Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жемісті еңбекпен алға озған жандар

Жемісті еңбекпен алға озған жандар

Бүгінгі таңда отбасылық кәсіп ашуға мүмкіндік мол. Мемлекеттің өзі қолдау көрсетіп, шағын бизнеспен айналысамын дегендерге жағдай жасап отыр. Шетелдерге қатынау, сауда-саттық жүйесі де тиімді жолға қойылған. Зат молайып, сату желісі де кеңейді. Бизнестің түрі көп, өзіңіз қалаған, жаныңызға жайлысын таңдап, айналыса аласыз. Бизнесті сауатты жүргізе білген адам ғана мол табысқа кенеле алады. Сондай-ақ, өзінің ісі болғандықтан, жеке тұлға, кәсіпкер ретінде деңгейі өседі. Сананы тұрмыс билеген мына заманда бақуатты өмір сүру–кім-кімнің де арманы.
Міне, осындай бизнесте табысқа жетіп, өз әулетін отбасылық кәсіпке баулығандардың бірі–Зәуреш Ібірашова. Жастайынан медицина саласында қызмет етуді армандаған іскер жан Сексеуіл кентінде дүниеге келді. Мектепті үздік тәмамдап, 1972 жылы Алматы медицина институтын фармацевтика факультеті бойынша бітіріп шықты. Ауданымыздағы дәріханаларда ұзақ жылдар бойы абыройлы еңбек еткен ол, 2001 жылы мемлекеттік дәріханалар жекешеленген тұста, көп жылғы саладағы тәжірибесін пайдалана отырып, қаланың ортасынан «Қазақстан» дәріханасын ашты. Ал, анасының жолын қуған Гүлназ бен Гүлбану қыздары да фармацевтика мамандығын игеріп, қаладағы «ҚазТрансГаз» мекемесінің ішінен «Қазақстан-2» және базар жанынан «Аяна» дәріханаларын ашты. Негізінен, «ҚазТрансГаз» мекемесінің ғимараты да осы әулетке тиесілі. Жалпы айтқанда, елге еңбегімен танылып, өсіп-өнген Шыңжановтар әулеті–аудандағы мерейлі отбасылардың бірі. Олай дейтініміз, үлкен ұлдары Қуаныш Аманжолұлы–аудандық мәслиихаттың депутаты. Халық қалаулысы көптің көкейінде жүрген мәселелерді қозғап, олардың шешілуіне себепші болып жүр. Сондай-ақ, екінші ұлы Жұбаныш–заңгер. Бұл азамат та жуырда мемлекеттік тапсырыспен қаламыздан ойын-сауық орталығын ашуды көздеп отыр. Шаңырақтың шынарына баланған Аманжол аға жедел жәрдем бөлімінен зейнеткерлікке шығып, бүгінде немерелерінің қызығына кенеліп отыр. Отбасының келіні Шаттық–осы дәріханада фармацевт, кенже ұлы Нұрбек–Атырау қаласындағы ағылшындардың фирмасында  инженер-химик болып істейді.
         Иә, осындай шаттық ұялаған отбасының берекелі тірлігі көпке үлгі. Адал еңбекпен, маңдай термен тапқан табыстың бағасын Зәуреш апайымыз жақсы біледі. Саналы ғұмырында сабырлы мінезінен бір танбай, балаларын адалдыққа баулыған ананың өнегелі істері көп. Мәселен, ұдайы қайырымдылықпен айналысып отыратын Зәуреш апай бірнеше жағдайы төмен отбасыларға тұрақты түрде көмектесіп келеді. Яғни, қыста отын-суынан бөлек, жаз мезгілдерінде киім-кешекпен де қамтамасыз етіп, жетім балаларға азық-түліктерін алып беруді әдетке айналдырған.  Және де сауапты істен шет қалмай, аудандағы «Ұмай» сауықтыру орталығындағы тәрбиеленіп жатқан балаларға ақшалай көмектесуді де ұмытпайды.
         Бұдан бөлек, еңбектен бақытын тапқандар–тек кәсіпкер ғана емес, фармацевтика саласының үздіктері. Нақтырақ тоқталсақ, бүгінде дәрі-дәрмектің бағасы, сапасы жөніндегі мәселелер көпшілікті толғандыратыны рас. Дәрі-дәрмектің қымбаттылығы, әсіресе, зейнеткерлер мен табысы төмен азаматтар үшін мықты соққы болып тиюде. Осы төңіректе өзіңіздің ойыңызды айта кетсеңіз деген сауалымызға: «Иә, бұл сауал–біздің қоғамымыздың мәселесі. Денсаулық сақтау департаментінің дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бөлімінде шешіледі дегенге онша сене қоймаймын. Бұлай болатын себебі, біздегі дәрі-дәрмектің бағасы әлемдік бағалармен бірдей, бірақ, халқымыздың басым көпшілігінің жалақысы, ал зейнеткерлердің зейнетақысы мардымсыз. Өздеріңіз білесіздер, ақша құнсызданып бара жатыр. Сондықтан, бұл мәселені осы тұрғыдан қарастыру керек. Екінші жағынан егер біз, елімізде ақысыз дәрілермен қамтамасыз етілетін сырқаттардың бүгіндегі назалогиясын, мәселен, қырыққа не елуге жеткізсек, бір мәселені шешуге септігін тигізер еді. Аталмыш мәселенің тағы бір қыры мынадай: негізінен шетелдік дәрілер қымбат, бірақ дәрі-дәрмектің бәрі өз елімізде шықпайды ғой. Барлық дәрі-дәрмек түрлерінің, айталық ең қажетті деген 50 пайызы өзіміздің елде өндірілетін болса, соның өзі үлкен жетістік болып, дәрілердің бағасы да төмендер еді. Сонымен қатар, қазіргі таңда ауданымыздағы жұмыс жасап жатқан дәріханалардың арасында бәсекелестік күшті. Сол үшін де бізде әрбір клиентке тауарларымызды  арзан сатамыз. Десек те, әркімнің әр дәріханалардағы бағаларды салыстыра отырып, өз қалтасына сай дәріні алуға мүмкіндігі бар. Тағы бір айта кетерлік жайт, мемлекетімізге қажетті дәрілердің аз ғана пайызы өзімізде шығарылады. Республикамызда дәрі шығаратын бірнеше ғана зауыт бар. Олардың ең ірісі–«Зерде» Шымкент хим-фарм зауыты. Одан кейін Павлодар мен Алматыда Индия мемлекетімен бірлескен «Аджанта фарм» зауыты жақсы жұмыс жасайды. Біз де осы зауыттармен қоса, Мәскеу елінен дәрілік заттарды алып отырамыз.  Әрине, өзімізден өндірілетін дәрі шетелдіктерден арзан болады. Алайда, біз де отандық өнімдерді сатылымға шығарып отырамыз. Ақысыз дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілетін науқастарға қызметімізді ұсынамыз»–деп жауап берді.
         Әрине, Зәуреш апайдың ұзақ жылдық өмірлік, кәсіби тәжірибесінен мықты маман екені сөз саптауынан-ақ байқалады. Адами тұрғыдан да, бала тәрбиелеу ісінен де озық жүрген бір әулиетті отанасына алдағы уақытта да кәсібіңнің нәсібін көре беріңіз демекпіз.
Света Үсенқұлова.
16 сәуір 2018 ж. 1 077 0