Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Махамбет атындағы сыйлықтың иегері

Махамбет атындағы сыйлықтың иегері

Теңізбен терең тілдесіп, сұлу сырмен үндескен сан қырлы, өнер иесі күйші-композитор, ақын-жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрмет орденінің иегері, Қазақстан композиторлар Одағының мүшесі, Арал ауданының Құрметті азаматы Мұрат Сыдықовқа Халықаралық Махамбет атындағы сыйлық табыс етілді.
М.Сыдықұлы 1940 жылы Арал ауданы, Бөген ауылдық кеңесіне қарасты Қарашалаң елді мекенінде балықшы, өнерпаздар отбасында дүниеге келген. Әкесі Сыдық мерген аңшы, домбырашы, сауыққой-сері, анасы Болқын қолөнер және сөз шебері болған.
Ол 5 жасынан домбыра тарта бастап, мектеп қабырғасында оқып жүріп халықтың, Қазанғаптың, Құрманғазының, Динаның күйлерін тартып өзі де өлең, ән жаза бастайды.
Күйші 1980 жылы өзінің отбасы мүшелерінен тұңғыш «Сыдықовтар жанұялық ансамблін» құрып аудан, облыс жұртшылығына концерттер беріп, өнер сүйер қауымның мақтанышына айналды. Халықтың, қазақ, орыс, батыс композиторларының және өзінің ән-күйлерін шебер орындайтын дәрежеге жетті.
Ол ән мен күй-толғаулар, өлең-жырлар жазумен 1958-1959 жылдардан бастап шұғылданып келе жатыр. Виртуоз орындаушы ретінде Республикалық, Бүкілодақтық, Халықаралық өнер байқауларының лауреаты. Сонымен бірге шебер сценарий жазушы, режиссерлығы, актерлығы да бар елімізге белгілі, жан-жақты үлкен өнер иесі. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын бітіріп, бірнеше шәкірттер тәрбиелеген білікті ұстаз. Оның түрлі жанрдағы мазмұны терең, идеясы жоғары, салиқалы шығармалары туған жері Аралмен өзектесіп, теңіз, даламен үндесіп жатады.
М.Сыдықов – Аралдың өшпес рухы, баршаға белгілі бойтұмары, Аралдың алтын тамыры. Алтын тамыры бар теңіз тартылмайды, алтын арқауы бар өлке, ешқашан өрісін жоғалтпайды.
Гүлмарал САҚТАПОВА
26 тамыз 2024 ж. 148 0