Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тарихи суреттің сыры

Тарихи суреттің сыры

Өткен ғасырдың басындағы дүрбелең жылдар Арал өңірінен талай танымал қайраткерлерді тарих сахнасына алып шықты. Повольже халқына аштыққа байланысты 14 вагон балық жөнелткен жерлестеріміз жайлы кітапқа деректер жинап жүргенде қолымызға тарихи сурет түсті. Бұл – он жеті жасында Райым болысының болысы болған, үш мәрте Бүкілодақтық съезге делегат болып қатысқан Уәйіс Қосымовтың ұрпақтарында сақтаулы құнды жәдігер дүние екен.
Уәйіс Қосымов 1888 жылы Қазалы уезіне қарасты Райым ауылында туған. Ол жастайынан халыққа қызмет етіп, 1903 жылы 15 жасында орыс-қазақ арасында тілмаш болды. Бұдан кейін талапты жасты Орынбор қаласына алып кетіп, ол жақта екі жыл қызмет еткен. Осындай жұмыстары арқасында 17 жасында Райым ауылына болыс болып сайланған. Мұнан кейін Қазан төңкерісі басталып, ол Арал-Қазалыда кеңес өкіметін орнатуға қатысады.
Атамыз бір әңгімесінде былай деген екен: «Аралды бұрын Алтықұдық деп атады. Осы Алтықұдыққа ағаш тасып үй салдық, содан тас тасып, теміржол салдық». Шамасы бұл жылдар Орынбор-Ташкент теміржолын салған кезең болуы керек.
Жаңа өкімет орнағаннан кейін Жаңақұрылыс ауылына Беларық колхозын ұйымдастыруға жібереді. Балықшыларға ау-құрал, жылым беріп, балық аулатқан. Лениннің хатына іспен жауап беруге халықты жұмылдырып, Еділ бойындағы аштыққа байланысты 14 вагон балық жөнелтуді тікелей ұйымдастырған басшылардың бірі болды.
Уәйіс Қосымов Бүкілодақтық съездерге үш рет делегат болып қатысып, ВЦИК-тің мүшесі болып сайланған. Сол сапарларында М.И.Калининнің қабылдауында болып, суретке түскен. Осы сурет әлі күнге дейін ұрпақтарының қолында сақтаулы. Ол Мәскеуде өткен Дүниежүзілік конгреске қатысқан жалғыз қызылордалық қайраткер.
Қайраткер атамыз 1928 жылы КПСС қатарына қабылданады. 1937-1938 жылдары «Аралрыбколхозсоюздың» председателі, 1938-1939 жылдары Ұзынқайыр балық колхозының директоры, 1940-1941 жылдары Арал балық комбинатының директоры, 1941 жылдан Бөген колхозының председателі сияқты жауапты қызметтерді атқарған. Қай жерде болсын ол іскер ұйымдастырушы, халыққа беделді, елге сыйлы басшы болған.
Мұнан кейін 1945-1956 жылдары Қуаңдария МРС-нің директоры, Орджиникидзе колхозының төрағасы, Аманөткел колхозының төрағасы, Бөген тұтынушылар кооперативінің сауда меңгерушісі қызметтерінде болады. 1957 жылы жоғары дәрежелі дербес зейнетке шығып, Арал қаласына көшіп келеді. 1966 жылы дүниеден озды. Ардақты азаматты аудан халқы мен басшылары зор құрметпен соңғы сапарға шығарып салады.
Бүкіл саналы өмірін елінің өркендеуі мен халқының тұрмысының жақсаруына арнап, қажырлы еңбек еткен қайраткердің өнегесі ұмытылмайды. Еліне сіңірген қызметі бағаланып, У.Қосымовқа Арал қаласынан көше атауы берілген. Арал балықшыларына арналған тарихи хаттың 100 жылдығында олардың ерен ерлігі ұрпаққа үлгі-өнеге.
Жұматәли ӘБДІРАМАН,
жазушы-журналист
23 қазан 2022 ж. 614 0