Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Тектінің теберігіндей...

Тектінің теберігіндей...

Қолға қалам ұстағасын азды-көпті көргені бар, өмірден ғибрат алып, еңбек майданында ер атанған жандар жайлы сөз сабақтайтынымыз бар. Бұл жолы да өзім жақсы білетін, ағайын-туыстарының арасында айтары бар, сөзідуалы, заман талабына сай сауатты, зерек, қазаны оттан түспеген, әрбір жағдайға байыппен қарайтын, қос білекті қайсар, қайратты, елін сыйлаған, елі сыйлаған, аты аңызға айналған Шора Бердалыұлының немересі Ғабит Бақтыбайұлы Шораев туралы айтпақпын. Ғабит сырдың сағасында орналасқан Қосжардың тумасы. 1977жылдың жазында жарық дүние есігін ақшан ол орта мектепті бітірген соң, ата кәсібін жалғастырып, Қосжар балық өсіру мекемесінде абыройлы еңбек етіп келеді. Әкесі Бақтыбай Шораұлы 1940 жылы Қамбаш елді мекенінде дүниеге келген мектепті бітірісімен Ташкент қаласында оқып, Гидротехник мамандығын алып,елге оралады. Қосжар балық өсіру мекемесінде «Бас балық өсіруші» қызметін абыроймен атқарып, 1995 жылы зейнеткерлікке шықты.Ол шежірешіл,сөз саптаудың жүйрігі, бір сөзді, көңілі дарқан даланың ауасындай үлкен жүректі азамат болатын.Ал анасы Дәметкен Орынбасарқызы отбасындағы сүйіспеншілік пен ынтымақты жарастырған ағайындар арасындағы сыйластықтың дәнекері бола білген, қонақжайлы ақ жаулығын кір шалмаған абзал ана болған.
Омар( р.а).былай деген: «Адамдармен жақсы мәміле жасай алу – ақылдың жартысы, жақсы сұрақ қоя білу – білімнің жартысы, істі жақсы басқара алу – тіршілік етудің жартысы» деген. Сол сияқты Ғабит інім жаста болса ел ішінде беделді,білікті азамат.Ауылдың той-тобырына қуанып, қазасына қосыла қайғырып жүрген, үлкенді құрметтеп, кішіге қамқор болып жүрген азамат екенін білген соң айтып отырмын.Халқымыздың көрегенділігі,даналығы,дарқандылығы мен кіршіксіз ақкөңілділігі алдына жан салмайтын кішіге қамқор, үлкенге құрмет көрсететін асыл қасиеттерімізді жіпке тізсек жетіп артылады.Ал осы баға жетпес қасиеттеріміздің кейбірі өткен күннің еншісінде қалып қойған жоқ па? Балалар үлкендердің қолына су құйып бата алатын кездер,ақсақалдар аңыз айтып,шежіремен шеріңді тарқатқан кездер,құрт қайнатып,сұр қақтаған аналарымыз бесік жырын білетін кездер,көрші-көршісінің үйіне күнде кіретін кездер,ауылда ағайындар бауырлас бірін-бірі көрмесе тұра алмайтын кездер, біреумен жаға жыртысып қалған кезде үлкендер араға түсіп,келістіріп, жарастырып, татуластыратын кездер, аналарымыз, жеңгелеріміз, келіндеріміз басындағы бір тал шашын көрсетпей орамал тартатын кездер, халықта «ат тергеу» салты бойынша жеңгелері қайнысымен қайын сіңлісіне сүйекті ат қойған кездер, жеңгелері қыз бен жігітті таныстырған кездер «Қалмады қолда жүзік белде белбеу жеңгесін қызды ауылдың сыйлай-сыйлай» деп айтқан жігіттің назын есітетін кездер-ай! Бәрі-бәрі басқаша еді-ау.Басқада айтқан құндылықтарымыз осы бір кездің суретемесі емес секілді.Осы қасиеттеріміздің бәрі жоғалып кетті деп айтуға болмайды.
Жақында науқастанып орталық ауруханада ем алып жатқанмын.Ғабит інімде ем алып жатыр екен. Мені есітіп палатама келіп сәлем берді. Аты аңыз болған Шора ақсақалдың немересі екенін жақсы білемін және осы Шора ақсақалдың сөздерін әркім әртүрлі етіп айтып жүргенін білеміз.Дәрі-дәрмегімізді алып болған соң бос уақытымда Ғабиттен атасы жайлы әңгімелерін сұрадым. Енді Ғабитті тыңдайық:
– Шора атамның сол кездегі әңгімелелін қазір көп жұртшылық бұрмалап алғанын, жегенін айтып, көп сөзі боқауыз деп жатады.Менің әкем Бақтыбай Шораның үлкен баласы. Балалық, шалалық, жастық болар көп әңгімесіне мән бермеппіз, астарына үңілмеппіз. Көнекөз қариялар әкем, атам жайлы жақсы әңгімелер айтып арқамнан қағады. Шора атамның көпке үлгі істері өте көп.Ертеректе Шора атам жолаушылап келе жатып, теңіз жағасындағы ауылда болып жатқан жаназаның үстінен түседі.Қайыр айтып көңіл білдіреді. Дүниеден өтіп жатқан кісінің артында екі баласы мен әйелі қалыпты. Жоқшылық жандарына батқан отбасында малдың да реті болмай,ағайындарыныңда қолдарының қысқалығынан үш мөңкені (балық) асып, қонақасы бермек болып жатыр екен. Мән-жайды білген соң Шора атам астындағы мініп жүрген атын беріп, мына кісіні ақтық сапарына арулап шығарып салыңдар,– депті.
Арада бірнеше жыл өтіп кетеді. Шора атам Аралға шаруаларымен келеді.Көшеде бір жігіт кездесіп, сәлемдесіп, жата жабысып,хал сұрасады.
– Қай баласың, танымадым? – депті атам.
– Осыдан бірнеше жыл бұрын әкем дүниеден өткенде үлкен қайыр жасап, жомарттық танытқан екенсіз. Шешем өле-өлгенше сырдың Шорасына қарыздарсың, әкең қайтыс болғанда астындағы атын беріп кеткен деп айтып отыратын. Сол кездегі кішкентай баланың біреуімін. Сіздің сыртыңыздан әңгімеңізге, жомарттығыңызға қанықпын.Маған қалауыңызды айтыңыз орындаймын – депті.
– Ешнәрсенің керегі жоқ, «орнында бар, оңалар» деген, үлкен азамат болыпсың, сәлем беріп жөн сұрасқаның жетеді – депті.
Әлгі жігіт «шешем аманаттап тапсырып еді, қалауыңызды орындайын» деп қылқылдап тұрып алыпты.Содан:
– Олай болса гитель тіктіріп киетін мата алып бер–депті. Матаны алып беріп, батасын алып, атама алғысын жаудырып, басын иіпті.Сол матадан екі гитель тіктіріп киген екен.
Шора атам ауылнай болып тұрғанда бір дүкенші ағайыннының мойнынан көп ақша көрінеді.Содан ағайын сотталып кетпесін деп, колхоздың 37 бас сиырын салып құтқарып қалады.Солкезеңдерде үш шабақ балық ұрлағаны үшін итжеккенге айдалып, сотталып жатқан қиын заман екен.Содан арада бірнеше күндер өткен соң Шора атамның үстінен шағым түсіпті.Арызда колхоздың 37 бас сиыр малын салып, ағайынынын құтқарды деген шағым екен. Содан Шора атамды бюраға жиналысқа салып, қызметінен алыпты. Осындай жайттарды естіген ағайындары 37 бас малды жинап, колхоз малын түгелдеп атама болысыпты. Ауылына аман-есен жеткен атам, әлгі арыз жазған өз ағайыны болып шыққанына налып, аттың бауырына алып қамшымен сабапты.
Бір күні Аралдың ауруханасында Шора ақсақал емделіп жатыр дегенді есітіп, ауданның ақсақал-қарасақалдары жиналып, бір қойды сойып, көңілін сұрап, сәлемдесейік, әңгімесін тыңдап, серпіліп қайтайық деп аурухананы бетке алыпты.Шора ақсақалмен амандасып, қонақақыларын беріпті.Сәлем-сауқаттан кейін, тамақты жеп алған Шора үнсіз өзімен-өзі отыра беріпті.Әрі отырып, бері отырып аралдық ақсақалдар әңгімесін қашан айтар деп Шораның аузын аңдып отырады.Бұл кісі екі ұртына су толтырып алғандай үндемепті.Шыдамаған біреуі «сіз Қамбаштан келген Шорасыз ба?» –депті.Әлгі ақсақал жоқ деп басын шұлғыпты.Е, онда жатып еміңді ала бер деп бір топ ақсақалдар кері қайтыпты.
Шора атамның аузы дуалығынан бөлек көріпкелдік қасиеті де бар екен.Бірде Қазалы ауданында тұратын Балмахан құмалақшыға барса керек. Құмалақшы құмалағын шашып жіберіп, «Шөке дәм-тұзың таусылуға жақын екен,40 күндік өмірің қалыпты», -депті.Сонда Шора атам 40 күннен соң сен өлесің, 40 жылдан соң мен өлемін депті.Айтқаны дәл келіп, Шора атам 40 жыл өмір сүріп,91жасында өмірденөтті.Ал Балмахан құмалақшы да 40күннен кейін дүние салған екен.
Шора атамның қолы ашық, жомарттығы ел арасында кеңінен танылған. Палуан ағайынға жиен болғандықтан нағашылары Шора атамды сөзден жығу үшін малы жоқ кезде үйіне қонақ болып,бір топ адам сау етіп кіріп келеді.Құрақ ұшып қарсы алып, төрден орын беріп,ас-ауқаттың қамына кіріседі.Келген қонақтар малы жоқ не беріп тойғызар екен деп ойлап отырады.Шора атам көршілерінің қорасында бар малды сұрамастан алып сойып, қазанға салып,үйіне келген қонақтарын риза етеді екен.Осы жолы да қонақтарын разы етіп, бір малды сойып,қазан асылып, буы бұрқыраған ет дастарханға келеді.Нағашылары жиеннің қонақжайлылығына разы болып, өз істерінен ұялған екен.Ал атам болса сұрамай алған малының орнына малын береді екен.
Шора атам мен Аймағамбет бір күні Аралға бірінші хатшы Б.Уалиевтың үйіне қонаққа барады. Шәй ішіліп, әңгіме-дүкен құрып, жақсы отырыс болыпты.Уәлиевтің үйінде баласы кіріп-шығып жүріп, қолынақұндыз бөрікті алып, Шора атамның басына кигізіп кетеді.Уәлиев әлгі баланы бар деп бөлмеден шығарып жіберіп,балалық деп ұялса керек. Сонда Шора атам «Кімге кигізу керек екенін біліп тұр» депті.Шөке,құндыз бөрікпен құтылсам, жарасы жеңіл деп күліпті.Атам қайтар кезде Уәлиев құндыз бөрікті сыйға тартқан екен.
Шора атам руласы үшін емес, ел-халқы үшін қызмет жасаған. Бірде ағайыны әңгімелі болып, істі болады. Атам үлкендерді жиып алып «жылу жинап, мына баланы аман алып қалайық» депті. Сонда отырғандар арасынан біреу, «үнемі жылу жинап әркімді арашалайсыңда жүресің, барсын, көрсін» деп сөйлепті.Шора атам балама жұмысқа қатынауға алып берген жаңа мотоциклі бар еді соны мен өзім бастап беремін депті.Сен беремін дейсің балаң Бақтыбай кеше ғана алған су жаңа мотоциклін бере ме депті.Сол жиынның үстіне кіріп келген Бақтыбай «Әкем айтса болды беремін,керек десең сол ағайынның орнына мен барайын» депті. «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» демекші менің әкем Бақтыбай елге сыйлы, қайырымды, әділ, бір сөзді кісі болды.Ауыл арасындағы дау-дамайды шешіп қолындағысын елмен бөліскен ақсақал болды.Біреудің ақысын жеме, ала жібін аттама, менің қолымда билік болғанда өз пайдама, қара басыма әрекет жасамадым дейтін.Балаларынан бауырларын биік қоятын еді. Бақтыбай мен Дәметкен осы қос қайнардан қанып ішіп, мейірге шөлдемей өскен ұлдары ұялтпаған қыздары қызартпаған, бір-біротаудың иесі болып абыройға бөленген жайсаң жандар екенін жақсы білген соң айтып отырмын. Сәбиті Ақтөбеде отбасылы,Киелі шаңырақтың иесі Ғабит,Мәлік Арал қаласында өрт сөндіру мекемесінің зейнеткері, Айғаным Қаратереңде отбасылы, Әскербек Қосжарда көлік жүргізушісі, Әйгерім Аралқұмда мұғалім, Аймаржан Аралда №220 мектепте мұғалім.
Қарашаңырақтың иесі Ғабит Бақтыбайұлының сөзінің пәтуасы бар,әкежолын жалғастырған зерек,зерделі жігіт.Ғабит дүниеге келгенде Шора атасы ауызына түкіріп,есімін азан шақырып өзі қойған екен.Міне, осындай аты аңызға айналған,артына өшпестей із қалдырған абыз ақсақал Шора ата Ғабит немересінің ауызына түкіріп, есімін қойған Ғабит осал болсын ба?
Атақты бір ғұлама абыз айтқан екен: «Егер ер азамат ұзақ та сыйлы өмір сүруді қаласа, ақылды әйелге үйленуі керек.Бұл сенің атақ-абыройыңның аса қадірлі, барлық ортада құрметке бөленуіне бірден-біркепілдік береді» деген екен. Сол секілді Ғабитте жар таңдауда маңдайлы болды. 2001жылы Айнұрдай ару қызға үйленіп, отау құрды. Айнұр Теберікқызы өмір баспалдақтарынан сүрінбей, қазақы салт-дәстүрді бойына сіңіре бойжеткен. Қазір киелі шаңырақтың тынысын кеңейтіп,дүниеге ұрпақтар әкелген, ағайын-туыстарды жақындастыра білген сахилығы мол, ұрпақтарының сүйікті анасы екенін делелдеген.Отағасын піріндей тұтқан адал жарАйнұрдың күйеуін пір тұтатының бір белгісі азанғы тұрыста бірінші болып күйеуі Ғабитке иіліп сәлем сауында. Осындай өнегелі өнеге барлық келіндерге жұғысты болса,бұл ауызбіршіліктің таптырмас кепілі болары сөзсіз. Айнұр мектепте техникалық қызметкер болып абырой биігінен көрінуде. Айнұрдың әкесі Теберік,анасы Нұрсұлу екеуіде ел құрметіне бөленген зейнеткерлер.Ғабит пен Айнұрдан тараған ұрпақтарының көшбасшысы Қырымбегі қазіргі таңда Отан қорғау жолында әскери борышын өтеуде, Ерсұлтан Алматы қаласында жоғарғы оқу орнында ІТ саласында білім алуда. Жайна 10 сыныпта,Айсұлтан 6 сынып оқушысы, кішкентайы бір жаста.
Атақты Досмамбет жырау «Даналардың қасында дана жүрсе жарасар, жақсылардың қасында жайсаң жүрсе жарасар, қиын-қыстау күндерде тірек болса жарасар, қайыспайтын қайраты білек болса жарасар» деп жырлағандай даналардан үлгі алған, жақсылармен жанасқан, қиын-қыстау күндерде тірек бола білген, қайыспайтын қайратты Ғабит ініміз бен Айнұр келінімізге Алла тағала қуат беріп, жас болса да елге бас болып, өнегелі өмірлеріңді кейінгі ұрпақтарға еге белген өнегелі жандар. «Тектінің теберігіндей» деген осы шығар.
А. ЖОЛМАҒАМБЕТОВ,
Арал қаласы
13 тамыз 2023 ж. 400 0