Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Бақытты келіншек

Бақытты келіншек

Қазақтың дарқан даласынан қоныс тапқан өзге ұлт өкілдері бүгінде жергілікті халықпен біте қайнасып, тіршілік етіп, өмір сүруде. Олар қазақтармен туыстық қарым-қатынас орнатқан. Бірі – бөле, бірі –жиен, енді бірі құда-жекжат болып, мызғымастай берік қамал орнатты. Аралда өмір сүріп жатқан сондай өзге ұлт өкілдері де баршылық. Солардың бірі – сексеуілдік жігітпен көңіл жарастырып, келін атанған өзбек ұлтының өкілі Сайера Рахметалиева бүгінгі әңгімеге арқау болмақ.

Тағдыр жолы талай жандарды табыстырды. Ал ұлы сезімнің алдында әр пенде дәрменсіз. Бұл жандарды да табыстырған осынау құдіретті күш. Сайера 1979 жылы Кентау қаласында өмірге келеді. Қазақы ортада өссе де ол орысша білім алады. Жолдасы Әділжан Рахметалиевпен Түркістан қаласында танысады. Ол кезде екеуі де білім іздеген бозбала мен бойжеткен еді. Жылы шырай мен көңіл жарастығын тапқан жандар көп ұзамай шаңырақ көтеруді ойлайды.
– Мен 19 жасымда Сексеуіл кентіне келін болып түстім. Бастапқы жылдары жергілікті халықтың диалект сөздерін түсінбей, қазақша жаза алмай қатты қиналдым. Әсіресе, тұңғышымды өмірге әкелген кезде құжаттарын дайындау барысында менің қиналғанымды түсінген жандар қолдау көрсетіп, жазып берген болатын, – деген Сайера өзінің Аралдың келіні атанған шақтағы өмірінің қызық та қиын тұстарын әңгімелеп берді.
Ол өсіп-өніп, тамырын тереңге жайған Рахметалиевтер отбасының келіні атанды. Өзбек ұлты мен қазақтардың өмір сүру салты ұқсас болғанымен, әр шаңырақтың өзіндік дәстүрі қалыптасады. Бұл тұрғыда өзбек қызының жолы болды. Өйткені оның енесі Рауза жас келіннің отбасылық өмірге үйреніп кетуіне барынша қолдау көрсетті. Отбасы ғана емес, көршілері де Сайераны жатсынған жоқ.
– Барлық жағынан өзімді жолы болған адаммын деп есептеймін. Енем алғашқы күннен бастап менің қателігіме түсіністікпен қарап, білмегенімді үйретті. Соның арқасында жергілікті халықтың тұрмысына тез бейімделіп кеттім. Сексеуілдің халқы – өте жайдары ашық-жарқын жандар. Мені өзге ұлттың қызы деп жатсынбады. Қайта ерекше ықылас танытып, жылы қарым-қатынас орнатты.Тіпті кейін көршілерімнен тоқыма тоқып, ұршық иіруді үйрендім. Міне, қазір осында берекелі тұрмыс кешіп жатқаныма 23 жыл болыпты. Жолдасым Әділжан екеуміз 6 бала өмірге әкеліп, тәрбиелеп өсірудеміз.Үлкен қызымды ұзатып, құдағи атанып, кішкентай жиендеріме әже болып үлгердім, – деген ол, бүгінгі тұрмысы туралы айтып берді.
Олардың балалары да бүгінде  ержетіп, қолғанат болуға жараған. Жуырда ғана ұлы Расул ұлттық "Ұланда" әскери борышын өтеп келген. Одан соңғы балалары да оқуда озат болып, алдарына биік мақсат қойған.  Сайераның жергілікті халықпен біте қайнасып кеткені сонша, бір кезде тіл білмей қиналған келіншек мақалдатып сөйлегенде тіпті таңғалмау мүмкін емес.
– Қазақстан – менің кіндік қаным тамған туған жерім. Мейлі менің ұлтым, тілім басқа болса да, бақытты мекенім осы. Ал Арал өңірі – менің құтты шаңырағымды бекемдеп, бақыт тапқан киелі жер. Қазір кенттегі ауруханада аспаз болып еңбек етемін. Аллаға шүкір, ел қатарлы қалыпты тұрмыс кешіп жатырмын, – деді Сайера.
Тірлігі мығым келіншек жақындарының көңілінен шығып, қарт енесіның бабын тауып, батасын алса, жолдасының бауырларын өз бауырындай қабылдаған. Бақыт біреулер үшін мансап, біреулер үшін мол табыс болса, Сайера үшін бақыттың мәні – отбасының беріктігі мен амандығында. Оның қаны өзбек болса да, жаны қазақ. Қазақ халқының ұрпағын өмірге әкеліп, тіршілік нәрін сыйлаған аяулы ана, ардақты әйел.
Н. МАРАТ
01 мамыр 2021 ж. 638 0