Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Кітап оқып жүрсіз бе?

Кітап оқып жүрсіз бе?

Кітап – ақылына ақы сұрамайтын рухани қазына. Білімнің нәрін бойына жиған кітаптың бүгінгі қоғамда маңызы бар ма? Ақын Фариза Оңғарсынова «Кітап оқымаған адам – тамырсыз қаңбақ » деген еді. Бұл сөздің түпкі төркіні көпке аян. Кітап оқып жүрсіз бе?... Осы сауалды әлеуметтік желіде жолдаған едім. Желіде желдей шулап бірі оқуға уақыт жоқ деп ақталса, енді бір бұл сауалды қажетсіз бос далбаса деп жатты. Не керек, өз пікірін қалдырғандардың 40 пайызы кітапты тұрақты оқитын болса, 60 пайызы ақылдың кілтін смартфонға айырбастап қойыпты.
Кітап оқу өмірді екі жылға ұзартады. Бұл – Йель университетінің ғалымдары дәлелдеген факт. Кітап оқығанда ми жасушалары арасындағы байланыс күшейеді. Бұл өз кезегінде жүйке жүйесі ауруларының пайда болуын тежейді. Кітап оқу есте сақтау қабілетін жақсартып, депрессиямен күресудің жақсы әдісі болып табылады. Ғалымдар мен дәрігерлер күйзелістің – адам бойындағы аурулардың 60 пайызына себепші болатынын айтады. Ұзақ уақытқа созылған күйзеліс инсульттің қаупін 50 пайызға, жүрек-қан тамырлары ауруларыны пайда болуын 40 пайызға арттырады. Ал кітап оқу күйзеліс деңгейін 68 пайызға төмендете алады екен. Не бары 6 минут кітап оқу жүрек соғысын бәсеңдетіп, бұлшық ет қызуын төмендетеді. Бірақ бұл монитордан оқу емес.
Хакім Абай «Артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге» деген еді. Иә, кітап оқудың пайдасы көп. Неге кейбір адамдар оқуды әлі де жалғастыруда, тек демалу немесе бос уақытты өткізу үшін ғана емес шығар? Әрине, кітап оқудың пайдасы зор екендігінде сөз жоқ. Жақсы кітапты оқу арқылы адамның білім көкжиегі кеңейеді. Кітап оқудың тағы бір маңызы адамның сөздік қоры көбейіп, ойлау қабілетін арттырып, өз пікірін еркін жеткізе алады. Оған сөз жоқ өз тәжірибеңде көз жеткізуге болады. Сондай-ақ оқу логикалық ойлауды дамытады. Оқығаныңды іштей талдасаң, адам психологиясын жетік түсіне бастайсың. Көңіл-күйің болмаса да кітап оқу бір сәт жабырқаудан арылтады. Тіпті уақытша болса да уайымыңды басады. Кітап оқудың тағы бір пайдасы адам ағзасының қартаймауына септігі бар екенін оқымыстылар дәлелдеуде. Урсула Ленз – егде адамдармен жұмыс жасайтын Федеральды біріккен ұйымның қызметкері былай дейді: «Егде адамдар үшін кітап оқу пайдалы екендігіне бірнеше себеп бар. Біріншіден, оқылған сөзді санада бейнеге айналдыру қабілеті когнитивті (танымдық) қызметке жақсы әсер етеді. Екіншіден, оқу ойын жинақтауға көмектеседі. Сондықтан оқудың қартайғанда да белсенді ақыл-ойды сақтап қалуға пайдасы бар екен».
Кейбір адамдар кітап оқудан жалығып кететіндігін алға тартады. Кітаптың өзінің логикасы бар. Оқыр алдында оны қырындатып қоямыз. Өлең не проза болған жағдайда онда басқа тәсіл қолданамыз. Кітапты оқудың құпиясы: Бірінші сіз сөзге немесе ойға салмақ түсіріп отырасыз ба, соған байланысты. Егер сіз ойға салмақ түсіріп оқитын болсаңыз, кітап жылдам оқылады. Сондай-ақ кейбір адамдар кітап оқу деген осы екен деп өзіне қызық емес кітапты да оқи береді. Мұның ешбір пайдасы жоқ. Бұл өз уақытыңды босқа жоғалтумен тең. Қызығып оқымаған кітабыңыз көп өтпей ақ есіңізде қалмайды. Ал кітапты жалықпай оқу үшін міндетті болғандықтан емес қызығушылықтан оқу қажет. Оқығанда ештеңге көңіл аудармай, бар ынтамен оқыған абзал. Егер алғашқы тарауын оқи бастағанан-ақ жалықсаңыз, онда бұл кітапты әрі қарай жалғастырып оқудың қажеті жоқ. Себебі сіз іздеген кітап бұл емес.
Сонымен келтірілген дәлелдер арқылы, сіздерді кітапты ең жақын досы етеді деп үміттенеміз.
Н. МАРАТҚЫЗЫ
05 маусым 2024 ж. 1 093 0