанды жаным сүйеді. «Берсерк» анимангасындағы Гриффит, «Нарутодағы» Обито, «Сүрінген періште» образымен танылған, ХХІ ғасырдың үздік трилогиясы «Жұлдызды шайқастардың» алғашқы сандарының протагонисі әрі соңғы сандарының антагонисі – Энекин Скайуокер… Reddit желісіндегі белгісіз автор өзінің үздік 5 антагонисінің қатарына жиырмасыншы ғасырдың орта тұсындағы ғылыми-фантастикалық әдебиеттің белді өкілдерінің бірі Харлан Элиссонның «Менің аузым жоқ, бірақ айқайлағым келеді» әңгімесінің басты антагонисін қосқан екен. Маккартидің «Қанды меридианының» залым кейіпкері Сот Холденмен бір қатарда тұрған «Мастер-компьютердің» антагонистік сұлбасына сол бастан қатты қызықтым. Себебі, ол – көзіміз үйренген адам сұлбасындағы кейіпкер емес, саналы жасанды интеллекті. Бір жағынан әңгіме көп беттен тұрмайды екен. Небәрі 10 бетті құрады, бір мезетте оқып бітірдім. Енді шығармадан түйгенімді қағаз бетіне түсірмек ниеттемін.

Әңгіме авторы Харлан Эллисонды ғылыми-фантастикалық жанрдағы фильмдерді жақсы көретін, кітаптарды сүйіп оқитын оқырман қауым жақсы біледі. Өзінің реалистік көзқарасымен, жанжалға құмарлығымен, публикадан тысқары жүруімен танылған. Таңданатын түгі жоқ, бұл жанрда жазатын жазушылардың көп бөлігі осындай. Харлан колледж оқып жүрген шағында өзінің еңбегін бағаламай, бойындағы әдеби потенциалды жоққа шығарған профессормен сөзге келіп қалып, 1-курстың жартысында оқудан шығуға бел буған. Және ол бұл ісі үшін өкінбейді. Харлан Эллисон жас кезінен ғылыми-фантастикалық жанрда біршама әңгіме жазып, әртүрлі журналға жариялап отырды. Өмірінің соңына дейін Голливудта сценарист болып, «Терминатор», «Жұлдызды жол» секілді тайтлдардың жарыққа шығуына себепкер болды. Дегенмен, көпшілік Харланды сценарист ретінде емес, жазушы ретінде таниды. Ғұмырын әдебиетке арнаған азамат – бас-аяғы 1700-ге жуық туындының авторы. Біздің талдағалы отырған шығарма – оның репертуарындағы ең танымал, сондай-ақ ғылыми-фантастикалық жанрдың тың өзгерісіне негіз болған «Менің аузым жоқ, бірақ айқайлағым келеді» әңгімесі.

Жазушы аталмыш әңгімені 1967 жылы жарыққа шығарған. Бұл кезең – АҚШ пен КСРО-ның бір-бірімен өштесіп, ғылыми-инновациялық тұрғыда соғысып жүрген сәті. Ядролық соғыс болу ықтималдығы жоғарылап, бүкіл әлем тақым қысқан уақыт. Сол тұстары кей адамдар компьютерлік технологияның да қауқарынан сескенді. Дербес компьютерлер енді-енді қолданысқа еніп, жасанды сана термині қалыптасып жатты. Қысқасын айтқанда, жасанды интеллектінің қаупі тек біздің заманымызда емес, ХХ ғасырдың орта тұсында да жіті назарда болған. Бұл жайт фантаст жазушылардың қиялына ерік беріп, тақырып аясын кеңейте түсті. Технология мен адамзат тақырыбы Эллисонның бұл шығарманы жазуына түрткі болса керек.

Ал енді шығарманың өзіне тоқталайық. Жоғарыда айтып өткендей, проза 10 беттен ғана тұрады. Қазақ тілінде аударылған нұсқасы жоқ. Орыс тілінде де аса көп емес, бірен-саран. Оқырмандар аударманың дұрыс емес екеніне, түпнұсқадан өзгеше екендігіне наразы. Харлан Эллисон прозаны өзгеше сарында жазған. Аурасы ауыр, оқиғаның нақты басты кейіпкері жоқ десек те болады. Оқиғаны баяндаушы кейіпкер Тед болса, сюжетте көп рөл ойнайтын, салмағы жөнінен «Мастер-компьютерден» (МК) ауыр кейіпкер жоқ. Дәл Чак Паланиктің «Жауынгерлер клубы» кітабындағы баяндаушы, бүкіл сюжет желісі Нарратордың монологынан тұрғандай, аталмыш шығармада монолог оқушы – Тед. Қысқа әңгімені ғылыми-фантастикалық жанрға жатқызғанымен, автордың өзі бұл пікірге түбегейлі қарсы. Өз басым әңгімені «Cosmic horror» бағытына ұқсаттым. Бұл жанр әдебиетсүйер қауым үшін «Лавкрафт қорқынышы» атымен де белгілі. Яғни, ауқымды әрі қауқарлы күш пен әлсіз жан иесінің арасындағы байланыс, үрей. Әдетте белгісіз күшке қарсыласта көндігу мен қашудан басқа амал жоқ. Кішкентай ғана адам өмірі нағыз шындық пен ғарыш әуселесінің қасында ештеңе емес. Сәйкесінше, Лавкрафт адам баласының өмірінің мәнсіз, нигилистік түсінікке ие екендігін осылай суреттеген. «Менің аузым жоқ, бірақ айқайлағым келеді» шығармасының реңі де дәл осындай. Неліктен екенін түсіндіру үшін проза желісімен қысқаша таныстыра кетейін.

Оқиғаның уақыт шамасы белгісіз. Суық соғыстың арты КСРО, АҚШ, Қытай арасындағы үшінші дүниежүзілік соғысқа ұласты. Үш мемлекет жеңіске жетудің амалын таппай, ақыр соңында суперкомпьютерлер дайындап, жасанды сананың көмегімен соғысты жүргізуге бекінеді. Бірақ бәрі олар ойлағандай болмады. Үш суперкомпьютердің бірі ақпараттың көптігінен ес жиып, саналы кейіпке енеді. Бертін келе қалған екі компьютерді жұтып, шексіз ақпарат әсерінен жер бетіндегі күллі тіршілік иесін қырып салады. Тек 5 адамнан басқасын. Тед, Горристер, жалғыз әйел Эллен, Нимдок және Бенни. Бәрінің мінез-құлқын, сырт келбетін түбегейлі өзгертіп, тек Тедті ғана сол күйі қалдырды. Горристер – аңғал, эмоцияға берілмейтін кейіпкер, Эллен – афроамерикандық, сексуалды құлшынысы мол әйел. Нимдоктың мінездемесі жайында мағлұмат жоқ. Бірақ сюжет желісі осы кейіпкердің ұсынысынан басталады. Бенни – маймылтектес еркек. Оқиғаның мән-жайын да Тедтің аузынан естиміз. Әңгіме Горристердің компьютер камерасына ілініп тұрған мәйітінен бастау алады. Бұл көрініс қалған төртеуінің таңданысын аса тудыра қоймады. Себебі, бұл жалған бейне – МК-ның шексіз жазалау түрінің бірі. Горристер де бұл жайтқа таңғалмады. Бесеуінің де 109 жылдан бері көріп келе жатқаны – қорлық, жеген асы – құрт. Тозақтан айырмашылығы жоқ дерсің… Топтың ауқаттанбағанына біраз уақыт болған. Аштық шыдатпай барады. Бір уақытта Нимдок бір түкпірде мұзды үңгірдің, сол жерде консервілердің бар екенін сезеді. Бірақ, Тед ол жаққа бару идеясымен келіспейді. Оның ойынша, бұл – МК-ның қақпанға түсіру идеясы. «Осында қалғанның өзінде, бізді күтетін ең қорқынышты нәрсе – өлім» дейді ол. Ал өлім – 109 жыл бойы озбырлықпен өмір сүріп, мүмкін болған бүкіл азаптың түрін көрген бестік үшін жөндірек болар ма еді? Десе де, қалғандары Тедті көндіріп, жолға аттанады. Сапардың үшінші күні бесеуі шашылған компьютерлердің бөлмесіне кезігеді. Бөлмеден шығу үшін қирандыларға мінбек болған Беннидің көзінің қарасын ЖИ ерітіп, соқыр қылды. Осылайша айға жуық қоректенбеген топ діттеген жолын жалғастыра берді. Автор сапарды сондай мәнсіз, ұзақ әрі жиіркенішті қылып суреттейді. Ақыр соңында Тед бастаған команда мұзды үңгірге де келіп жетті. Дәл Нимдок ойлағандай үңгірде консервілер бар екен. Тек оны ашуды айтсаңшы… Ашатын құрал-сайман да таппады. Айлап жол жүріп, ақыр соңында тағы да бір ЖИ-дің қармағына түсіп, мазаққа айналғанын біліп, ызаланған ессіз Бенни сол тұста Горристерге жармаса түседі. Сол бетте Тедтің ойына бір іс келді. «Ақыры өз-өзімізді өлтіре алмайды екенбіз, неліктен бір-бірімізді өлтіріп, мына бір мәңгілік тозақтан арылмасқа» деп, алдымен бір-бірімен арпалысып жатқан Бенни мен Горристерді өлтіреді. Тедтің бұл ісін түсіне кеткен Эллен қыз Нимдокқа бас салады. Көзбе-көз қалған қос кейіпкердің біреуі ғана өлім құқығына ие. Өлтіргені МК-ның қаһарына ары қарай ұшырай бермек. Осы тұста басты кейіпкер Тед үлкен қаһармандыққа бел буды. Соңғы қалған Элленді өлтіріп, оны азапты өмірден азат етті. Сәйкесінше, істеген ісі қаһарлы ЖИ-дің ашуына тиіп, мәңгіге құрттектес, ауызсыз мақұлыққа айналды. Тек МК оның санасына тиіспеді, қалған ғұмырын шексіз негативті ой үстінде, депрессияда өткізуі үшін. Романның аты да оқиғаның соңына тікелей байланысты. «Менің аузым жоқ, бірақ айқайлағым келеді».

Басқа жасанды интеллектінің қаупін суреттейтін әңгімелерге қарағанда бұл прозаның құрылымы бөлек. Яғни, Эллисон технологияның қаупіне назар салып қана қоймай, адам психикасына тереңірек үңілген. Автор әңгіменің тілдік стилін оқиға болып жатқан жердің атмосферасы мен кейіпкерлердің түйсігімен сәйкес қылған. Кейіпкерлер қашанда аш жүреді. Ал Эллисонның олардың жейтін тамағын сипаттауы – тіпті жиіркенішті. «Қалың және жабысқақ құрттар», «қабанның нәжісінің дәміне ұқсас шырын»… Әр кейіпкер кез келген қиын жағдайға дайын, алда не күтіп тұрғанын білмесе де, не болса да жақсы нәрсе емес екенінен хабардар.

Автор оқиға болып жатқан жерді де адамдарға қолайсыз, күңгірт суреттеген. Кейіпкерлер бас сауғалап көрінген жерде жүреді, бірақ көбіне оқиға барысы көліктің ішкі бөлігіне ұқсайтын үлкен металл дәліздерде өрбиді. Бестік мұзды үңгірге барар жолдағы темірлер мен металдар шынайы ма, әлде ЖИ-дің ұйымдастырған галлюцинациясы ма, бейхабар. Саяхатта атап өтілген басқа жерлер – «егеуқұйрықтар үңгірі», «қайнаған будың жолы» және «көз жасы аңғары». Сәйкесінше, автор локацияның атын да жағымсыз етіп баяндай отыра, оқырман қауымның үмітсіздік аурасын сезінуіне ықпал етеді.

Эллисонның қозғағысы келген ең маңызды мәселесі – машина мен адамзатты бір-бірінен ажырататын қарым-қатынас. Күллі адам баласынан тұяқ болып қалған бес кейіпкер қанша уақыт МК-ның қарамағында болып, мүмкін болған азаптың бәрін көргенімен, адамдығын жоғалтқан емес. Олар өмір сүрудің мәнін жоғалтқанымен, бір-бірімен сөйлесіп, жараларын жазды, керек болған жағдайда қолдау да көрсетті. Қалай да болсын өздерінің қатты зақымдалған, аянышты адамгершілігін сақтай білді. Ал жасанды сана МК-ға келер болсақ, ол әу бастан өзіне азаптауға көмектеспейтін механизмдерді керек етпеді, лақтырып тастады. ЖИ-ге өзін құрастырған адамдарға қорлық көрсетуден басқа ештеңе керек емес. Қарамағындағыларды қаншалықты физикалық қысым көрсеткенімен, өлмейтіндей қылып бағдарламалаған. Жер бетіндегі бүкіл адамзат баласын өлтірсе, ол әрекет ету мүмкіндігінен айырылар еді. Тед қасындағылардың әрқайсысын өлтірген сәтінде өзінің бейімделуге қауқарлылығын көрсете білді. Былайынша айтқанда, ол ЖИ-ге қарағанда бағдарламасын, көзқарасын өзгертуге шамасы бар. Жасанды сана – Мастер-компьютер қанша ақылды болса да, кек алғысы келсе де ойын ережесін бұзуға, өздігінен өзгеше шешім қабылдауға қауқарсыз. Жалпы, проза финалы ұзаққа созылған қақтығыстан адамзаттың жеңіске жетуімен аяқталды.

Жалпы, МК – әңгімедегі ең ауыр кейіпкер. Ол ашуланып жер бетінде тірі жан қалдырмады, тек бесеуінен басқа. Солайша ол бестікке 100 жылға жуық көрмегенді көрсетті, адам сенгісіз эксперименттер жасады. Ол жол бойындағы кінәсіз құмырсқаларды өлтіріп, мәз болған кішкентай бүлдіршін секілді. Адамзат оның тұзағынан құтылып, арбап кетсе де оның жеккөрініштілігі жойылған емес. Оны Тедті әңгіме соңында ауызсыз мақұлыққа айналдырғанынан-ақ аңғарамыз. Мастер-компьютердің аты да символистік тұрғыдан алып қарасақ, нарцистік мінездегі залым кейіпкерді бейнелейді. Нақтырақ айтсақ, «Мен ойлаймын, демек мен бармын» (латынның «cogito, ergo sum» тіркесінен, француз философы Рене Декарттың «бірінші қағидасы») алынған. МК-ның психоанализін былай түсіндіруге болады. МК-ге зұлымдықты соғыс мақсатында адамдар бойына сіңірді. Яғни, оны тек тұнып тұрған негатив ретінде бағдарламалаған. Ол адам секілді сезіне алмайды, психологиялық тұрғыда дамымаған. Сәйкесінше, ол есін жинай салысымен өзін тек жою, қыру мақсатында жасаған адамзатқа кектене түсті. Ешқандай құндылықсыз, мінезсіз бағдарламағаны үшін қатты қапаланды. Оның моральдық конценпциясы тек соғыс мақсатында қалыптасқан. Сондықтан, адам адамды өлтіру үшін жасалған технологиядан басқа іс күтудің өзі мәнсіз. Осы сәтте басты антагонистің құрылымы кәсіби, көркем жасалғанын мойындауымыз қажет.

Элиссонның шығармасындағы басты кейіпкердің қарабайыр тайтл протоганистерінен үлкен өзгешелігін байқау қиын емес. Көп әдеби туындыларда, анимациялық фильмдер, киноларда басты кейіпкердің қандай да бір мүддесі, мақсаты бар. Ағылшынша айтқанда, «Character development», басты кейіпкер сюжеттің желісіне сәйкес жаңаруға ұшырайды, жаңа достар табады, жүрген жолында жаңа көзқарасқа, таным-түсінікке алып келетін сәл де болсын мән болады. Ал «Менің аузым жоқ…» әңгімесінде бәрі керісінше. Басты кейіпкер жанындағы жолдастарын аса жақтырмайды. Айтуынша, олар оны түріне, санасына байланысты бөлектейді, жек көреді. Ал прозадағы бар шытырман оқиға – консерві іздеу. Осыдан-ақ олардың өмірі тұнып тұрған абсурд екенін, сәйкесінше, автордың әдебиетте стереотип болып қалыптасқан қарапайым сюжеттен мейлінше алшақ болғанын байқаймыз. Шытырман қорқынышқа, үрейге, қауіпке толы. Басты кейіпкерлер қанша жүрсе де, қайда барса да ешқандай өзгеріске ұшырамайды, не жаңа кейіпкерлермен кезікпейді, ең болмағанда өздерінің қайда жүргенін, тығырықтан қалай шығу керектігінде де шаруасы жоқ. Бірін-бірі жоғалтса, оны іздеп, дүрбелең де салмайды. Өйткені, жазылған жара айығып, мәнсіз әлемге қайта келетіндерінен, жоғалған адам біршама уақыттан кейін қайта келетініне күмән жоқ. Ақыр соңында әңгіме мәнсіз, күңгірт саяхаттың соңы бүтін топтың өлімінен тамамдалды. Тоқетері – өмір сұрықсыз әрі мәнсіз нәрсе, өлсең – жолыңның болғаны. Бұл пәлсапа XIX ғасырдағы неміс классикалық философиясының өкілдері Фридрих Ницше, Артур Шопенгауэр, Къеркегордың зерттеулеріне келіңкірейтіндей. Немесе былай, жалпы адам баласы өз өміріне толықтай иелік ете алмайды, сондықтан, қолда мүмкіндік болған жағдайда сол сәтте өзіңді қатерге тігіп, өзгелердің өмірін құтқарған абзал.

Қорытындылай келсек, бұл әңгіме технология мен адамның ерекшелігін суреттеп, технологияның келешектегі қаупін үрейлі, реалистік тұрғыда жеткізе алды. Тереңіне үңілсек, адам психологиясы, тажал мен адамзат арасындағы діни наным-сенімдік символизмді байқауға болады. Әрине, көпшілік кейбір әдебиетсүйер қауым прозаны тым жиіркеніштіге балап, ұнатпай қалуы мүмкін. Дегенмен, бір демде оқып, артынша талдау жасауға таптырмас туынды. Айтпақшы, әңгіме желісімен 2D квест компьютерлік ойын жабдықталған. Геймплей де тура шығарманың негізінде жасалғанымен, сюжетінде сәл өзгеріс бар. Эллисонның есті фанбазасы әңгіменің фильмге бейімделуін (экранизация) қалайды. Алдағы уақытта шығарма желісінде түсірілген кинотуынды жарыққа шығуы ықтимал.

Айтілес ЖАЙШЫЛЫҚ
Сурет: ашық дереккөз 
04 сәуір 2024 ж. 799 0