Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Сырғаны кім салады?

Сырғаны кім салады?

Бұрын ата-аналар ұлдарына келінді өздері таңдайтын болған. Ұлына лайықты жар болатын қызды тапқан кезде, оның отбасына бір адамды өкіл қылып жіберген немесе қыз көруге арнайы өзі барған. Қызын көруге келген адамға қыздың шешесі: «Қызды кім айттырмайды, қымызды кім ішпейді, қызымның басы бос» деген сынды сөздерімен қарсы емес екенін емеуріндеп білдірген. Осыдан кейін қызды айттыруға келген тарап үкі тағу, сырға салу сынды жоралғыларды жасасқан. Екі жақ сөз байласып, құдалық туралы уәделескен соң, бірте-бірте қалыңмалы төленеді. Айттырылған қыз «қалыңдық» атанады.
Қазір заман өзгерді. Жастар бір-бірін қалап, сөз байласқан соң ата-аналарына хабарлайды. Үлкендердің келісуі бойынша келін түсіру алдындағы жөн-жоралғылар кезең кезеңімен орын алып жатады. Әдетте көбіне қызға сырға салу рәсім ретінде ұзату тойының үстінде орындалады. Бірақ бұрындары алдын ала сырға салып қызды қалыңдық атандырып қоятын болған. Қазір сырға салу рәсімінде қызды көрпешеге отырғызып оған бағалы бұйыммен бірге үкі тағады. Осылайша бойжеткен сырғалым атанады. Бұл дегеніміз оның басының бос емес екендігін білдірген.
Жуырда жақын қайынінім отау құратын болып, қызға сырға салу дәстүрін жасау маған бұйырды. Алдын ала абысынымның ескертуі бойынша сырға салуға қажетті дүниелеріді өз қолыммен әзірледім. Ең бірінші қалыңдықты отырғызатын көрпешені ақ пен сары түсті матаның үйлесімімен дөңгелек пішінде, мамық мақтадан дайындадым. Ондағы ырым еткенім жаңа босаға аттағалы отырған келіннің жолы ақ, махаббаттары кіршіксіз таза, адал болсын, ал сары байлықтың белгісі спетті несібесі мол болсын деген пайымды мағынаға сыйғыздым.
Сырға салу рәсімінде құдаларға қайынымның жақсы қасиеттерін айтып, мерейін асыру да жеңгенің міндеті деп ойлаймын. Сөз сөйлеу барысында: - Сіздердің балапандай баптап, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірген қыздарыңызға менің сырбаз қайнымның оң көзі түсіп, бір Алланың қалауымен, үлкендердің қолдауымен, екі жастың таңдауымен қыздарыңызға сырға салып, сырғалым атандырып, өз елімізге еншілеп алуға келіп отырмыз, - деп бастадым сөзімді. Мұнан соң арнайы дайындаған көрпешеме болашақ келінімді ақ тілегімді айтып отырғыздым.
«Алтыннан сырға тағайын,
Алтындай бағалы болсын деп.
Гауһардан сырға тағайын,
Гауһардай жайнап жүрсін деп,
Шуағын шашып нұрымен,
Әулетті гүлдендірсін деп, - деген өлең жолдарын айта жүріп, келінім өзіме жақын болсын әр кез ісі оңынан болсын деп оң жақтан бастап, «Құлағың тек жақсы жаңалықтарды есітіп, екі елдің қуанышына себепші бол» дей отырып сырғасын тақтым. Әрі қарай тіл көзден аман болсын деген ниетпен үкі тағып бердім.
Міне осындай ізгілік пен жақсылықтан бастау алған жаңа өмірдің табалдырғын аттағалы отырған жас өрімнің қалыңдық деген атын еншілеп алуына өзімнің үлесімді қосып, жеңгелік міндетімді мүлтіксіз атқаруға тырысқан жайым бар.
Халқымыздың осындай ұғымы тереңде жатқан дәстүрлерін бойға сіңіріп жөн-жосыған жасаудың өзі келін деген атты еншілеген жанға үлкен мәртебе деп ойлаймын. Және ол дәстүрді өсіп-өніп, өмірге ұрпақ әкеліп отырған, әулетке көркем мінез, сіңімді қасиетімен танылған келіннің жолын ырым етіп бағыттайтынын ескерсек, қыз баласы үшін келін болып келген жердің құрметіне бөленуден асқан бақыт жоқ дер едім.
Н. БАҚЫРАН
06 сәуір 2024 ж. 2 091 0