Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Даңғайыр сөз зергері

Даңғайыр сөз зергері

ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі – Қазақстанның Халық жазушысы, жерлесіміз Әбдіжәміл Нұрпейісовтің биыл туғанына 100 жыл. (22 қараша1924 жыл – 5 ақпан 2022 жыл). Қазақстан жазушылары Әбдіжәмілді Әбе-аға дейді. Әбе ағаның өмірбаянын бүкіл Арал жұртшылығы бес саусағындай білгендіктен оған тоқталудың қажеті болмас. Ә.Нұрпейісовтың қазақ әдебиетіндегі көптеген түрлі публицистикалық мақалалары мен ғылыми еңбектерін және бірқатар аудармаларын есептемегенде сонау бір кездегі Арал өңірінің тарихын, әдет-ғұрпын, балықшылар өмірінің тыныс-тіршілігін бейнелейтін "Қан мен Тер", "Сең", "Соңғы парыз", "Курландия" сияқты сүбелі шығармаларын қалдырды. Сондай-ақ, әдебиетте бұрын кездеспеген Қален, Ақбала, Еламан, Тәңірберген, Сары Шая, Судыр Ахмет, Көткеншек Көшен, Жәдігер, Пакизат, Әзім, Рай сияқты мінез-құлқымен де, бітім-болмысымен де бір-біріне мүлде ұқсамайтын кейіпкерлерді тудырды. Орыс әдебиетшілері "Қан мен терді" орыстың ірі жазушысы М.Шолоховтың "Тынық Дон" романымен терезесі тең шығарма деп бағалады.
Әбе ағаны Аралдың М.Әуезові десе де болады. Ұлы Мұхаң Абай жолы арқылы Семей өңіріндегі қазақ халқының басынан кешкен бір дәуірді суреттесе, Әбе аға "Қан мен тер" арқылы Арал өңірінің сондай бір дәуірін суреттейді. Бұл жағынан алғанда бұл үш суреткерді – М.Шолохов, М.Әуезов, Ә.Нұрпейісовтерді бір-біріне ұқсас деуге болады. Әбдіжәміл аға бүкіл саналы өмірінде өзінің туған жері Аралды, теңізді жанындай жақсы көріп, сүйіп өткен жазушы және оны бүкіл шығармаларына арқау еткен. Сол Әбе Арал теңізі туралы: «Баяғы Татис мұхитының бір бөлшегі болып қалған Арал, сарғайған тарихтан қарап тұрған Томарис кеп атын суарған Арал, Ескендр Зұлхарнайдың табаны тиген Арал,ұлу қабыршақтарының көзімен қарап, бара қалсаң, кешегі су, бүгінгі құм денесімен тынысыңды тарылта жөнелетін Арал» дейді.
Қандай ғажап! Жақсықылыш, Тербенбес тауларының етегіне бара қалсаң, шашылып жатқан бақалшақтарды көресің. Бұл жерде бір заманда мұхит болмаса ол бақалшақтар қайдан келмек. Татистен бөлініп қалған теңіз жиегіне келіп, Ескендір мен Томирис не күй кешті екен?! Сол бөлшек Жент, Хазар, Кердері, Көк теңіз, Хорезм теңізі, Яксарт деген атаулардан аттап өтіп, бүгінде «Арал» деген атпен бізге жеткен. «Бара қалсаң кешегі су, бүгінгі құм денесімен тынысыңды тарылта жөнелетін Арал» – дейді Әбе аға. Тартылып бара жатқан теңізді көрген адамның жан күйзелісі осы емес пе?!
Әбекең көзі тірісінде теңізімді мәңгі көріп жатайыншы деп, туған жері Беларанда ескерткіш-белгі де қойдырды. Туған жерге, теңізге деген бұдан артық қандай сүйіспеншілік, махаббат керек?!
Әбекең Аралға келген сайын ең алдымен бала күннен жан досы Құдайберген Жасекеновтің үйіне соғатын. Екеуі Құланды түбегінде тай-құлындай тебісіп, бірге өсіп, Авань орта мектебінде бірге оқыған, құрдас. Олардың достығы ешқашан ажыраған емес. Құдекең ағамыздың жұбайы Салима апамыздың қаймақ қатқан тәтті шәйін ішіп алып, немере ағасы Байғабылдың үйіне баратын. Байғабылдың келіні Айнагүл – менің жиен қарындасым. Әбекең осы Айнагүлдің қолынан талай рет дәм татты. Қарындасым Әбекеңнің барлық жағдайын жасап, сүйіп жейтін тамақтарын дайындайтын. Соғыстан кейін Әбекең осы үйде жатып, өзінің алғашқы романы Курляндияны жазған. Осы үйге мемориалдық тақта орнатса да артық болмас еді.
Ә.Нұрпейісовтың шығармалары 30-дан аса елдің тілдеріне аударылған. Осының өзі Ә.Нұрпейісовтың қандай деңгейдегі қаламгер екенін көрсетеді. Оның шығармаларындағы Сары Шая, Судыр Ахмет, Тәңірберген, Рай сияқты кейіпкерлер кезінде Құланды өңірінде болған адамдардың прототипі. Олардың өзі болмағанымен, артында қалған ұрпақтары болуы бек мүмкін. Жазушының "Қан мен тер" трилогиясы бойынша "Қазақфильм" киностудиясы көп сериялы үлкен кинофильм түсірді. Ауданда Ә.Нұрпейісов атындағы мемориалдық музей жұмыс істейді.
Ә.Нұрпейсов Қазақстанның Халық жазушысы, Ұлы Отан соғысының ардагері, ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы, Қызыл жұлдыз, Еңбек Қызыл Ту, Құрмет белгісі, Отан ордендері мен Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Жоғарғы Кеңестің грамотасы сияқты марапаттарға ие болған. Ол халықаралық ПЕН клубының ұзақ жылдар бойы президенті қызметін атқарды.
Даңғайыр сөз зергерінің 100 жылдығына орай биыл ауданда, облыста, тіпті республика бойынша түрлі шаралар қолға алынатын болар деп сенеміз.
Ж.ТӨРЕБЕКОВ
14 мамыр 2024 ж. 828 0