Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Маса (А. Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл )

Маса (А. Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл )

Қызыл оқтан қашып жүрмін, қашқын екенмін деймін:
Қайдан келдім? Енді қайда? — оны-дағы білмеймін.
Жаңғырық сап, жан даусыммен айқайлағым келгені,
Сәл кідірсем, қып-қызыл оқ қуып жетсе — өлгенім.
Неге қаштым? Қылмысым не? Берілсем бе мен енді?!
Өкшелеген қорғасынға көрінсем бе мен енді?!
Жаралғандай жаным — күннен, тәнім — қия жартастан,
менің есіл шағым қайда алп-алп басқан, алп басқан?
Қып-қызыл оқ, қызыл ажал — қанның қызыл түсіндей,
тыншымайды атылған оқ мені баудай түсірмей.
Бұғып келем, бар ісімді еміс-еміс ойға алып,
Бар жазығым — өз тіліммен менің сөйлеп қойғаным!
Бар жазығым — «Қазақ» деппін туған қалың қауымды!
Әз шешемді — «Ана» деппін, «Аға» — деппін бауырды,
Сілкінтіппін естен шыққан ғасырларды, дәуірді!
Үнім шықпай қыстыққаннан ғазиз жаным ауырды.
Ей, қызыл оқ! Мен — қазақпын! Енді асқақ сөйлеймін,
Ажалсызбын, ерік өзімде, тағдырымды билеймін!
Қапияда қуып жетіп ұшырғанша бөркімді,
бір оятып кетсем деймін ұйықтап кеткен жұртымды.
Ұйықтап кеткен жұртқа қарсы маса барын білдім мен,
қып-қызыл оқ әлі ұшып жүр, оята алмай жүрмін мен...

Дархан АМАНЖОЛҰЛЫ
05 қыркүйек 2022 ж. 872 0