Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Сатира семсері

Сатира семсері

Жақында жерлес жазушы Шымкентбай Жылмағанбетовтің «Өңшең мыжу» атты жаңа кітабы «Формат-Принт» баспасынан жарыққа шықты.

Қаламгердің бұл кітабына әр жылдары жазылған әзіл-сықақ әңгімелері, шымшымалары мен фельетондары іріктеліп топтастырылған. Автор сатиралық шығармаларында қоғамдағы түрлі түйткілдер мен адам бойындағы келеңсіздіктер – тоғышарлық пен жалқаулықты, көзбояушылық пен мансапқорлықты, парақорлықты, атаққұмарлықты ащы тілмен шағып, іреп салады. Қоғам тынысы, кейбір пенденің қылықтары еріксіз езу тартқызып, жүзіңе күлкі үйіреді. Оқиғалары өмірдің өзінен алынған.

Бір деммен оқылатын кітапта сатира жанрының бәрі түгел қамтылған десе де болады. Мысқыл, мысал, әзіл-сықақ, шымшыма, қалжың, тіпті жұмбақтар да бар. Кітаптағы дүниелерді «қысқа-нұсқа», «аз да болса саз» деген тәмсілге сай келеді дей аламыз.

Айта кетейік, Ш.Жылмағанбетов жұртшылыққа «Қателіктің құны», «Өмір көшінде» атты кітаптарымен танымал. Әсіресе детектив жанрындағы «Қателіктің құнына» оқырманның ықыласы бөлек. Жаңа сатиралық жинақтың да оқырман жүрегіне жол табатынына сенімдіміз.

«СБ» ақпарат»
Ақпарат көзі: syrboyi.kz
10 маусым 2024 ж. 986 0