Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Өнердің өрісін кеңейткен «Алдаспан» әзіл-сықақ театры

Өнердің өрісін кеңейткен «Алдаспан» әзіл-сықақ театры

Күлдіре білу – өнер, күле білу – өмір, күлкі болу – өлім. Бұл қазақта көнеден келе жатқан түсінік. Әр сөздің астарында терең мағына мен талай ұрпаққа татырлық тәрбие бар халықтың осы бір ауыз сөзінен де өрісі кең өнеге алуға болады.
Расында күлдіре отырып ұрпақты күлкі болмауға баулитын, қоғамның ақ пен қарасын қатар көрсетіп, елге ой салатын талай қағытпа қалжыңдар мен әзіл-сықақ төңірегінде жүрген талай театрдың, театр әртістерінің өнері қазаққа қай кезден-ақ мәлім. Өлкесінде өнер, тілінде қасиет бар айдынды Арал өңірі де мұндай бағыттағы бастамалардан бір сәт шет қалған емес. Оған біздің бүгінгі айтқалы отырған "Алдаспан" халықтың әзіл-сықақ театры дәлел.
Аманөткел ауылдық мәдениет үйі жанындағы «Алдаспан» әзіл-сықақ отауы 1987 жылдан бері халыққа тұрақты мәдени қызмет атқарып келеді. Бастапқы кезде «Тамаша», кейіннен «Думан» тобы болып аталған ұжым 1998 жылдан 2016 жылға дейін «Ақұдай» болып аталса, 2016 жылы бұл ұжымға «Халықтық»  атағы беріліп, осы жылдан бастап «Алдаспан» әзіл-сықақ отауы болып белгіленді.
Әзіл-сықақ отауы көптеген облыстық, республикалық байқаулардың жүлдегері және облыс көлеміне танымал өнерлі ұжым. Халықтық ұжым жыл сайын жергілікті әуесқой қаламгерлердің шығармаларымен жаңа бағдарламамен толығып  отырады. 2000 жылы әзіл-сықақ отауы көрші Ақтөбе қаласында өз өнерлерін көпшілікке ұсынып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп қайтты.
2004 жылы белгілі сатирик Ш.Смаханұлының 80 жасқа толуына орай «Тамашаның тамашасы» атты аудандық әзіл-сықақ отауларының байқауында бас жүлдеге ие болды. 2016 жылы Халықаралық Күлкі күніне арналған Шиелі ауданында белгілі актер, "Тамашаның" тарланы, жерлесіміз М.Нұрекеевтің 70 жасқа толуына арналған «Мінекей, Мейірманның ізбасарлары» атты облыстық әзіл-сықақ отауларының байқауы өткізілді. Бұл байқауға халық театры жанындағы «Алдаспан» әзіл-сықақ отауының белді мүшелері Б.Шыманов пен М.Тілеулиев өнер көрсетіп, жүлделі ІІ орынды жеңіп алды.
Байқауға мәдениет үйінің директоры, сценарист, көптеген интермедияларды өмірге әкеліп жүрген С.Жаңабаевтың «Бас-басына би болған» интермедиясымен өнер көрсетті. Осы байқауда халық театрының  суретшісі, өнерпаз М.Тілеулиев «Сатираның үздік ойыншысы» номинациясын жеңіп алды.
2017 жылы Шиелі аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен Халықаралық Күлкі күніне арналған «Мінекей, Мейірманның ізбасарлары» атты облыстық әзіл-сықақ отауының облыстық байқауына «Алдаспан» әзіл-сықақ отауы С.Жаңабаевтың «Іші майлы Май-лар» интермедияларымен байқаудың «Үздік-әзіл» номинациясын жеңіп алды.
2018 жылы облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюссерлік орталығының қолдауымен, Жаңақорған аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Жаңаша» халықтық әзіл-сықақ отауының 30 жылдығына орай мәдениет майталманы Қазбек Башаровты еске алуға арналған «Қазбектің қалжыңдары» атты әзіл-сықақ отауларының облыстық фестиваліне «Алдаспан» әзіл-сықақ отауы С.Жаңабаевтың «Өзіме де сол керек», «Алты жасар Алпамыс» интермедиясымен байқаудың ІІ орынын жеңіп алды.
2019 жылы аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Тамаша» әзіл-сықақ отауының әртісі Рахметулла Қаниевті еске алуға арналған «Қалжың қарымтасының тарланы» атты аудандық әзіл-сықақ интермедияларының байқауында ІІ орынға ие болдық. Әзіл-сықақ отауы қазақ сатирасына елеулі үлес қосқан талантты әртіс, жерлесіміз Қ.Сұлтанбаевтың шығармашылық өнер жолын насихаттауға арналған «Күлкі думан» атты әзіл-сықақ отауларының облыстық байқауында ІІІ орынға ие болды.
2020 жылы Арал аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Алдаспан» әзіл-сықақ отауы Қазақстанның халық әртісі Қ.Сұлтанбаевтың шығармашылығына арналған «Сатира – өмір айнасы» атты әзіл-сықақ отауының аймақтық байқауына қатысып, байқау қортындысы бойынша ІІ орынды женіп алды. Байқауда  С.Жаңабаевтың «Өлісі сенікі, тірісі менікі» атты интермедиясы сахналанды.
2021 жылы Жаңақорған ауданында «Жаңаша» халықтық әзіл-сықақ отауының белді актері Қазбек Башаров атындағы жүлде үшін «Сатира садағы» атты облыстық әзіл-сықақ отауларының онлайн байқауында жүлделі ІІІ орынға ие болды. 2022 жылы Арал ауданында жерлесіміз Қазақстанның халық әртісі Құдайберген Сұлтанбаевтың 75 жылдығына орай «Шын күлкі ардан биік, шың бір өнер» атты әзіл-сықақ отаулының  республикалық байқауында жүлделі ІІ орынға ие болды. Өткен жылы халықтық әзіл-сықақ отауы көрші елді мекендерге «Ауылым алтын бесігім» атты дәстүрлі бағдарламасымен мәдени іс-шаралар өткізді.
Алдаспан әзіл-сықақ отауы 2016 жылы халықтық атағын қорғады.Сол кездегі аудан әкімі А.Мұхимов, егер әзіл-сықақ ұжымы халықтық атағын қорғаған жағдайда, театрға тиісті 2 штатпен қамтамасыз ететіні жөнінде кепіл хат берген болатын. Өкінішке қарай А.Мұхимов басқа қызметке ауысуына байланысты, онан кейінгі келген әкімдер тек уәде берумен ғана шектеліп келеді. Мәдениет министрінің «Алдаспан» әзіл-сықақ отауына халықтық атақ берілсін деген бұйрығы осы уақытқа дейін ескерусіз келеді.
Соған қарамастан «Алдаспан» әзіл-сықақ театры жыл сайын өз репертуарын кеңейтіп, тәжірибесін  дамытумен келеді.

Онталап ЖОЛДАСОВ


10 ақпан 2024 ж. 4 339 0