Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жүрегім оң жақта

Жүрегім оң жақта

– Әке, сіз ерекше жан екеніңізді білесіз ба?
– Не үшін?
– Статистика бойынша, әлемдегі 19 миллион адамнан 1900-дің бірінде жүректің оң жағында орналасуы кездеседі екен.
– Қызық. Өзім үшін қалыпты құбылыс сияқты ғой.
– Мүмкін, сіздің ағзаңыз ол нәрсеге қалыптасып кеткен шығар. Бірақ Қазақстанның өзінде де ондай бірнеше жан ғана бар.
Иә, расымен де, адам ағзасындағы мүшелердің орын алмасуы медицинада қалыпты жағдай болғанымен, көптің бірінде ғана кездеседі. Мұндай жүрек құбылысының статистикасы елімізде жүргізілмейді. Көбіне арнайы немесе кездейсоқ тексерілу кезінде ғана анықталатын декстрокардия Арал қаласының тұрғынында да анықталған.
Мықтыбай Боранбаев 1971 жылы Арал ауданы, Аманөткел елдімекенінде дүниеге келген. 14 жасында соқырішекпен ауырып, ауруханаға қабылданған ол отаның ауыр болғанын айтады.
14 жасымда ауылдан аудан орталығындағы ауруханаға жеткізілдім. Аппендицит диагнозын қойып, дереу ота жасауға алып кеткен болатын. Сол отаның кезінде соқырішегім оң жақ бүйірімнен табылмай, тексеріс жасау қажет болады. Сонда ғана жүрегімнің ғана емес, басқа да ағзаларымның орны ауысқанын біліп, дәрігерлер таңқалса керек. Қазіргі таңда жүрегім мен бауырым оң жағымда, ал соқырішек сол жағымда орналасқан, – дейді кейіпкеріміз.
Кейін ота Мықтыбай Дауылбайұлының сол жақ бүйіріне қайта жасалады. Дегенмен бірнеше сағатқа созылып, ауыр өткен оның кері әсері де жоқ емес еді.
Ауруханадан бірнеше күннен соң жақсы болып шықтым. Бірақ араға бірнеше ай салып, қайта ауыра бастадым. Ішкен асым бойыма тарамай, ісініп кеттім. Осылайша ауыл дәрігерлері Арал қаласының орталық ауруханасына қайта тексерілуге жіберді.
Мұнда асқазан жұмысы дұрыс емес деп ем ала бастадым. Десе де ешқандай нәтиже болмай, 2 күн ішінде тікұшақпен Қызылорда қаласына алып кетті. Сонда ғана білдік, соқырішекке ота жасаған кезде ішкі мүшелеріме зақым келіп, ішегім түйіліп қалған екен. Содан ішкен асым дұрыс қорытылмапты, – деп еске алды ол.
Қызылорда қаласындағы білікті мамандар араға көп салмай-ақ ем-доМ жасауға кіріседі. Шешімі тек ішекті кесіп алу болып, түйілген ішекті алып, қайта жалғайды.
Қызылорда қаласында жасалған ота жанымды өлімнен арашалап қалды. Бастапқыда «аман қалуы екіталай» деп, 2% ғана мүмкіндік берген болатын. Ота сәтті жасалып, көп күтіндім. Ас ішпей, арнайы дәрілер құйғызып, палатаға адам кіргізбейтін. Ауылдан келген анаммен де арнайы теледидар арқылы сөйлестік.
1 айдан кейін ауылыма қайттым. Жылдың екінші жартысынан бастап оқуыма да қосылып, қатарластарыммен қауыштым. Құдайға шүкір, одан кейін қайта ауру мазалаған емес, – дейді ол.
Жасөспірім шағында мазалаған ауруынан толыққанды жазылған Мықтыбай уақыт өте келе Отан алдындағы борышын да өтеп, оқуға түседі. Қара шаңырақтың иесі 1993 жылы жары Ғалиямен бас қосып, бүгінде 5 баланың ардақты әкесі, жиен немересінің сүйікті атасы атанып отыр.
Иә, әлемде талай қызық бар. Ал Қазақстанда мұндай ерекше туылғандардың саны халықтың бір пайызына да жетпейді екен. Сондықтан бұл ерекше құбылысты ғалымдар әлі күнге дейін зерттеп келеді. Ал өмірі осындай ерекшелікпен өріліп жатқан әкем Мықтыбайдың атына заты сай болып, ортамызда жүре беруін перзенттік көңілден тілеймін.
Г.МЫҚТЫБАЙҚЫЗЫ
20 тамыз 2024 ж. 196 0