Тәтті мақта жасауда

Бала кезден кәсіпкерлік саласымен таныс болып өскен Нұрай бірнеше мәрте жас кәсіпкерлер форумдарына қатысып, тәжірибе жинақтаған. Жақсыны көріп, керегін үйренген жас кәсіпкер өзінің тың кәсіп түрін бастауына осындай шаралардың септігі көп болғандығын айтты.
– Мен бұған дейін ата-анамның қолдауымен ашылған жеке балабақшаны басқардым. Осыдан аз уақыт бұрын тұрмысқа шықтым. Сонан соң жолдасым Сұлтанғали екеуміз бірігіп жаңа кәсіп түрін ашуды жоспарладық. Бұрын да ойлап жүретінмін тәтті мақталарға деген балалардың қызығушылығы жоғары екендігін. Содан дүкен иелерінен қайдан алдырып отырғандығын сұрастырдым. Сөйтсем бұл тәттілер бізде жасалмайтын болғандықтан, көршілес облыстардан алдырады екен, – деп әңгімесін бастады Нұрай.
Әрине алыс жолдан келген соң тәтті мақталардың өңі кетіп, пішіні өзгерген. Ал өтпей қалған тауарлар дүкен иелеріне шығын әкеле бастаған. Осыны ескерген Нұрай тәтті мақтаны жасаудың жолын қарастыра бастайды.
– Алдымен мақта жасайтын аппарат керек болды. Мұны қалтаға қонымды бағада алу үшін көп іздестірдім. Себебі біз бұл кәсіпті өз қаражатымызбен бастадық. Ақырында көп іздеген құралымыз жақыннан табылды. Бұл ретте жолдасым Сұлтанғалидің қолдауы ерекше болды. Мұнан соң кәмпит жасауға қажетті бояғыштар мен қоспаларды, сыртқы қаптамаларды Алматы қаласынан тапсырыспен алдырдық,– дейді.
Нұрайдың аталған кәсіпті бастағанына көп уақыт болған жоқ. Сонда да болса тапсырыс көлемі күн сайын артып отыр, дейді. Әсіресе кенттегі дүкендер бастапқыда аз мөлшерде алған болса, қазір біртіндеп тапсырыс көлемін көбейткен.

Нұрай өзінің жоспарларын жүзеге асыру үшін уақыт талабымен үндесе отырып жұмыс жасауға үйренген. Қазір де жас келін атанған Нұрай қайын жұртының талап-тілегінен шығумен қатар, табыс тауып, тәуір тұрмыс кешіп отыр. Оның талпынысы замандастары үшін үлгі. Ол мұнымен тоқтап қалмақ емес. Кәсібін дамытып, биік белестерді бағындырғысы келеді. Жоспары көп жас кәсіпкердің болашағына табыс тіледік.

Н. МАРАТҚЫЗЫ
Арал қаласы