Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » «Аққұйын»: қазақ әдебиетінде жаңа леп

«Аққұйын»: қазақ әдебиетінде жаңа леп

–Екеуміз дос болайық.
–Менің достарым сенсіз де көп.
–Шынайы дос болайық.
–Жарайды.
***
Бұл – бас-аяғы 4 сөйлемнен тұратын қысқа әңгіме. Иә, кітап – жанның азығы деп, оның бар құдіретін, берері мол қазына екенін мойындаған жандармыз. Дегенмен қазіргі жастардың талабы мен талғамына сай олардың мазмұны мен мақамы өзгеріп отыр.Бүгінде ұзын-сонар, том-том кітапты арқалап, білгенін түйіп, оны талдайтын жастар аз, бірақ кез-келген жанрдағы, кез-келген әлем әдебиетінен қысқа әңгіме оқушы жастар жетерлік. Осы қызығушылықты ескере отырып жарық көрген кітаптың бірі – «Аққұйын». Небәрі 17 жасар автордың бұл туындысы ғаламтор желісін жағалап, мыңдаған таралымға ие болған еді.
Аққұйын – қысқа әңгімелерден тұратын кітап. Бәріміз көргендей небәрі 4-5 сөйлемге, тіпті 1 сөйлемге ойланарлық, актуалды тақырыптарды жазып, біріктірген автор – Жалғас Қазыбек. Қарағанды облысы, Балқаш қаласының тұрғыны осыған дейін «Хас» кітабын жарыққа шығарған болатын. Ал ол өзінің бұл кітапты жазудағы ойы туралы:
–«Аққұйын» – менің екінші кітабым. Өзім 2020 жылдан бастап әдебиетке жаңа бір тыныс, леп керек деп ойлайтынмын. Себебі қазірде бәріміз сол баяғыша 19-20 ғасырдың кітаптарын оқып жүрміз. Заманауи авторлардан ауыз толтырып айтарлық ешкім жоқ. Керісінше қоғам түрлі әлеуметтік желідегі нәрсені көріп, уақыт өткізетіндер көп. Осылайша өткен жылы жаз айында қысқа әңгіме жазу туралы ойлана бастағам. Телеграмдағы арнама кейде әңгімемді жүктейтінмін. Бір күні бір оқырманымнан «ана туралы қысқа әңгімелерді көп жазыңызшы. Мен өмірімде туған анамды көрмеген едім. Сіздің қысқа әңгімелеріңізді оқу арқылы сол кісіні жанымда сезінгендей, танығандай боламын» деген хабарлама келді. Осыдан кейін кітап жазуды нақты қолыма алам деп шештім, – дейді ол.
Кітапта қазіргі өзекті мәселелер, оның ішінде отбасылық зорлық-зомбылық, достық, қатыгездік, жастардың мінез-құлқының өзгеруі мен ата-анаға дұрыс емес қарым-қатынас туралы және көптеген түрлі бағыттағы шағын әңгімелерді оқуға болады. Олардың ең қысқасы 1 сөйлемнен тұрса, ең ұзағы 5 сөйлемге дейін барады. Соның өзінде тереңіне үңілген жанға «расымен де солай ғой» деп ойланарлық ой салады.
–Кітабым қазір көпшілікке таныс. Дүкендер желісінен де, ғаламтордан да тапсырыс берушілер, сатып алушылар көп. Меніңше, көп жағдайда әңгіменің қысқалығына, оқуына жеңілдігіне қарап емес, олардың өмірлі болғанына қарап алатын секілді. Мысалы, ғаламторда жастар арасында ең көп тараған әңгіменің бірі – «Әпке, бүгін туған күнің ғой, не сыйлық қалайсың? – Әкем ішіп келмесе болды» деген екі сөйлем. Мен кітаптың осындай қолдау тапқанына қуанамын. Кітап бірде тіпті Асанәлі Әшімов, Дулат Исабеков сынды ағаларымыздың да оң бағасын алған, – дейді Жалғас Қазыбек бір сұхбатында.
Қазақта «болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» деген сөз бар. Ал жаңа бастамасы жолға қойылған жасқа қоғамнан қолдау табудан артық, жанашырлықты сезінуден артық не бар дейсіз?! Жақында «Аққұйын 2» кітабын жарыққа шығаруды жоспарлап жүрген Жалғасқа шығармашылық табыс тілейміз.
Г. ӘЛНИЯЗИНА
16 шілде 2024 ж. 649 0