Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ұлттық асты ұлықтаған «QAZAQFOOD»

Ұлттық асты ұлықтаған «QAZAQFOOD»

Халық арасында «алуан-алуан кәсіп бар, таңдау біл де, талап қыл» деген нақыл сөзді естіп жатамыз. Бұл сөздің түпкі мағынасын түсінген адам еңбек ету мен кәсіпке кірісу жайын алдына мақсат етіп қояды. Қазіргі заманда бұрынғыдай бір шаруаның етегінде жүріп, отбасын асырау қаржы тапшылығына алып келетіні рас. Мұны басты ұстанымына айналдырған адамдар кәсіп қуып, нәсіп тауып жатқанынан да хабардармыз. Осы орайда ауданымыздағыұлттық руханиятты, қазақылықты кәсіппен байланыстырған ерекше кәсіп иесінің жұмысымен танысқан болатынбыз.
Қымыз – көшпелі қазақтың тұрмысында азық та, сусын да болған қадірлі ас. Медициналық тұрғысынан да, күнделікті тіршілікте адам ағзасына әкелетін пайдасына да қарап қымызды баптау, оны пісіріп сату жұмысы қазіргі таңда жолға қойылып келеді. Ауданда осындай көңіл қуантарлық кәсіпті бастаушылардың бірі, «QAZAQFOOD» қымызханасының басшысы Нұрсұлтан Нұрғалиұлы Айтжанов өз кәсібінің бастамасы туралы:
–Жалпы өзім жеке шаруаларыммен жолсапарларға көп шығып тұрамын. Сол сапардың бірінде Ақтөбе қаласындағы жолдастарым қымызханаға апарған болатын. Іші шағын болса да, ұсынған өнімдері көңілімнен шықты. Халықтың да қарасы көп. Соны көріп, «неге Аралдан да осындай кәсіп ашпасқа?!» деп ойландым. Ең бастысы Аралға келген шетелдік болсын, өзге өңірлік болсын қонақтарымызға таныстырып, қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татқызатын орын болса екен деген ой еді. Осылайша барынша ыңғайлы ғимаратты іздестіріп, өз қаражатымызбен ісімізді бастадық, – дейді.
Қандай істің де бастауы оңайға соқпайтыны анық. Кәсіп иесі де қымызхананы ашу кезінде түрлі идеялар туғанын, оның біріне ойы жетсе, біріне қолы жетпегенін айтады. Осылайша мыңдаған ойдың тоқтамы ғимарат ішін қазақы сәкі кейпінде ұйымдастыруға тоқталыпты.
–Қымызхананы келушілердің ыңғайына қарап өзіміз біліп өскен сәкі түрінде жасауды ұйғардық. Қазір 5 сәкі бар және жеке отырушыларға арналған 2 кабина жұмыс жасайды. Барлығының іші жер үстелмен, қазақы, құрақ көрпе-жастықтармен және ұлттық нақышқа сай фотолармен әрленген. Ал ғимараттың төріндегі қабырғаға Алаш зиялыларының суретін салдыруды жөн санадым.
Қымызханаға көбіне кешкілік уақытта жас жігіттер қауымы келеді. Олардың ішінде жай көңіл көтеру мақсатында отырыс жасайтындары да, туған күн секілді жеке мерекесін тойлаушылар да кездеседі. Тіпті кейбір жастар біздегі тоғызқұмалақ, дойбы, шахмат ойындарын ойнау үшін арнайылап келеді. Біздің ас мәзірімізде олардың таңдауына қарай бал қымыз, башқұр қымызы, хан қымыз, дос қымыз секілді қымыз түрлері бар. Сонымен бірге таза жылқы етінен қуырдақ, қуырылған балық түрлері, ыстық бауырсақтар және дүкеннің түрлі сусындары мен дайын қытырлақ, шемішке түрлері де сатылымда. Көпшіліктің сұранысы бойынша жақын арада фаст-фуд өнімдерін де ас мәзіріне қосу ойымызда, – деп Нұрсұлтан Айтжанов негізгі жұмыс барысымен таныстырды.
Жалпы бұл кәсіпкерлік ісі Нұрсұлтан Нұрғалиұлының отбасында алғашқысы емес. Кәсіпкердің анасы Бақыткүл Айтжанова да бірнеше жылдан бері «Жақсат» коммуналдық базарында жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, халыққа қызмет етеді. Ал Нұрсұлтан Айтжанов бүгінде жары Аскарова Галия екеуі 3 балапанды тәрбиелеп отырған бақытты отбасы.
Иә, кәсібінің нәсібін көру – кез келген жеке шаруашылығы бар жанның маңдай терімен көрген қуанышы. Көп еңбек еткенге бақыт та басын иіп, әлем де еңбекпен ғана жаңарып, еңбекпен ғана жаңғырып отырары сөзсіз. Ендеше халық игілігіне ашылған «QAZAQFOOD» қымызханасының жұмысы одан әрі жандана берсін демекпіз.

Гүлмарал САҚТАПОВА
22 шілде 2024 ж. 235 0