Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Есімін мақтан тұтқан Ерсұлтан

Есімін мақтан тұтқан Ерсұлтан

2005 жылдың сәуір айы. Арал тарихында ерекше оқиғамен айшықталды. Себебі бұл күні Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Аралға арнайы келіп, халықтың тұрмысымен танысқан болатын. Бұл сапар көп аралдықтың өмірінде айшықты естеліктермен қалды. Мәселен, сол шақта өмір есігін ашқан қосжарлық кішкентай сәбиге Елбасы «Ерсұлтан» деген есім берді.

Сапар барысында Елбасы Қосжар елді мекеніне келіп, «Қамыстыбас» балық питом­нигінің балық өсіру тәсілдерімен, уылдырық шайқау цехының жұмы­сымен танысты. Ал тұр­ғын­дармен кездесуінде ауыл тұрғыны Бақтыбай Шораев «жаңа туған немеремнің атын қойыңыз» деп өтініш айтады. Сонда Елбасы: «Нұрсұлтан деп көбі қойып жатыр ғой, немереңіздің есімі Ерсұлтан болсын!» – деп қойған. Міне, содан бері арада 16 жыл уақыт өтті. Қазір Ерсұлтан Қосжардағы №67 орта мектептің 11 сыныбында оқиды. Алайда, Ұлт Көш­басшысына ұқсасын деп үміт еткен атасы осыдан 7 жыл бұрын өмірден озыпты. Ерсұлтанның анасы Айнұр Ібрашеваның айтуынша, Ерсұлтан Елбасымен бірнеше мәрте кездескен. 
– 2017 жылы Елбасы Қызылордаға  келгенде балам кездесуге барып, сөз сөйледі: «Нұрсұлтан ата, есімімді өзіңіз қойдыңыз» деп 2005 жылғы сапарын есіне салған болатын. Сонда Елбасы Ерсұлтанға планшет сыйлап, батасын берді. Балам Елбасы секілді ел азаматы болғысы келеді. Өжет, ойын ашық айтады. Қазір атасы да, әжесі де өмірден өткен. Ата-әжесі «Бұл – Елбасының баласы» дейтін. Ал Ерсұлтанымыздан үлкен ұлымыздың аты – Қырымбек. Оның есімі Қызылорда облысының әкімі болған, қазіргі күні мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың құрметіне қойылды. Жолдасым Ғабит екеуміз отбасымызда төрт баланы тәрбиелеп өсіріп отырмыз. Отағасы да ата кәсіпті жалғаған балықшы. Балық өсіру питомнигінде жұмыс істеуде, – дейді Айнұр Ібрашева.
Қазір Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындыққа қызу кіріскен Ерсұлтан болашақ мамандығын да таңдап қойған. Әлем бойынша сұранысқа ие IT маманы болуды мақсат етіп отыр.
– Дүниеге келге­нім­нен-ақ маған үлкен сенім артылды, абыройлы азамат атансын деген ата тілегін сезініп, ержетіп келемін. Есімімді Елбасының қоюы – жақсылықтың нышаны. Мен де болашақта ел тілегін ескерген тұлға болғым келеді. Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың халқымыздың жақсы өмір сүруі үшін жасаған еңбегі орасан. Тәуелсіздікке қол жеткізген отыз жылда Елбасының көш­бас­шылығымен бейбіт әрі берекелі күн кешіп келеміз. Шалғай ауылда тұрсақ та заман көшінен қалмай, білім берудің озық технологияларын меңгеріп жүрміз, – деді Ерсұлтан.
  Сол сапарында Нұрсұлтан Назар­баев: «Аралға көмектессем деген арманыма жеткеніме қуаныш­ты­мын» деген еді. Теңіз тартылып, қиындыққа душар болған халықтың мұңына құлақ түріп, арнайы келіп кездесуі аралдықтардың да болашаққа деген сенімін еселей түсті. Бүгінде алға қойған мақсат орындалып келеді. Әлем үрейлене қараған Аралдың қазіргі келбеті көпті таңғалдыруда. Мұның бәрі – Елбасының еңбегі. Ал Елбасы есімін қойып, батасын берген Ерсұлтан өзіне артылған ата үмітін сезініп  ержетіп келеді. Мақсаты айқын баланың бар арманы – елдің азаматы болып, халықтың кәдесіне жарау.

Н. БАҚЫРАДИН 



01 желтоқсан 2021 ж. 761 0