Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Абырой биігінен көрінген жан

Абырой биігінен көрінген жан

         Атақ пен айқайды, даңқ пен дабыраны жаны сүйе қоймайтын жандар болады. Бірақ,олардың істеген ісі-ілкімді, шаруасы-мұқият. Тіршілігіне кісі қызығар, пайым-парасатына жан сүйсінер. Әсілінде, адамның адамшылығы–мейірімі мен көңіл шуағының өзінен артылып, өзгеге сәулесін түсіруінде, ары мен жанын ізгілікке толтыра білуінде сияқты. Ұрпағына берер ұлағаты өзінің қимыл-қарекетіне сай, білім-білігі бүгінгі берекетінің айғағы болса, мерейі одан әрі үстам бола бермек. Сондай жанның бірі, тіпті бірегейі–«Арал ауданының құрметті азаматы», облыстық мәслихаттың депутаты Кәдірберген Бедерұлы.
         Бұл күндері-бір отбасының ғана емес, бүтін әулеттің ақыл айтар азаматы, туған жерінің қамқоршысы, алып бәйтерегі. Өз саласының үздігі.
         Иә, жайлы, жағымды өмірдің қызығын көруші жан, үлкен жетістікке жету жолында тіршіліктің сан саласын бастан кешкен. Ендеше, артқа сәл шегініс жасап, өткен күндерге көз жүгіртейік.
         Кәдірберген Бедерұлы 1959 жылдың тамыз айының 28-ші жұлдызында Сексеуіл кентінде дүниеге келген. Тамыры терең, тарихы кенен, Тербенбес тауының етегінде балалық шағын өткізіп, отбасымен берекелі тұрмыс кешеді. Жанұяда төрт ағайынды болып ержетіп, ауызбіршілік пен татулыққа, ептілік пен жауапкершілікке үйренеді. Әкесі Бедер Таласов  ұзақ жылдар бойы темір жол саласында тер төге еңбек етіп, адал жолымен көпке үлгі болған құрметті машинист болды. Әкесінің бауырмалдық пен кішіпейілділікке баулыған асыл қасиеті баласының болмысына біржола бекіп, кейінгі өмір белестері барысында молынан көмегін тигізіп отырды. Анасы Ұлболсын да балаларын имандылыққа тәрбиелеп, қонақжайлығының арқасында, көпшіліктің алғысын арқалады.
         «Батаменен ел көгерер» дегендей, үлкен үміт күткен ұлдары мектеп бітіре сала текке уақыт жоғалтпай, қызу еңбекке араласты. Алғашқы еңбек жолын 1976 жылы Сексеуіл Локоматив депосында жұмысшы болудан бастаса, жауапкершілігінің арқасында 1981 жылдан бастап инженер, бригадир, цех басшысы қызметтерін тиянақты атқарды.  Ақтөбе темір жол техникумын, Алматы темір жол және Коммуникация институтын ойдағыдай бітіріп, өз саласына түбегейлі бет бұрды. Ел ағасы бүгінде «Қазақстан-Отын энергетикалық кешені» ЖШС-нің Сексеуіл филиалының басшысы. Қазірге дейін атқарған елеулі жұмыстарының бәрі еленіп, әркез жоғары бағаланып келеді. Атап айтар болсақ, облыс және аудан әкімдерінің Алғыс хаттарымен, грамоталарымен, мәслихаттың 20 жылдық медалімен және Көлік және коммуникация министрлігінің, «ОЭК-Қазахстан» ЖШС-нің Құрмет грамотасымен мараптталуы асыл азаматтың жемісті жылдарының жеңісі іспетті. Сонымен қатар, мекеменінің жұмысын реттеп, қызметкерлерді айрандай ұйыстырып, кадрларды дайындап, оларды жетілдіру жолында ілкімді істерді қолға алды. Бедерұлы Қазақстан Республикасының 25 жылдығында «Ерен еңбегі үшін» медалімен награтталды. Жары Базаркүл екеуі 2 ұл мен 1 қыздан көрген немере мен жиендерінің қызығын көруде.
Бай болсаң, халқыңмен бол
         «Сегіз қырлы, бір сырлы» мекеме басшысы осы уақытқа дейін көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Әсіресе, кәсіпкерлік саласында өзіндік қолтаңбасы бар ағаның, көптеген адамды жұмыспен қамтып отырғанын айтып өтпеу қисынсыз. Яғни, «Бедер-Ик» ТОО-дағы жалға берілетін техникалар кент тұрғындарының қажетіне жарап, онда жұмыс жасайтын тоғыз адам тапсырыс берушілердің  сұраныстарын қанағаттандырып келеді. Ал, Шалқар ауданындағы «Бедер», Ырғыз ауданындағы «Мадияр шаруа қожалықтары» түйе, жылқы өсіріп, мал басын көбейтіп, ет бағытындағы жұмыстарын жандандырып жатыр. Ондағы малшы, сауыншылар ақкөңіл жанның қамқорлығын сезінуде. Сонымен қатар,кенже ұлы Мейрамбек асыл тұқымды жылқы өсіріп, сәйгүліктерді баптап, бәйгеге қосудан жалыққан емес. Шабондоздары жеңіс тұғырынан көрініп, аудан мерейін үстем етіп жүр. Әке жолын қуып, кәсіпке түбегейлі ден қойған ол 2014-2016 жылдары республика көлемінде «Аламан бәйге» ұйымдастырып,  желмен жарысқан тұлпар иелеріне автокөліктің кілтін табыс еткенін ел біледі.
         Мекемінің, тіпті, кенттің көркейіп, сәулеттенуіне барынша үлесін қосып жүрген ел ағасы алдымен, өзі басқарып отырған мекемедегі 30-дан астам жұмысшы-қызметкерлердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жасады. Компанияның жаңа типтегі май бекетін салып, ұжыммен бірлесе отырып, бірнеше шақырымдық көлік қатынасын жақсартып, темір жол өткелін де тұрғызды. Жетім-жесірлерге киім-кешек таратып, қысқы отындарына көмектесіп жүрген жомарт жан қайбір жылдары кенттегі мешітке 300 орындық асхана мен имандылыққа бет бұрамын деген балаларға арнап оқу-дәріс бөлмелерін салып бергені өз алдына бөлек әңгіме. Қанша бай болса да, шық бермес Шығайбайдың күнін кешіп, ақыретті ойламай, тек құлқынын көздейтін дәулетті азаматтарды көргенде жерге қарайтынымыз жасырын емес. Ең ақыры, демеушілікке тартып, жетімдерге берген аз-маз киімдерін газет бетіне жариялап, ақпараттандыруға асығатын ағайындарды көргенде еріксіз қынжыласың. «Мен істедім дегенше, мың істеді десейші» деген қағиданы берік ұстанған абзал жанның олардан болмысы бөлек, тұғыры биік. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді дана халқымыз. Осы орайда, ел алғысын арқалаған оның демеушілігімен Сексеуіл кентінің шығыстағы кіреберіс қақпасы салынғанын және  «Тілеуқұл Ишан мешіті» жанынан әруақтарға Құран бағыштау ниетімен келген адамдарға арнап 300 орындық ғимараттың пайдалануға берілгенін айтпай кетуге болмас. Сондай-ақ, үйі тозып, құлаған жандарға материалдық тұрғыдан көмектесіп, кейбіреуіне жаңадан үй салып беріп, тіпті, алыс ауылдағы мешіттердің құрылыс жұмыстарының жүруіне қаржылай көмектесіп жүрген халық қалаулысы жуырда  мектептің жөндеу жұмыстарына демеушілік жасап, жеке балабақша салғанын жерлестері мақтан етеді. Тізе берсек, шегі жоқ қамқорлықты танытып жүрген қарапайым азаматтың басты мақсаты да–туған жерінің түлеуіне сүбелі үлесін қосу.
         Осы орайда, облыстық мәслихаттың депутаты ретінде күрмеуі қиын, күрделі мәселелерді құзырлы органдарға жеткізіп жүрген депутат, Конту бекетіндегі бастауыш мектепті ашуға ұйытқы болғаны да қуанышты жайт. Ұдайы жас жеткіншектердің сапалы білім алуына жағдай жасаған ағамыздың еңбегін ақтаған оқушылар да бар. Мәселен, жақында аймақтағы танымал тұлғалардың «100 жаңа есім» жобасына енгізуді көздейтін аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығының ұйымдастыруымен «Уақыт. Тұлға және бүгінгі бәскелестік» атты  тарихи-танымдық шарасы өткен болатын. Онда көптеген дарынды оқушылар заманауи Қазақстанның келбетін қалыптастыруға атсалысқан тұлғалардың еңбегін зерттеді. Солардың бірі–Сексеуіл кентіндегі №87 орта мектептің оқушысы Саяжан Тәуіржан Кадірберген Бедердің өмір жолын, кәсіби біліктілігі мен жеткен жетістіктерін,ұрпаққа үлгі болар ізгі қасиеттерін кеңінен насихаттағаны үшін Алғыс хатқа ие болып, өнегелі өмір иесінің есімі «100 жаңа есім» кітабына енді.
         Әрине, жігітті «кейде баршылық сынайды, кейде таршылық сынайды» дейді. Осындай сынақтардан сүрінбей өтіп, сауабы мол істен шет қалмай, өзінің адамгершілігімен дараланып, қайыр қомы мол жанды кент тұрғындары әрдайым құрмет тұтады.
Кәсіпкерлікке өріс кең
Экономиканың драйвері іспетті шағын және орта кәсіпкерлікті өркендету жолға қойылған уақытта еңбекқор жан бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін терең түсініп, отбасылық бизнестің табыс көзі негізінде «Қарақат» ойын-сауық сауда  орталығының құрылыс жұмыстарын жүргізу үстінде. Мамыр айында пайдалануға беріледі деп күтіліп отырған орталық заманауи жабыдықтырамен, соңғы технологиялармен толықтай жабдықталған. Тіпті, мұндай сауда орталығы қаламызда әлі күнге бой көтермегені қынжылтады. 44 бутигі мен 10 магазиннен тұратын орталықтың астыңғы қабаты балалардың ойын-сауық құруына арналған алаңқайға айналуда. Тағы бір жағымды жаңалықтардың бірі – абзал азаматтың арқасында, көптің тілегі орындалып, жаңа заманауи үлгідегі монша ел игілігіне пайдалануға берілді. Мақсаты айқын, жоспары жүйелі Қ.Бедерұлы өз сөзінде:
         -Осындай жетістікке бірден жеткенім жоқ. Кәсібімді жай шаруашылықтан бастағанмын. Сол кездің өзінде алдыма аласармас биік мақсат қойып, өмір бойы соған жетуге талпындым. Қолымнан келмейтін істі меңгеріп, келетін істі одан әрі жетілдірдім. Ешкімнің ала жібін аттамай, берекелі ғұмыр кешуді ұстаным еттім. Қандай жетістіктерге жетсем де, ол–халықтың арқасы екенін әркез есімнен шығарған емеспін. Әсіресе, жастық шағымызда көптеген адамның көмегін көрдік. Енді өмірдің ащысы мен тұщысын сезініп отырған кезде, біз де кейінгі буынға білгенімізді үйретіп, жөн сілтеп келеміз. Ерінбей еңбек етемін деген азаматқа кәсіптің қыр-сырын үйретуді өзімнің ағалық парызым деп санаймын. Адалдықтың исі аңқыған жерде әрқашан табыс пен парасаттың туы желбірейді-деп ой қорытты. Ел ағасының пікірімен біз де келістік.
Света Үсенқұлова.

03 сәуір 2018 ж. 1 675 0