Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбектен тапқан береке

Еңбектен тапқан береке

...Көпшілік олардың еңбекқорлығын жоғары бағалайды. Ерінбей, тірнектеп жүріп табыс тапқан жұбайлар шынымен де үлгі болуға тұрарлық. Бала-шағаның нәпақасын табу үшін табанды тірлік етіп жүрген жандар бүгінде жұрт қызығарлық жетістікке жетіп отыр. Отбасылық кәсіп ашып, берекелі күн кешкен Жансап Нұрымбетов пен жары Рая Мырзабаева бүгінгі әңгімеге арқау болмақ.
–Біз шаңырақ көтерген жылдар халық басы­нан тұрмыстың ауыр тауқыметін өткеріп жатқан уақытпен тұспа-тұс келді. 1999 жылы отбасын құрған соң, жолдасым Жансап екеуміз үйде қол қусырып отыра алмадық. Алдымызда жұмыс жасап, табыс табу қажеттілігі тұрды. Содан тәуекелге бел буып, әр түрлі жерде қара жұмыс істедік. 13 жыл қатарынан пеш кірпішін басып, сатып күнкөріс қамын күйттедік. Асханаларда тамақ тасушы болдық. Сол жұмыстарды жасап жүріп: «Шіркін, өзіміздің де осындай асханамыз болса ғой!» деп армандаушы едік,–деген отанасы Рая бүгінгі күнге жету үшін қаншама қиындықты артта қалдырғандығын айтты.
Арман орындалады екен. Тек мақсат жолында адаспасаң болғаны. Біз тақырыпқа арқау еткен жандар әр түрлі қалада пәтер жаға­лап жүріп, тірнектеп қаржы жинап, 2002 жылы Арал қаласының орталығынан үй сатып алады. Осылайша өз шаңырақтарын тіктеген жас отбасы кәсіпті алғаш болып монша ашудан бастайды. Ақырындап, армандаған асхананы ашу үшін азды-көпті қаражат жинайды.
–Ерінбей еңбек еткен адамға кәсіп береке­ сін береді. Біз ешқашан «шаршадым» деген сөзді айтқан емеспіз. Шаршауға хақымыз да жоқ- тұғын. Себебі, өмірге 7 перзент әкелдік. Оларды ештеңеден кем қылмай өсіру–ата-аналық боры­шымыз, – дейді отағасы Жансап Нұрымбетов.
Асхана ісін алғаш бастағанда «Өрлеу» арқы­лы 400 мың қаржы алған. Бұл қаражатқа асха­ наның құрылыс жұмыстарын жүргізген. Қазір маңдайшасында «Берекелі–Ас» деп жарқырап тұрған тамақтану орны таң атқаннан қас қарай­ғанға дейін жұмыс істеп тұр. Асханада бір уақытта 50 адамға дейін тамақтана алады. Күнделікті келушілерден бөлек, шағын қонақасын өткізуге де тапсырыс қабылдайды. Дәмі тіл үйіретін алуан түрлі ыстық тамағын айтпағанда, асхана іші адамға жайлы. Барлық қажеттілікпен қамтылған. Мұздатқыш орнатылып, теледидар қойылған.
–Құрылыс жұмыстарын, ішкі безендірілуін бәрін өзіміз мұқият қадағалап жасадық. Қыс мезгілінде жылылықты сақтап тұру мақсатында арнайы жылы еден орнаттық. Кейбір адамдар оңаша тамақтанғанды қалайды. Сол үшін ішін бөліктерге бөліп қойдық, – дейді құрылыс жұ­мыстарын өз қолынан өткізген Жансап.
Иә, асхананың іші барлық санитарлық талап­тарға сай екені көрініп тұр. Тамақ пісіретін орындар мұнтаздай таза. Бұл жерде тек халал ас дайындалады. Өйткені, кәсіпкер Жансап талай жылдан бері сәждеге бас қойып, мешітте азаншы болып келеді. Халыққа сапалы қызмет көрсеткен кәсіпкерлердің асхана ашқанына көп уақыт болмаса да, тұрақты келушілердің қарасы қалың.
Міне, біз сөз еткен жұбайлардың еңбегі көпке үлгі. Күні-түні бел жазбай ауыр еңбек етіп, бүгін сол бейнетінің рахатын көріп отыр. Мұнымен тоқтап та қалмақ емес. Ойға алған жоспарлы жұмыстары жетерлік. Әрине, ол да орындалады. Бәрі уақыт еншісінде.
 Н. МАРАТҚЫЗЫ.
03 тамыз 2018 ж. 971 0