Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Шайырдың соңғы өсиет-жыры

Шайырдың соңғы өсиет-жыры

1929 жылдың күзінде Қазалы қаласында Бостыбайұлы Өтеген есімді халыққа қайырымды атақты бай 100 үй тігіп, 100 ірі қара сойып, ата-бабасына бағыштап үлкен ас береді. Асқа Ақтөбе мен Қармақшы аралығынан мыңдаған адам шақырылып, палуандар күресі, аламан ат бәйгесі, ақын-жыраулар сайысы өтетін болыпты. Байназар Өтепов, Нұрсұлтан Жұбатов, Жамал Қонақбаев сынды ақындар, Арал-Қазалы өңірінен Жаңаберген, Жаппарберді, Кәрібоз, Дәріқұл, Жәмет жыраулар шақырылады. Бұл  Нұртуған шайырдың ауруға тап болып, «Мырзас» көлінің жағасына шатыр тіктіріп, «өзіміздің ел қорғаған Сартай, Жанқожа, Ақтан, Жылқаман, Жылқайдар батырларымыз тұрғанда сонау сары ноғайдың батырларын жырға қосып, содан болды ма жазылмас ауруға тап болғаным» деп мұңға батып жатқан кезі екен.

Жаңаберген бастаған жыраулар Қазалыдағы асқа әуелі қамкөңіл болып жатқан ұстаздары Нұртуғанға барып сәлем беріп, батасын алып аттанбақшы болып «Мырзасқа» келіп тоғысады. Олар ізетпен келіп, кезекпен сәлем бергенде төсек тартып жатқан Нұртуғанның бетіне қан жүгіріп, қатты қуанады. Жыраулар оның бір-бір жыр-термесін орындап, көңілін көтеріп, сапар мақсатын айтып, ақ батасын сұрайды.

Шәкірттерінің ықыласына, адал ниетіне қатты риза болып, қуаттанып қалған Нұртуған басын көтеріп ақтарыла ақ батасын береді. Сөйтіп басындағы жастығының астынан бір парақ қағазды суырып алып, «жолдарың болсын, Ғайып ерен қырық шілтен қорғаныштарың болсын. Мынау соңғы жазған жазбаларымның бірі еді. Осы жырымды ертең Қазалыда болатын аста реті келгенде жиналған халық алдында біреуің орындап берсендер» деп өтініш етеді.

Әуелі туған бөлесі Дәріқұл жырау «қанеки, мен көрейін» деп қағазды қол созып алып оқиды. Сөйтсе, «Құлақ сал әсіретке уа, Алашым!» деген кер заманның келеңсіз істерін бағамдап, болашағын болжап жазған жыры екен. Оқып болып ләм-мим демей, келесі жырауға ұсынады. Ол кезде шаш ал десе, бас алатын «үштік» деген бәле, тырнақ астынан кір іздеген, сөз аңдыған сатқындар бар. Солардан қорыққан жыраулар да үндемей қалады.

Ал Нұртуған төсекке қайта шөге бастайды. Сол сәтте жиені Жәмет жырау ең жасы, ер көңілді батыл жігіт екен «мен айтамын! Нұрекеңнен қалған жан, тәуекел!» деп еңкейіп келіп қағазды алады. Сонда шайыр қайта басын көтеріп «Жәметжан, бұл өлеңді айтқанда, тіміскіленіп жүретін «үштіктің» адамдары келіп сені ұстап алуы мүмкін. Сонда «Бұл өлең менікі емес, Нұртуған деген баскесер бір түнде он шақты адамымен келіп байлап алып, «Мырзас» көлінің жағасына апарып, тамағыма қанжарын тақап тұрып «мына өлеңді ертең Қазалыда болатын үлкен аста орындайсың. Орындамасаң түбінде қатын, бала-шағаңды осы жерге әкеліп көзіңше бауыздап, артынан өзіңді бауыздаймын!» деді. Жан үшін қорыққаннан айттым деп шырылда! Ал сендер айнала қоршап, оның растығын дәлелдеп, жібермей тұрыңдар. Маған келе қойса, төрімнен көрім жақын жатқан адаммын ғой» деп ақжол тілеп аттандырады.

Жәмет жолда келе жатып бас-аяғы алты шумақ жырды жаттап алып, оны тез орындап шығатын төкпе мақам іздейді. Өзі білетін мақамдардан оған лайық ертерек өткен Бижан жыраудың төкпе мақамы дәл келіп үйлесе кетеді. Кең ауқымда, дүрілдеп өткен асқа аламан ат бәйгесіне желден жүйрік тұлпарлар қосқан шабандоздар, айтулы түйе палуандар, арқалы ақын, жыраулар қатысып, өнер көрсетеді. Арал өңірінен келген ақын-жыраулар Нұртуғанның, өздерінің жауһар жыр-термелерін, асқақ үнді әсем ән-мақамдарын жырлап, жиналған халықты дүр сілкіндіріп ықылас-шаттыққа бөлейді. Кезек Жәмет жырауға келгенде батырға да жан керек дегендей, Нұртуғанның «Құлақ сал әсіретке, уа Алашым!» термесін Бижан жыраудың төкпе мақамымен Тәңірге сыйынып, тез-тез төгіп айтып шығады. Айтқандай, бола берген кезде «үштіктің» тыңшылары келіп ұстайды. Ұстазы Нұртуғанның берген ақыл-кеңесін қолданып және айнала қоршаған атақты ақын-жыраулардың көмегімен олардан зорға құтылып, бәрі де ауылдарына абырой-табыспен оралады. Ал бұл жырға тыйым салынып, мақам белгісіз болып, осы кезге дейін айтылмай, ешкімнің есінде қалмаған. Тек құймақұлақ ұстазым Үмбетәлі жырау арқылы маған жетіп, менің ұлым, музыка зерттеушісі Жандос Сыдықовтың Арал, Қазалы өнірі жырауларының ән-мақамдарын жинақтап шығарған «Жыр мәйегі – мақам» атты ғылыми кітабы арқылы халықтың рухани асыл қазынасына қайта қосылып байытты. Бұл өсиет-жыр 1994 жылы менің орындауымда Қазақстан телеарнасының «Алтын қорына» қабылданды.

ҚҰЛАҚ САЛ ӘСІРЕТКЕ, УА АЛАШЫМ!

Нұртуған Кенжеғұлұлының соңғы өсиет-жыры

Құлақ сал әсіретке, уа Алашым!

Бұл сөзім кең даланы араласын.

Бір тиын ақылсызға жоқ керегі,

Пікірлік қымбатсынбаймұны аласың.

Аюдың ақ дәрісі пұлы қымбат,

Жүректің ішсе жазады дақ жарасын.

Ұлтына дегдар асыл тек тұрмайды,

Теңгерді бір нәсілсіз аттың басын!

Қарқылдап қара қарға жүр шалықтап,

Аққудың есіттірмей ауазасын!

Ақ үйрек, мұздыбалақ қайбыртіп жүр,

Меңгеріп көлдің құсын қара лашын.

Құладүн күйге келіп қу ілгесін,

Алтайы тасалап жүр тау жырасын!

Текірек-шоқыраққа көзім түседі,

Байқатпайды көкмойынның шын жорғасы.

Алтынның қолда барда қадірі жоқ,

Күміс деп ұстағаным құр қорғасын!

Заманың астаң-кестең бұлты айналса,

Басында кетсе қалам неғыласың?

Отырып қали жайда жазсам қағаз,

Не жаман, не жақсыны айырасың!

1929 жыл

Мұрат Сыдықов

Қазақстанның енбегі сіңген қайраткері,

Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі,

ҚР мәдениет қайраткері, күйші-композитор,

ақын-жырау

 
31 тамыз 2024 ж. 186 0