Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Бітімі бөлек тұлға

Бітімі бөлек тұлға

Ескі көздер бара жатыр азайып,
Олар жайлы ойламаудың өзі айып
Ей, тірілер!
Соларды бір еске алып,
Тебіренейік, толғанайық жазайық - деп ақиық ақын Мұқағали Мақатаев айтқандай кешегі кемеріне толып жатқан Арал өңіріне танымал, жұлдызы биік, ақыл-парасатымен, адамдық бейнесімен, еліне еңбегімен сыйлы болған азаматтардың бірі Аманжолұлы Әбжәми атамыздың туғанына 100 жыл толуда.
Аманжолов Әбжами 1924 жылы Арал ауданының Қаратерең ауыл Советінде дүниеге келген. Ол 1939 жылдан 1946 жылға дейін Арал ауданының «Беларық» және «ХХ жылдық Қазақстан» колхоздарында есепші болып жұмыс істеген. 1946 жылдан 1950 жылға дейін «Жаңақұрылыс» колхозында қойма меңгерушісі, «Беларық» колхозында есепші болып еңбек еткен. 1957 жылға дейін «Жаңақұрылыс» колхозында басқарма председателі болып жұмыс істеді. 1957-1960 жылдары ол «Приарал» совхозында директордың орынбасары, бас бухгалтердің орынбасары болып еңбек етті. 1960-1964 жылдары Арал жұмысшылар кооперациясының басқарма председателі, «Приарал» совхозында инженер-гидротехник, статистикада аудандық инспектор, «Арал» совхозында бас бухгалтер болды. 1964-1966 жылдары «Құланды» жылқы заводына бас зоотехник болып жұмыс істеген, 1966-1974 жылдары «Приарал» совхозында ферма басқарма басшысы, ал 1974 жылдан өмірінің ақырғы күніне дейін осы совхозда зоотехник болып еңбек етті. 1971 жылы Алматы зоотехникалық мал дәрігерлік институтын бітірген.
«Жақсының аты өлмейді, ақынның хаты өлмейді» - дегендей, айта-айта жүрсін деп артында айтар сөз қалдырған, астарлы сөзбен, ұтымды ой айтып, табаны тайғақ жанды түзетіп, адуынды мінезімен, қайраттылығымен істің көзін тауып ұйымдастыра білген, қиналғанға көмек беріп, жетімдерді оқуға түсіріп, білімге жол ашқан жан-ол менің нағашым, анамның әкесі еді.
Адамды адам етіп қалыптастыратын ең бірінші тегі, екінші алған тәрбиесі, үшінші ортасы болса, ауыр кезеңде дүниеге келіп, еңбекке ерте араласып, жасынан көзге түсіп 25 жасында «Бала басқарма» атанып, халықты береке-бірлікке бастай білген таудай заңғар нағашы атам, сыртқа суық қатал жан болғанмен көңілі мейірімге толы, теңіздей терең білімнің иесі болыпты. Өзіңнің кім екеніңді білгің келсе, нағашыңды жақыннан таны дер едім. Менің еміс-еміс есіме түскені нағашымның болмысының биіктігі, қалың қайратты шашы артқа қарай қайрылып, өзгеден ерекшеленіп тұрар тұлғасы. Нағашым Әбжәми атам 58 жасында кенеттен бұл пәнимен қоштасқанда небәрі 5 ке толмаған ойын баласымын. Үйдің бір бөлмесінде басы есікке қарап жатқызып, үсті ақ шүберекпен жабулы, басы ашық, бейне бір ұйықтап жатқандай сезіндім. Басында ізіне ерген інісі Әбдіхан ағамның жылғаны. Неге, үлкендер жылайды ма? - дегендей таңданыс пен үрей бойымды билегені анық. Өлім деген нәрсеге сананың толық жетпеген кезі. Өзім танымасам да нағашымды пір тұтамын. Анамдай қыз өсірген жанды қалай құрметтесе де жарасады. Нағашыларыммен мақтанамын, Бекболат ағам тірі болғанда үлкен бір саланы басқарып отырар еді, өмірдің өзі өлшеулі екені жақының азайғанда есіңе түседі. Менің әкем Шәметов Ерғали 1972 жылдары Алматыдағы Ауылшаруашылық институтында оқып жүріп, отбасы жағдайына байланысты оқуын сырттай бөлімге ауыстырады. Кезекті сессияға шақырғанда әкем оқуын жалғастыруға баратын жағдайы болмай оқуды тоқтатуға мәжбүр болғанда, бұл хабар қайын атасы Әбжәмидің құлағына шалынып оқуыңды тоқтатпа, ертеңгі жейтін наның, елге білімді жастар керек - деп қолтығынан демеп, көмектескені туралы Әкемнің айтып отырғаны құлағымда қалыпты. Бір жағынан құдасы Шәметпен ертеректен дос болып, Арал-Қазалының арасын жол қылған екен. Алланың қалауымен достықтары құдалыққа ұласып, бұл күнде жапырақтары жайқалған өсіп-өнген әулетке айналды.
Анам Моншақтың әкесі туралы естелігі: «Өмірдің сыр-сипатын қатарынан бұрын танып, ерте есейген әкеміз, өзгелерден оқ бойы озып, өзінің оқшау тұғырын тапқан азамат болатын. Табиғаты да, заты да бөлек жаратылған жан еді. Ел алдында жүрген соң, жан-жағындағы жандардың қас-қабағына қарап, қол ұшын беріп, шешілмес түйін жоқ деп қолынан келген көмегін аямайтын. Халқымыз жақсы адамды шыраққа теңейді, өйткені шырақтың сәулесі кеңге тарайды, одан барша адам жылу алады. Менің Әкем мен Анам сол шырақ болатын. Терең судай тұнық мінезімен біздерге адалдық пен парасаттылықтың дәнін бойымызға сіңіріп кетті».
Қызы Алмагүлдің естелігі: «Біздерге өзінің қамқорлығымен адамгершілігімен, бауырмалдылығымен өнеге болған, тәрбие берген асқар таудай әкеміз Аманжолұлы Әбжәмидің туғанына 100 жыл толып отыр. Еңбекке ерте араласып, 25 жасында «Бала басқарма» атанып, өзінің екі мамандығымен (есепші, зоотехник) жұмыс істей жүріп, Арал ауданының ауылшаруашылығына зор үлес қосқан адам. Жүрген ортасында, еңбек еткен ортасында ағайын мен ұжымға, басшылар алдында үлкен абыройға, құрметке сыйға ие болып өмірден өтті. Жатқан жерің жайлы, жаннаттың төрінен орның болсын, ұрпағыңды желеп-жебей көр» - деп еске алады.
Сонымен қатар атам туралы ағайыны Мырзалиев Жарылқаған «Татыран аталығының таралымы» кітабындағы естелігінде: «Аманжолов Әбжами Арал ауданына белгілі азамат. Анау-мынау адамды бетіне қаратпайтын адуынды мінезді, орынды жерінде әзіл-қалжыңын араластыратырып отыратын адам еді. Партия тәрбиесінде қызмет істеген Әбжәми ораза, намаздан аулақтау болған. Бірде үлкен шалдармен өз туыстарының ортасында отырып ораза, намаз жөнінде әңгіме өріп, аяғы иманға келіп тіреледі. Сақал-мұртқа ұяттылау, көселеу Әбжәми ағамыз: «Ой, мұның оразасын да ұстармыз, бес уақыт намазын да оқырмыз, сақал-мұртты айтсайшы, иман қайда кетер дейсің, әуелі өліп алайық» – деген көрінеді.
«Көш бастайтын жігіттің нары басқа, ел бастайтын жігіттің жары басқа» - деген қазақтың жақсы сөзінің тағы бір дәлелі жұбайы Нәжіметқызы Зейнеш әжемізді де Құдай қосқан жан. Зейнеш әжеміз 7 кластық білімімен сол елде мұғалім болып қызмет атқарған. Отбасында да өте маңғаз, сабырлы, өзгеге болмасын демейтін кеңпейіл, өте білімді жан болатын. Балаларының сабақ үлгерімін тексеріп, азаматының қабағын бағып, күндіз-түні келген қонақты қабағын шытпай қарсы алып, елдің ықыласына бөленген. Ауызбіршіліктің тұтқасын мықтап ұстап, шаңырақтың түтінін түзу шығарған ақыл-парасаттың иесі еді. Балаларының бәрі жоғары білім алған, әр саланың майталман мамандары. Қыздары Моншақ пен Ақкенже ұстаздық жолында еңбек етсе, Алмагүл әке жолын қуып есепші болды, Бекболат пен Темірхан инженер, Жеңісбек жеке кәсіппен айналысып, әке салған адал жолмен еңбек етіп, алды бейнетінің зейнетін көріп, ұл-қыздарының, немере шөбере сүйіп отырған ұлағатты жандар. Бекболат нағашым ерте сөнген жұлдыздай ортамызда жоқ.
Адам ұрпағымен көрікті, немерелері Гүлбану мен Шәрбану, Астана қаласында, бірі Ауылшаруашылық министрлігінде қызмет атқарса, бірі Денсаулық сақтау министрлігінде. Еркіні алтын қолды дәрігер болса Нәзігүлі Заңгер, Ернары мен Жазирасы жеке кәсіпкер және басқа немерелері де ата жолын жалғастырар азамат болары анық. Қашан да жақсының ізі өшпейді, асылдың ісі өлмейді. Туған жерге кіндігі байланған, қиындықтан қашпай, еліне қадірлі болған бітімі бөлек Аманжолұлы Әбжами атамыздың өзі болмаса да ізін жалғар балалары Темірхан мен Жеңісбегі әкеге ас беріп Құран бағыштауда. «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген сөздің тағы бір дәлелі.
«Уақыттан озған пырақ жоқ». Сіздің жүріп өткен жолыңызға көңіл тоқтатқан жан, қажырлы да қайратты ердің кейпін таныр еді. Ел игілігі үшін еткен еңбегіңізді ешкім де, ешқашан да ұмытпайды.
Эльмира Шәметова

10 маусым 2024 ж. 841 0