Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Әлем чемпионының жарасымды жанұясы

Әлем чемпионының жарасымды жанұясы

«Даралардың қасында дана жүрсе жарасар, жақсылардың қасында жайсаң жүрсе жарасар, қиын қыстау күндерде тірек болса жарасар,  қайыспайтын қайраты білек болса жарасар» деп атақты Доспамбет жырау жырлағандай даналардан үлгі алған,жақсылармен жанасқан, халықаралық деңгейдегі жарыстарда тәуелсіз еліміздің абыройына тірек бола білген, қайыспайтын қос білеті, ел абыройын арқалаған екі дүркін әлем чемпионы, «ҚР-ның халықаралық дәрежедегі спорт шебері», педагогика саласының майталман ұстазы Махамбетов Мұрат Мүдәрісұлы туралы айтпақпын.
Мұрат Мүдәрісұлы 1965 жылы 25 маусымда Арал қаласында дүниеге келген. Әкесі Махамбетов Мүдәріс көп жылдар бойы «Аралрыбпром» өндірістік бірлестігінде жұмысшы, кейін «Приарал» кеншарында құрыш қолды ағаш ұстасының қас шебері болып абыройлы еңбек еткен, тыл және еңбек ардагері нағыз еңбек адамы болып зейнеткерлікке шыққан екен. 2018 жылы дүниеден өтті. Анасы Жаңылдық Смағұлқызы ұзақ жылдар бойы «Қарлығаш» балабақшада бала күтуші болып, балдырғандардың дұрыс өсіп жетілуіне өз үлесін қосқан, ұрпақтарына өнегелі өмір белестерін еге білген айналасына қадірлі,келіндерінің тәлімгер ұстазы бола білген, көп балалыалтын құрсақты ана болған деседі. 2003 жылы дүниеден озыпты.
Мұрат Мүдәрісұлы 1980 жылы қаладағы №14 Н.К.Крупская атындағы орыс орта мектебінің 8 сыныбын бітіріп, Қызылорда қаласындағы №113 кәсіптік-техникалық училищесіне қабылданып, 1981 жылы бітіріп шығады. 1981-1984 жылдар аралығында Арал балық комбинатында ағаш шебері болып еңбек етті. 1984-1986 жылдар аралығында әскери борышын өтеді. Өндірістен қол үзбей 1986-1988 жылдар аралығында кешкі мектепте оқып орта білім алды. 1988 жылы Ресейдің Яхрома совхоз техникумының гидромелирация мамандығын 1991 жылы бітіріп шықты. 1991-1996 жылдар аралығында Арал әлектротехникалық зауытында еңбек етті. «Атасы тектілердің тұғыры асыл, ұрпағы бір тартады қалыбына «деп атам қазақ айтқандай, әкесі Мүдәрістің күш қайраты перзенті Мұратқа дарыған десе болады. Бойында күш қайратын сыннан өткізген ол спорт саласына көңіл бұрды. 1980 жылдары қазақша күрестен басталған. 1988 жылы Ресейде оқып жүргенде жаттықтырушысы гір көтеру спортымен айналысуға кеңес береді. 1999 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе Мемлекеттік университетіне түсіп, 2004 жылы дене тәрбиесі және спорт мамандығын алып шықты. Бүгінгі таңға дейін қаладағы №64 мектебінде дене тәрбиесі пәнінен үлкен абыроймен ұстаздық етуде. Арман алдаған жоқ. Аудан, облыс, республика тіпті шет жерде де еліміздің көк байрағын желбіретіп, әнұранымызды шырқатты. Мұрат інімнің өмір бедерінде жеткен жетістіктерін жіпке тізер болсақ жетіп артылады. Ең бастысы, оның осы спорттағы жетістігі көпке үлгі болды. Ал жетістіктер желкені бір атанға жүк боларлық. Әрісі әлемдік болса, берісі аудандық жарыстардың талайынан үздік шықты.
«Әр адам – бір әлем, әр адам – қазына  аралы» деп жатамыз. Ал Алланың мейірімі түскен талантты адамның қазына аралы өзгелерден өзгеше көркем, аса бай болмақ. Сол сияқты Мұрат інімнің де қазына аралы ерлікпен батылдыққа,  қайсарлық пен елжандылыққа толы. Оның өзін еліне,тіпті әлемге танытқан қазына аралындағы әрбір жеңіс жетістіктері төккен маңдай тердің қайтарымы іспетті. «Ешкім іштен батыр болып тумайды. Батырлықта мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады» деп батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы айтқандай Мұрат Мүдәрісұлының бойындағы атаның қанымен, ананың сүтімен дарыған қасиеттері, ортадан көрген тәрбие оның бойындағы туған елі мен жеріне деген ерекше сезімі, бойындағы күшті рухы, қайсар мінезі, өз ісіне адал болуы осындай үлкен жетістіктерге жетеледі десек жарасар.
«Жақсы жігіт – ел-жұртының қаласындай, Жақсы әйел –әмме жұрттың анасындай»деп Сүйінбай жырау жырлағандай Мұрат ініміз жар таңдауда да маңдайлы болды. 1994 жылы Аралдың ару қызы Жұмагүл Қарасайқызымен бас қосып отау құрды. «Бір мектеп – жүз тағдыр, мың ғұмыр»демекші Жүмагүл де саналы ғұмырын педагогика саласына арнаған, білім саласының майталманы, ұстаздардың тәлімгер ұстазы, шәкірттеріне бағдаршам іспетті жол сілтеген. Жетістіктері де баршылық.
– «Бақытты шаңырақ дегеніміз жалтыраған сәнді сарай емес, жан жарының, жақын-жоралары мен сүйікті балаларының күлкісі, ырысы мен ынтымағы» демекші, құда-жекжаттары, туыстарымен тамыры тереңге кеткен,жапырағы жайылған, ырысы мен ынтымағы жарасқан Махамбетовтер әулетіне келін болып түскенімді өзімді бақытты санаймын. Отбасындағы кіші келін болғандықтан қарашаңырақтың отын маздату, ата-енеге қызмет ету және осы отбасынан тараған туыстарын бауырға тарту қолымнан келе білді. Ене мен келіннің ауызбіршілігі отбасының басты ырысы екені айтпасада түсінікті. Өзімнің анамдай енеммен сырласа білдім. Ата-енемнің жағаларын кірлетпей, сүйікті астарын уақытылы әзірлеп, төсектерін қалың салып, жылы сөзіммен қарияларыма қызмет ете білдім. Енем 67 жасында дүниеден өтті. Атам 87 жасында дүниеде нөткенше келіндік қызметімді адал атқарған болдым. Енем 2003 жылы дүниеден өтті, атамды 2018 жылы соңғы сапарға шығарып салдық. Осы 15 жыл атамның қас-қабағына қарап, жағдайын жасаған болдым. Атам атымды атамай «балам» деп сөйлейтін. Ұлы ғұлама әл-Фараби «Адамның денесі сырқат болса, дәрігерлер емдейді, ал қоғамда болатын сырқат улкен кесел болады» деген екен. Ұлы ғұлама айтқандай қазігі қоғамымызда болмашы нәрседен отбасындағы болатын араздық, бір-бірін түсінбеушіліктен жастарымыздың ажырасып жатқаны, қоғамымыздағы үлкен кесел екені анық. «Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» деп дана халқым айтқандай, отбасымыздағы қазыналықарияларымыздың көңіліне қаяу түсірмеу әрбіріміздің негізгі парызымдеп түсінсек деймін.Мұраттың туыстары қыздарын маған ұзаттырып, жаңа түскен келіндерінің оң қапталын маған ұстатады .Бұл дегеніміз үлгі, өнегелері мен өнерлері жұғысты болсын дегендері шығар, – дейді Ж.Қарасайқызы. «Жақсы  ұлың  болса – қазығың, жақсы келінің болса – азығың» деген  бабалар сөзі Мұрат пен Жұмагүлге қаратып айтқандай сезім қалдырады.
Жақсы отбасы – бақыттың отаны.Ерлі-зайыптылардың жарастығы бақыт ағашы болса, балалары оның жемісі. Мұндай жанұяға тап келген қиындықтың өзі жақсылыққа айналып кететінін өмірдің өзі көрсетуде. Міне осындай адалдықтың бұлағын лайламаған жарасымды адал жандар Мұрат пенЖұмагүл босағаларын алтыннан соқтырды, бала сүійіп, мейірімдерін қандырған жайсаң жандар.Балалары Жеңісбек,Әлия,Мәншүк спортқа да, өнерге де бейімделген жастар. «Әкем, шешем және мен» отбасылық спорттық сайысының аудандық, облыстық чемпиондары. «Отбасы – тәрбие ұясы» тақырыбында ұйымдастырылған облыстық отбасылар байқауында «Салауатты отбасы» номинациясының иегерлері. Жеңісбегі де әке жолын қуып, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің дене шынықтыру факультетін бітірді. Спортты жанына серік еткен ол футболдан аудан, облыс жеңімпазы. Қазір өрт сөндіру мекемесінде қызмет жасайды. Әлиясы жоғары білімді дәрігер Ақтөбе қаласында қызметте.Әлия таеквондомен айналысып, Қызылорда, Байқоңыр, Шымкент, Астана қалаларында өткен талай додаларда аудан, облыс намысын қорғап топ жарған. Мәншүгі оқу озаты гитарамен ән салғанды ұнатады.
Ұстаз – жас ұрпақтың рухани сәулеткері,халық өзінің үміті мол болашағын тапсыратын сенімді өкілі.Олар сол секілді сенімді ақтай отырып, зерделі де зерек, парасатты ұлттық және азаматтық құндылықтарды бойына дарытқан тұлғаларды тәрбиелейді демекші Мұрат пен Жұмагүлдің жұптары жазылмай, елінің сеніп тапсырған шәкірттерін білім нәріне сусындатып, көрінген ұл-қыздарыңның қызығын көруге жазсын. Отбастарыңа амандық, өздеріңе зор денсаулық тілей отырып, өнегелі өмір жолдарыңды кейінгі ұрпақтарыңа берсін деген аталық тілегімді жеткізгім келеді.
Аманжол Жолмағамбетов,
КСРОжәне ҚР-ның халық ағарту ісінің озық қызметкері

08 мамыр 2024 ж. 961 0