Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аманөткел ауылдық кеңесінің бірнеше мәрте депутаты болған

Аманөткел ауылдық кеңесінің бірнеше мәрте депутаты болған

Суханбердин Әлімжан 1925 жылы Аманөткел ауылдық округіне қарасты Мырзас елді мекенінде дүниеге келген. 1940 жылдың 20 қыркүйегінде 15 жасынан Шөмішкөл жетіжылдық мектебіне мұғалім болып орналасады. 1943 жылдың күзінде Ұлы Отан соғысына шақырылды. Майданға қосалқы күш ретінде қару-жарақ жеткізу отрядында күн-түн жұмыс атқарады. Ұлы Жеңісті қаруластарымен бірге қарсы алып, 1945 жылы елге оралады.
1946 жылы Ақшатау мектебінде, 1947 жылы Аманөткел мектебінде мұғалім болса, 1950 жылы 1 қазаннан Арал аудандық пионерлер үйінің директорлығына тағайындалады. 1953 жылы Райым мектебіне директордың оқу ісі жөніндегі меңгерушісі, кейін мектеп директоры болады.
1959 жылы Қызылжар мектебіне математика пәні мұғалімі және директоры болып ауыстырылады. 1962 жылы Аралдағы №15 мектепте математика пәні мұғалімі және оқу ісі меңгерушісі қызметіне тағайындалып, осы мектептен зейнеткерлікке шығады. «ҚазССР оқу ісінің үздігі», «СССР Халық ағарту саласының озық қызметкері» төсбелгісін және бірнеше аудан, облыс, республика білім саласының Құрмет грамотасымен марапатталған. Ұстаздық қызметінен қол үзбей жүріп шайыр Нұртуған Кенжеғұлұлының жойылып бара жатқан шығармаларын, өлең-қиссаларын жинастыру ісін қолға алады. Сол кезеңдегі көзі тірі қарияларды іздеп барып, шайырдың мұраларын жинастырып, аудандық, облыстық, республикалық басылымдарға жариялап,  халыққа, елге таныта бастайды. Ақынның жеті қиссасын түгел жинап, әрқайсысы 10-12 мың жолдан тұратын еңбектерін түптеп, кітапшалар жасайды.
Кеңес дәуірінде көптеген кедергілерге қарамай Байқоңыр телеарнасынан алғаш рет қасына ауданның майталман, біртуар термеші-жыршылары Сұраған Мырзаев, Рысбек Әшімов, Бекұзақ Тәңірбергеновтермен Нұртуған Кенжеғұлұлының өмірі мен шығармашылығына арналған кеш өткізді. Бұл сол кездегі үлкен жетістік және Нұртуған ақынды елге танытудың бастамасы еді.
Осыдан кейін көптен танымал, әдебиет сүйер қауым ақынның мұрасын іздеушілер елге, Ә.Суханбердинге келе бастайды. Ғылым жолын қуған жастар шайырдың шығармашылығы негізінде дипломдық, кандидаттық жұмыстарын қорғайды. Ақынды дәріптеу, насихаттау елімізге танымал фольклортанушы, профессор Әуелбек Қоңыратбаев көптеген тың жұмыстарын жасайды.
Аманөткел ауылдық кеңесінің бірнеше мәрте депутаты, ардагерлер кеңесінің төрағасы болды.
Үлкенге іні, кішіге аға болып, ауылдың әлеуметтік-мәдени дамуына зор үлес қосты. Қанында бар қасиет - тектілік атадан, бабадан жалғасады демекші, әкесі Суханберлі, оның әкесі Жалымбет, оның әкесі Еспенбет атақты суырып салма ақын болған. Нұртуған ақын Еспенбетті өзінің пірі санаған, үлгі алған. Сондықтан ақындардың тұқымы Ә.Суханбердиннің де талай басылымдарда өлеңдері басылып, «Сыр саңлақтары» кітабына өлеңдері енді.
Еңбек және соғыс ардагері 1999 жылы өмірден озды. Жанұясында 3 қыз, 1 ұл өсіп-өнді. Барлығы да - әке жолын қуған ұстаздар.
06 желтоқсан 2022 ж. 520 0