Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Кәсіптен береке тапқан отбасы

Кәсіптен береке тапқан отбасы

Аралда соңғы жылдары кәсіпкерлік көкжиегі кеңіп келді. Түрлі кәсіпкерлік нысандар бой көтеріп, сапалы қызмет түрлері ұсынылып жүр. Өйткені мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге жасалып жатқан қолдау жоғары. Бұл көңіл қуантады. Өз ісін қолға алып, халық қажетін өтеумен қатар, табысқа кенеліп отырған жандар баршылық. Әсіресе ауылда кәсіпкерлікке ден қойғандар көбейген. Солардың қатарында Темірхан Сүйеуов пен Айнұр Эдилбаева да бар.
Бұл жандардың жарасымды шаңырақ болғанына да жиырма жылға тарта уақыт болды. Айнұр – қырғыз ұлтының өкілі. Жақсықылыштық жігіт Темірханмен Алматы қаласында жұмыс істеп жүріп танысқан. Жарасым тапқан екі жас көп ұзамай шаңырақ көтереді. Осылайша 2005 жылы Жақсықылыш кентіне келін болып түскен Айнұр қазірде елге сіңісіп кеткен. Ағайын-туыспен де, көршімен де тату тірлік кешіп, алты баланы өмірге әкелді. Отағасы Темірхан 15 жылдан бері шаштараздық кәсіпті меңгеріп, кенттегі тұрғындарға қалтқысыз қызмет атқарып келеді.
– Отбасы болған соң жанұяны асырау ердің міндеті. Бұрындары әртүрлі жұмыстар істеп жан бағушы едік. Балаларым өмірге келе бастаған соң бала тәрбиесімен айналыса жүріп нәпақа табу керек болды. Бұрын да шаштараздық кәсіпке ептілігім болған соң ауылдан ашайын дедім. Оның үстіне ауылдағы үлкен де, бала да шаш алдыру үшін қалаға сабылады. Бұл артық шығын жұмсауға әкеледі. Мен кәсіпті қолға алғалы бері ауылдың халқы қызметіме жүгініп жүр. Осылай кәсібім алға басуда, – дейді отағасы Темірхан.
Ер азаматтың табысқа кенелуінің артында әйелдің алып күші мен ақылы жататындығы белгілі. Темірханның жары Айнұр да өмірге перзент әкеліп, оларды тәрбиелеу ісімен айналысып, ерінің бабын келістіре білді. Сонан соң өзі де кәсіп ашып, жолдасына болысуды ойлады. Себебі қазіргі күні алты бала да есейіп мектептке барып, әжептәуір қолғанат болып қалған.
– Ауылда жоқ, халыққа қажет деген кәсіпті қолға алуды ойладым. Солай көлік жуу орнын ашсам деген ой келді. Себебі қазір ауылдағы әрбір үйде жеңіл көлік бар. Оларды арнайы орында жуғанды бәрі қалайды. Осылай «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында арнайы курстан өтіп, кәсіп ашудың, жоспар жасаудың қыр-сырын меңгердім. Өткен жылы қайтарымсыз грант негізінде қаржы алуға құжаттарымды тапсырып көргем. Мемлекет менің жобамды қолдады. Осылайша гранттық қаржыға қол жеткізіп, кәсібімді бастап кеттім, – дейді Айнұр.
Шаруа әйелінен кәсіпкер ханымға айналған Айнұр мұның бәрі балаларымның несібесі деп Тәңірге шүкіршілік айтады. Қазірде тірлігі түзу отбасын ел құрметтейді. Жаңа кәсіптерінің де тасы өрге домалай бастаған.
– Ұлыстың ұлы күнінде көлік жуу орталығының ашылу салтанатты рәсімін жасап, елдің батасын алдық. "Баталы құл арымас" деген ғой халқымыз. Әр игі істің басын осындай жақсылықпен бастау әдетімізге айналған. Мемлекеттің қолдауын алып, кәсіп бастап жатқанымыз да сол тілекші жандардың тілегінің арқасы деп ойлаймын, – деді кәсіпкер.
Тірліктің көзін тауып, адал еңбекпен ұрпағын өсіріп отырған отбасымұнымен тоқтап қалмай, енді кілем жуу орталығын ашсақ деген жоспарларының да бар екендігін айтып қалды. Нәсіп кәсіпте екендігін түсінген халықтың кәсіпкерлікке ден қоюы көңіл қуантады. Бұл да халық қажетін өтеумен қатар экономиканың өсуіне үлес қосу. Өз кезегінде мемлекет тарапынан да іс бастаймын дегендерге қолдау көп. Бүгінгі біздің кейіпкерлеріміз осы сөзіміздің дәлелі болмақ.
Н. МАРАТҚЫЗЫ
25 наурыз 2023 ж. 463 0