Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Теңіз тербеген тағдыр

Теңіз тербеген тағдыр

Қарымды қаламгер, журналист, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Омарұлының "Рәбиға бегім" атты эссесі көп оқырманға ой салды. Сол себепті филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері Рәбиға Сыздық жайлы осы шығарманың үзіндісін оқырманға тарту етуді жөн санадық.

Көшелі боп жаралған,
Көшін түзген Аралдан.
Көп толқынмен алысып,
Көк теңізден нәр алған!

Рәбиға апайдың ғұмырнамасындағы дәл осы тұсқа аса назар аудара қоймаппыз. Өмірбаяндық деректерін қанша рет қарап жүргенімізбен, тап сол мәлімет көзімізге түспепті. Рәбиға Сыздық бала кезінде екі жылға жуық уақыт Арал қаласын мекен етіпті. Әттеген-ай, ертерек білсек, бұл тақырыпқа тереңірек бойлап, індетіп әңгімелесер едік қой. «Төрт жасыма дейін Ойылда тұрдық. Төрт жасымнан бастап жол жүрумен, бір жерден екінші жерге көшумен болдық. Шамасы, әкеміз телефон, телеграф, пошта істерін білетін аз адамның бірі болуы керек, қай жерде жаңадан аудан ашылып жатыр, қай жердің байланысын күшейту керек, соған бір жыл өтер-өтпестен әкемізді ауыстыр¬ды да отырды», – деп жазады Рәбиға апай. Кейін олар Ақтөбеге көшеді. Әкесі Сәтіғали Құтқожин Ақтөбеде бір жарым жыл жұмыс істеп, Табын деген ауданға (қазіргі Байғанин ауданы) жіберіледі. Тағы да көшу... Ат-арбаға жүк арту... Жол-жөнекей аялдау...
Рәбиға көкжөтелге ұрынып, жыл бойы ауырып, Табынның мектебіне барып жарытпайды. Содан көктем шыға, оқу жылы аяқталғалы жатқанда ғана басын көтереді. Мұғалім үйге келіп тұрады, ағасының қасында отырып өздігінен оқиды, әйтеуір, «Екінші класқа көшті» деген қағаз алады.
Әрі қарай апайдың жазбасы былайша жалғасады: «Сол жылдары жаңадан ашылған Арал ауданына әкемді байланыс бөлімінің бастығы етіп жіберді. Сол Табынның өзінде тұрғанда ашаршылық басталған-ды. Қайыр сұрап балалар келетін. Тамақ ішіп отыр¬ғанда келсе, анамыз: «Анау жегендеріңнен бере қойыңдар», – дейтін. Сол кезде Аралға көштік. Ол үшін алдымен Ақтөбеге ат-арбамен 3–4 күн жүріп бардық. Анамыз айтып отыратын «Ой, Ақтөбеге көшкенше зәреміз қалмады. Бірде ересек адамдар бір жаққа кетіп, онға толмаған Хамитті ес көріп, қолына балта ұстатып қойдық» деп. Ақтөбеден Аралға пойызбен бардық. Ең бірінші пойызды көргенім – сол». Бұл да – қызық дерек. Рәбиға апай пойызға алғаш рет біздің Аралға барған кезде мініпті.
Биылғы ақпанда «Кызылординские вес¬ти» газетінде «Арал в составе Актюбинской области» деген мақала жарияланды. Архив материалдарына сүйенген автор Жұмабек Сәрсенбин 1932 жылғы қаңтарда Қазақ Орталық атқару комитетінің арнайы хаттамасы шыққаны, соған сәйкес алты өңір – Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыс¬тарын құру туралы шешім қабылданғаны туралы жазады. Осыған сәйкес, 10 наурызда Ақтөбе облысы құрылып, құрамына 17 аудан енгізілген. Соның бірі – Арал ауданы. Арал аймағы алты жылдан кейін Қызылорда облысына қосылған.
Демек, Рәбиға апай Аралға сегіз жасында келген. Мұндай кезде көрген-білгеніңнің бәрі миыңа желімдей жабысып қалады. Ардақты апамыз да еш нәрсені ұмыт қалдырмағанға ұқсайды. «Аралда да аштық екен. Бірақ біздің үй ашыққан жоқ. Ол кезде де үкімет адамдары керек болған ғой. Жабық магазиндері болған, оны «двадцатка» деп атапты. Қыста ғой деймін, мектепке бара жатқанда аштықтан құлап жатқан екі адамды көрдік. Өлген бе – білмейміз. Қайтқанша жинап алады», – деп ой толғайды.
Болашақ ғалым Табында жүргенде бірінші класты мектепке тұрақты барып оқуға мүмкіндігі болмағанын айттық. Ол осы олқылықтың орнын Аралда толтыруға тырысады. Сол сәтте басынан өткенін зердесіне өшпестей етіп таңбалапты. Әрі қарай кеттік. «Бірінші рет мектепке 2-класқа барғаным есімде. Мұғаліміміз татар кемпір болды. Сол кезде шығып тұратын «Пионер» газетінен өлеңдер жаттатып, айтқызатын. Басқа еш нәрсе үйретпейтін. Сөйтіп, 2-класты бітірдім. Хамит жазғанда мен де қағазымды жайып қойып, жазу жазып отыратынмын. Онымен бірге есеп шығаратынмын. Мектепте жөндеп оқытқан жоқ. Әйтеуір, бір ауырып, бір тұрып жүріп, 2-класты бітірген болдым. Енді 3-клас¬ты оқимын деп отырғанда әкемізді Темір деген ауданға жіберді. Ақтөбеге келіп, Ақтөбеден Темірге мәшинемен көштік».
Міне, ҚР ҰҒА академигі, әйгілі тілші-ғалым Рәбиға Сыздықтың ғибратты ғұмырнамасының Аралға қатысты үзігі – осы ғана... Бірақ соның өзінен біршама тағылымды тұжырым жасауға болар еді. Біріншіден, ол Аралда 1932–1933 жылдарда, яғни шамамен бір жыл ғана болған. Бұл – оның сегіз-тоғыз жастағы кезі. Сонымен, тоқсан бес жас жасаған ғұлама ғалымның өнегелі өмірінің бір жылы осынау өңірде – айдынды Аралда өткен. Екіншіден, алапат аштықтың құрбандарын сол ауданда жүргенде өз көзімен көрген. Ендеше, титімдей ғана Рәбиға Сыздық балығы тайдай тулап жатса да, үркіншілікке ұрынған Аралды жайлаған аштықтың куәгері саналады. Үшіншіден, оның алғаш рет тиянақтап барған мектебі – осы Аралдағы мектеп. Бұл да – елең еткізерлік дерек.
Міне, ғалымның шығармашылық өмірбая¬нын зерттеушілерге де, Аралдың ақиқатын ақтарып, шежіресін жасаушыларға да тағы бір тың тақырып табылды. Сыр елінің архивін бір қопарып көрсе ғой, шіркін! Сәтіғали көкеміздің де дерегі шығуы әбден мүмкін-ау. Кішкене қыздың оқығаны қай мектеп екен өзі? Рәбиға апайымыз Аралдың кемерінен асып-төгіліп, шалқып-тасып жатқан дәуірін де көрді-ау, ә? Неге сұрамадық екен кезінде соның бәрін... Өкініш... Қайтесің?!
Текті тұлғаларының басқан ізіне, жүрген жолына дейін жәдігерлікке айналдыратын өркениетті елдердің тәжірибесі тұрғысынан зер салсақ, Рәбиға Сыздық теңіз жағасындағы портты қаланы мекен еткен жыл айдынды Аралдың шежіресіне де енбек. Аралды уақытша мекендеген танымал кісілер жеткілікті. Мәселен, Примор өлкесінде туған кәріс жігіті Александр Мин 1937 жылы депортация дүрбелеңіне ұшырап, Аралға келеді. Балық шаруашылығы мекемесінде есептеуші болып қызмет атқарады. Сәл кейінірек Саратовта оқыған сол Александр майданға аттанып, ұрыс даласында ерлікпен қаза табады. Оған Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі. Фашизммен кескілескен шайқаста басына көп батыр бұйыра қоймаған аралдықтар Қиыр Шығыстан келіп, бірер жыл жұмыс істеп кеткен осы Александрды да ерекше мақтан тұтады. Ендеше, бала кезінде бақандай бір жыл бойы теңіз төңірегінің тұрғыны болған Рәбиға апамның бүгінде біреу білсе, біреу білмейтін бағзы боздақтан несі кем?!

Бауыржан ОМАРОВ
26 тамыз 2024 ж. 217 0